Accessibility links

Астанада Конституция күні атап өтілді


30 тамыз – Конституция күні Астанада мерекелік шаралар өтті. Қалалық мәдениет департаменті және Спорт және туризм департаментінің ұйымдастыруымен өткізіліп отырған мерекелік шара барысында концерт өтіп, спорт түрлерінен жасөспірімдер сынға түсті. Астана қалалық мәдениет департаментінің директоры Бекболат Байсағатов Конституцияға көңілі толатындығын мәлімдеді. «Қазақстанда тұратын 120 ұлттың басын қосатын Заң деп айтуға болады. «Көш жүре түзеледі» демекші, асығыс жасалған тұстар болған шығар, алайда барлығын дұрыс қабылдауымыз керек және еш өзгеріссіз осы қалпында қала бергені дұрыс», - деді.

Ал Астана қаласының тұрғыны Нұрбек Жақанов Конституцияға өзгерістер енгізген дұрыс деп есептейді. «Себебі халықтың тұрмысы бірдей емес, біреуінің тұрмысы жақсы, кейбіреуі нашар тұрады. Әркім әртүрлі дәрежеде өмір сүреді. Соған байланысты тиісті шешім қабылдау керек», - дейді.

Мерекелік іс-шара барысында жасөспірімдер спорт түрлерінен бақ сынауда. «Қазіргі кезде жастарды дайындап жатырмын. Алдағы уақытта Қазақстанның атын әлемге танытатындай чемпион дайындасам деген арманым бар», - деді спорттан былғары қолғап шеберлерін жаттықтырушы Қанбек Байғұлов.

Түрлі спорт үйірмелеріне қатысып жүрген жастардың арасында халықаралық олимпиада ойындарына қатысуды армандайтындар да бар екен. Айман Бекмұрзақызы тенниспен 2 жылдан бері айналысып жүргенін, 8 жылдан кейін олимпиада ойындарына қатысу жоспарында бар екендігін, өзінің әлі 5-ші сыныпта оқитынын айтты.

Ал Ізбасқан Көшкімбаев есімді азамат «Жас мемлекет болсақ та жылдан-жылға көркейіп, дамып келе жатырмыз. Қазақстан халқы аман болып, қорғанысымыз берік болсын. Заң болмаса ел болып қалыптасу мүмкін емес» деп есептейді.

Астана қалалық мәдениет департаментінің директоры Бекболат Байсағатов мерекелік бағдарлама түнгі сағат 11-де мерекелік отшашумен аяқталатынын айтты.
XS
SM
MD
LG