Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09-03-2004


Алдағы сайлау қалай өтеді? Қандай партиялар жеңіске жетуі мүмкін? Электронды дауыс беру жүйесі қажет пе? Бұл сауалдар республикалық басылымдарда түрлі пікірлер мен жорамалдарға негіз болып отыр. Сондай-ақ президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев журналист Асхат Шәріпжановтың қазасы жайлы өз пікірін білдіріпті.

Қазір Шідерті тәртібі жеңілдетілген колонияда жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақиянов «Қазақстан» газетінде алдағы сайлаудың әділ өтетіндігіне күмән келтіретіндігін жеткізіпті.

Оның айтуынша, «біріншіден, сайлау электронды дауыс берумен өтпекші. Ал құрылған учаскелік комиссия дауысты санау үшін қажет пе? Негізі сайлау қоғам мен халықтың көзінше әділ өтуі тиіс», -дейді Жақиянов. Ол «қазір партиялардың насихат жұмысына біркелкі уақыт берілмей отыр»,- деп есептейді. Билік партиялары белгіленген мерзім басталмай-ақ өздері жарнамалап жіберді.

Бұл заңсыздық жалпы бұқараның көз алдында болып жатса да, билік көрмегенсіп отыр», - дейді Ғалымжан Жақиянов «Қазақстан» газетінде.



«Караван» апталығы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы сайлауды әділ, ашық және демократиялы өтуіне барлық жағдай жасалғаны жайлы айтқанын жеткізеді. Президент электронды дауыс беру жүйесін тек қана техникалық жағынан дайындығы мол аймақтарға енгізу қажеттігін, бұл орайда туындаған қоғамдық пікірді ескеруді тілге тиек етіпті.



«Эпоха» басылымында саясаткер Сейдахмет Құттықадам электронды дауыс беру жүйесі енсе, онда «Қазақстанда ешқандай өзгерістер күтуге болмайды» деп есептейді. «Ал егер бұл жүйе жекелеген аудандарда, яғни, демократтар күшті астана мен ірі қалаларда пайдаланылса, онда билік әділ күресе алмағандықтан, құйтырқы әдіске басып тұрғандығын көрсетеді», - дейді Сейдахмет Құттықадам.

Оның пікірінше, электронды дауыс беру жүйесі енгізіліп, кейбір партиялар оған бойкот жарияласа, онда «сайлау өзінің мәнісін жояды. Наразы көңіл күйдегі электорат дауыс беру мүмкіндігінен айырылып, сайлау жоққа шығарылады. Оны халық та, халықаралық қауымдастық та мойындамайтын болады», - дейді саясаткер Құттықадам.

Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев болса, «Литер» газетінде электронды дауыс беру жүйесі арқылы ақпараттар қоры даярланып, кім кімге дауыс бергенін анықтауға болады дегеннен көпшілік қауіптенетіндігін, алайда, бұл толық қисынсыз екендігін айтыпты. Оның пікірінше, дауыс беру жасырын түрде өтеді. Дегенмен, «бұл жүйемен қатар бұрынғы тәртіппен дауыс бергісі келгендер үшін қағаз бюллетеньдер пайдалануды қолдану керек» деген пікір білдіреді президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі.

Сонымен бірге ол өз сұқбатында болашақ парламент пен үкіметтің құрамы жөнінде кезекті болжамын жеткізеді. Оның айтуынша, партиялық тізім бойынша «Отан» партиясы парламентте 6 орын, «Асар» 4 орынды иемденуі мүмкін. Екінші нұсқа бойынша «Отан» 5 орынды, «Асар» - 3, «Ақ жол» мен Азаматтық-аграрлы партиялар блогы бір-бір орыннан алуы ықтимал деп есептейді президенттің кеңесшісі. Ол «парламент үкімет құрамын белгілейтін күн алыс, әзірге үміткерлерді тек президент анықтайды» деген пікірде. «Үкімет мүшелегіне үміткерлердің партиялық жағы ескеріледі, бірақ анықтаушы қызмет атқармайды», - дейді президент кеңесшісі.

Ол өзінің «Отан» партиясы сайлауда жеңіп шығып, парламентте басым орын алуы үшін өзінің ақпарат құралдарындағы түсіндірмелерін әдейі жасайтынын мәлімепті.

Сондай-ақ Ертісбаев мырза журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына орай өз пікірін білдіріпті. Оның айтуынша, былтырғы жылы мыңдаған адам жол апатынан қаза болды. Сондықтан, Асхат қайғылы жағдайға ұшырады», - дейді Ермұхамет Ертісбаев. Оның сөзіне қарағанда, «Навигатор» интернет-газеті оның Асхат Шәріпжановпен жазысқан жеке хаттарын жариялап, соның негізінде журналистке жоғары лауазымды шенеунік қоққан-лоқы көрсеткен деген түйін жасаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG