Қытай қазір Тибетте және Шығыс Түркістанда яки Шыңжан-Ұйғыр автономиялық республикасында қоныстандыру саясатын жүргізіп жатқаны белгілі. Яки Қытайдың орталық аймақтарынан қытай ұлтындағы халық көптеп көшіріліп жатыр. Қытай үкіметінің ресми деректеріне қарағанда, Тибетте қазір 2700 мың халық жасайды, оның 92 пайызы – тибеттіктер. Бірақ, Лондонда орналасқан Тибетті қолдау ұйымы бұған күмән келтіреді. Тибеттіктер қазір өз елінде ұлттық азшылыққа айналды, себебі қытай ұлтының қоныстанушылары көп келіп жатыр, дейді бұл ұйым. Тибет шекарасынан Тибет орталығы Лхасаға қарай Қытай үкіметі үлкен теміржол салып жатыр. 1140 шақырымға созылатын жолдың құны 2400 миллион доллар. Тибет - әлемнің ең биік аймақтарының бірі, 4 мың метр биіктіктегі бұл жолды Қытай үкіметі әлемдегі ең кедей аймақтардың бірін дамыту мақсатында салып жатырмыз дейді. Теміржол бойындағы бір көпір ел астанасындағы Потала сарайының дәл жанында, деп жазады тілшіміз Антуан Блуа. Потала сарайы – елден қуылған Дала Ламаның үйі.
Тибетті қолдау жөніндегі халықаралық ұйымның директоры Элисон Рейнолдос Тибет елінің діни еркіндігі шектеулі, тұрақсыз деп сипаттайды. Ал теміржол салу, тоспа салу, табиғи байлықтарды өндіру сияқты жобалар тек саяси бақылау орнатуды көздейді, дейді Элисон Рейнолдос:
- Бұл жобалардың барлығы саяси бақылауды орнату мақсатында қолға алынған. Ал Тибет халқы нақты мұқтаж ететін әлеуметтік бағыттағы жобаларды іздесеңіз Тибет елінің ешбір деңгейінде оларды таба алмайсыз.
Адам құқықтары мәселесі Қытайда, жалпы, өте күрделі екені аян. Франс пресс агенттігі 31 тамыз күні хабарлағандай, Пекинде наразылық танытқан екі әйел үш жыл қара жұмысқа кесілді. Ли Гюйнан және Уаң Ксиюжи деген 40-жасар әйелдер солтүстіктегі Ляонин провинциясын келіп, Қытай жүйесінде сыбайласқан жемқорлық тым көп деген тағы төрт әйелге қосылып, наразылық танытқан. Олар Қытай басшылары тұратын үйдің қарамақарсындағы алтықабат ғимараттың үстіне шығып алып, жерге секіріп өлеміз деп үрей айтқан. Полиция алты әйелді ақылға көндіріп, жерге түсіріп алдыда кейінен сотқа тапсырды. Франс пресс агенттігі Қытайда өзін өзі өртеп жіберу, биік үйлерден секіру сияқты наразылық таныту жолдары соңғы жылдары көбейіп кетті дейді.
Қытай терроризмге қарсы күрес науқанын алға тартып, тамыз айында Шыңжан-Ұйғыр автономиялық республикасында әскери ойындарды өткізді. Рейтерс агенттігінің 2 қыркүйектегі хабарына қарағанда, Лондонда орналасқан "Амнести интернешнл" ұйымы тамыз айындағы баяндамасында Қытай үкіметі терроризмді сылтаулатып жергілікті мұсылмандарды қинап жатыр деп айтады. Соңғы үш жылда Қытай үкіметі мыңдаған мұсылмандарды қамауға алды, біраз мешітті және кейбір діни мектептерді жапты терроризмге қарсы күресті сылтаулатып, дейді Рейтерс агенттігі.