Accessibility links

Қазақстанда лаңкестік және діни-экстремистік ұйымдардың тізімі жасалынбақ


Сәрсенбі, қыркүйектің 1-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «біздің елімізде әлі лаңкестік, экстремистік бағыттағы ағымдар мен ұйымдардың толық тізбесі жасалған жоқ» деген пікір айтты. Осы ұстанымға, жалпы Қазақстандағы лаңкестік әрекеттердің алдын-алу шараларына қатысты мәселелерге Алматылық тілшіміз Нұрбол Ғабдылхамит ел саясаттанушылары мен қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізген болатын.

Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев «ресми түрде тізім бекітілмесе де, Қазақстандық полицейлер кейбір діни ұйымдарға қарсы күресті бастап кетті» деген пікір білдірді. Ал саясаттану ғылымдарының докторы Камал Бұрханов болса, «ондай әрекеттердің орын алуына Қазақстанда лаңкестік бағыттағы ұйымдардың түбегейлі зерттелмеуі себеп болып отыр» дейді.

Саясаттанушы, тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаевтың пікірінше, Қазақстанда діни экстремистік және лаңкестік бағыттағы ұйымдардың тізбесін жасайтын уақыт жетті. «Қызметтеріне тыйым салынған діни-экстремистік ұйымдардың тізімі көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінде ертеректен бар. Ресей Федерациясы мұндай тізімді өткен жылы бекітті. Қазақстанда осындай мазмұндағы тізбе арнайы дайындалып, үстіміздегі жылдың аяғына таман Жоғарғы сот қарауына тапсырылуы мүмкін. Өйткені, ішкі істер органы қызметкерлерінің осы мәселені көтеріп келе жатқанына да біраз уақыт болды» дейді саясаттанушы, тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев:

- Ел полицейлері бұл тізімді қабылдау қажет деп бірнеше рет талап білдірген болатын. Бұл тізім дайындалса, ішкі істер органының қызметкерлері лаңкестік және экстремистік бағыттағы ұйым мүшелерімен күрес жүргізуде біраз жетістіктерге қол жеткізер еді.

«Діни-экстремистік бағыттағы ұйымдардың арнайы тізімі болмаса да, Қазақстан үстіміздегі жылдың басынан бері бірсыпыра көршілес мемлекеттерде тыйым салынған «Хизб-Ут-Тахрир» ұйымына қатысты қатаң шараларды бастап кетті. Аталған тізім қабылданатын болса Қазақстанның «Хизб-Ут-Тахрир» ұйымының мүшелеріне деген көзқарасы одан сайын қатая түспек» дейді тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев. Ал саясаттану ғылымдарының докторы Камал Бұрханов: «ондай тізімді жасау жұмысына дін саласының, зиялы қауымның өкілдері, жалпы қоғам мүшелері жұмылдырылуы қажет. Сосын діни-экстремистік ұйымдар қызметіне жан-жақты зерттеу жүргізген жөн» деп отыр:

- Ол ұйымдарды есепке де алу керек, жан-жақты зерттеген де дұрыс. Өйткені қазір балаларымыз діни оқуларға Сауд Арабиясы, Иран, Пәкістан тағы да сол сияқты мемлекеттерге кетіп жатыр. Ал оларды сол мемлекеттерде қандай ағымдарға оқытып жатыр, нендей тәрбие беріп жатқанын біз білмейміз. Сосын олардың кейін елге оралып, қандай жұмыспен айналысатыны да белгісіз күйінде қалып отыр. Сондықтан есепке алған дұрыс. Мемлекет тарапынан бақылау жасалғаны да артық болмайды.

Ал дінтанушы-ғалым Мұртаза Бұлытай: «бүгінде терроризммен күрес деген ұранды желеу етіп, кейбір мемлекеттер жеке мүдделері тұрғысында жұмыс істеуде. Бұл ретте Ресейдегі шешен ұлтының, Қытайдағы ұйғыр ұлтының басындағы проблемаларды айналып өту мүмкін емес» деген ой айтты:

- Қазақстанға іштен, сырттан төніп тұрған ешқандай террорлық қауіп жоқ. Ал мына көршілес Ресейде, Федерациялық мемлекет болғандықтан, көптеген федерацияның субъектілері бар. Бүгінде солардың арасында мәселелер туындап жатыр. Дін мәселесі, этникалық мәселелер сияқты. Қытай да солай, Өзбекстан да солай. Меніңше, ешбір мемлекет террормен күрес жасап жатырмын деген сылтаумен адам құқықтарын таптауға болмайды.

Біз «Қазақстанда лаңкестік әрекеттер орын алмауы үшін қандай шаралар жасалынуы керек?» деген сауалмен Алматы жұртшылығына микрафон ұсынған едік:

- Менің ойымша, мына діни ағым, секталардың ісіне заң жүзінде шектеу қою керек. Түбегейлі құртып жіберуге тағы болмайды. Ол үшін дінге деген наным-сенімді жою қажет. Сондықтан оны тек заң жүзінде шектеу өойып, қатаң қадағалап тұру керек.

- Террорлық әрекет болмауы үшін елдің бәрі бейбіт өмір сүріп, айналаңдағы елдермен достық қарым-қатынас орнату керек.

- Ең алдымен басшыларымыз кедейлердің жағдайын ойласа, шет елден көп кісілерді жібермесе. Қазақстан халқы «Қазақстандықпын» деп осы біздегі ұлттық тәртіпті сақтаса. Ондай лаңкестік әрекеттер болмайды деп ойлаймын.

«Терроризммен күрес жолында тек қана полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге болмайды. Ол үшін кешенді шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Орталық Азия және Ресей федерациясының құзырлы органдары өзара байланысты нығайтып, жұмыс барысын үйлестіріп отыру керек. Сосын республика жұртшылығын тиісті деңгейде ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған абзал. Ең бастысы - біз терроршы, экстремист деген сөздердің мағынасын толық зерттеп, түсініп алуға тиіспіз» дейді саясаттанушы, тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев.
XS
SM
MD
LG