“Құрметті қоғамдық тәртіп сақшылары! Конституцияға қарсы келетіндей плакаттарды тартып алып, оны көрсетуга тиым салатындай онда не жазылған? Заңға қайшы келетіндей кім не істеді? Осыны түсіндіріңдерші” деген сауалына жауап болмады. Плакаттарды тартып алған полиция қызметкерлері Гүлжан Ергалиевамен оның қолдаушыларын кері итеріп, ешкімнің “Хабар” агенттігі жаққа өтпейтіндігін ескертті. “Мен Парламент депутатығына кандидатпын, мен заң бұздым ба? Біздің заңгерімізге түсіндіріңдер” деп кандидаттық куәлігін көрсеткен Гүлжан Ерғалиева алға озды. Ол:
-Сіздер қазір біздің талабымыздан Дариға Назарбаеваны, соның тапсырысымен оның жанұялық меншігін қорғап отырсыңдар ма? Бүгінгі күні “Хабар” агенттігінің аумағын қорғауға кімнен бұйрық, кімнен тапсырма алдыңдар?” деді.
Полиция қызметкерлері жиналғандардан қоғамдық тәртіпті сақтауды талап етіп, “Хабар” агенттігінен 500 метр жерде Президент Назарбаев чех президентімен кездесу өткізіп жатқандығын айтты. Арада 5-10 минут өткенде “Хабар” агенттігінің алдына бір автобус ОМОН жасақтары жеткізіліп жиналған халықты қоршап алды. Жан-жақтан дабылдатқан полиция қызметкерлерінің көліктері де көбейе түсті.
Гүлжан Ерғалиева: “бүгінгі таңда Дариға Назарбаева сайлау алдында “Асар” партиясының үгіт-насихаттық жұмыстарына мемлекеттік телеарна эфирін заңсыз пайдаланып отыр. “Хабар” және “Еуразия” арналарындағы 2,5 айдан бергі үгіт-насихаттық жұмыстарына 10 млн. доллардан астам мемлекет қаржысын жұмсады. Ал заң бойынша партиялардың телеарналардағы үгіт насихатына жарты миллион доллар ақша жұмсалу керек. Дариға Назарбаева өз партиясы үшін жұмсаған ақша есебінен мемлекеттік телеарналарда басқа саяси партияларға үгіт жүргізуге немесе кең көлемдегі теледебат өткізуге мүмкіншілік берсін. Осы мазмұндағы хатымызды кеше электронды пошта арқылы Дариға Назарбаеваға жолдағанбыз. Ал бүгін осы талаптарымызды бейбіт түрде жазбаша хатпен тапсыру болатын”, дейді. Алайда бұл хатты қабылдап алуға “Хабар” агенттігінен ешкімнің төбесі көрінген жоқ. Осы хатын тапсырмаққа “Хабар” агеттінінің ғимаратына жақындаған Гүлжан Ергалиева тағы да ішке жіберілмеді. Хатты есік алдынан “Хабар” агенттігінің ішкі қауіпсіздік қызметінің бастығы Сергей Вахонин қабылдап алды.
Өз кандидаттарын қолдап, “ҚКП-ҚДТ” оппозициялық блогының атауы жазылған ақ футболка киген 30 шақты адамды ОМОН жасақтары “заңсыз митингі өткіздіңдер” деп қуып жүріп ұстап, алып кетті. Гүлжан Ерғалиева ОМОН жасақтары ұстап алып кеткен 17 қолдаушыларының Бостандық аудандық Ішкі істер бөлімшесіне жеткізілгендігін айтты.