Accessibility links

Талдаушылар террормен күресте жеңіске жету- шыдамдылық пен байыптылықты талап етеді дейді


Террор қаупі көптеген елдердің өмірі мен болашағына өзіндік әсер-ықпал етуде. Осыдан үш жыл бұрын, 2001 жылдың 11 қыркүйегінде, 3 мыңдай адамның өмірін алып кеткен АҚШ-қа жасалған террорлық шабуылдардан кейін мұндай қауіп-қатер күшейе түсті. Бір күнде мыңдаған адам опат болған жантүршігерлік жайттан соң әлем елдерінің үкіметтері Әл-қаида және басқа да террорлық топтарға қарсы күрес коалициясына бірікті. "9/11 және террорға қарсы күрес" деген тізбекті хабарлардың бұл үшінші бөлімінде Азаттық радиосының тілшісі террорлық топтарға қарсы коалицияның атқарған істері мен күресте жеңіп шығу үшін әлі де атқарылар істер қандай дегенге тоқталады.

Америкаға жасалған 11 қыркүйек шабуылы террордың қаржыландырылу көзі бар, ұйымдасқан жаудың соғыс күші екенін айқындап берді. Әл-қаида деп аталатын ол жау біржолата жойылған жоқ, оның жетекшісі Осама бин Ладеннің де көзі тірі. Десек те, соңғы үш жылда аталған топ талай террорлық шабуылдарға барса да, 11 қыркүйек шабуылының масштабына жете алмады. Оның есесіне террор соғысы жүздеген адамдардың өмірін алып кетіп жатқан бомбалық жарылыстар мен қарулы қақтығыстармен жалғасуда.

Магнус Рансторп- Шотландиядағы қасиетті Эндрюс университеті террорлық және саяси қақтығыстарды зерттеу орталығының директоры, ол террорға қарсы күрeстегі табыс, атап айтқанда, іздестіру тексеру жұмыстарының жетілгендігінен дегенді айтады: -Менің ойымша 11 қыркүйектен кейін АҚШ-та ең кемінде террорға қарсы күрес тиімді жүргізіле бастады. Ол ғаламдық коалицияға ұласты. Бізде 90-нан астам, шамамен 100-ге тарта елдің ақпарат деректері жинақталады.

Зерттеу, іздестіру жұмыстарының нәтижесінде биылғы жылы Біріккен Араб Эмираттары мен Пәкістанда Әл-қаиданың басшы адамдары деп күдіктелгендер ұсталды. Бұл сондай-ақ террорлық топтардың қаржыландыру көздерін тауып, оларға тосқауыл қоюға мүмкіндік берді. Дегенмен де Ранстроптың айтуынша, террорлық топтар да қысым көрсете алатындай табыстарға жетіп жүр. Олар енді көп ақшаны, көп күшті қажет етпейтін шағын көлемдегі қадамдарға баруды тактикалық жолдың бірі ретінде таңдаған:

-Шағын террорлық шабуылдар тероршылар үшін аса қымбатқа түсе қоймайды. Мадридтегі ұйымның иелігінде 34 мыңдай евро болған. Біз мұнда өте қомақты қаржы туралы айтып отырған жоқпыз және мұндай ақшалар заңсыз жолмен өте жеңіл табылып, соншалықты оңай жұмсалады. Оларды қаржылық тексеру органдарының бақылап, дәлелдейтіндей мүмкіндіктері болмайды.

Сарапшылар террормен күресте жеңіске жету үшін жылдар, тіпті ондаған жылдар қажет болады, бұл ретте 11 қыркүйектен кейінгі қырағылық, полицияның мүқият тексерулері, ақпарат-мәліметтерді жинақтау, қауіпсіздікті күшейту шаралары маңызды дейді.

Алайда сарапшылардың енді бірі бұл шаралар да жеткіліксіз дегенді айтады. Олар жаңа шабуылдарды болдырмай, оған тосқауыл қою бұл істің тек жартысы ғана дейді. Оның келесі жартысы- террорлық топтардың түп-тамырын, негізін жою дегенді айтады. Лондонда жарық көретін Әл-хаят басылымының саяси шолушысы Хазим Саги террормен күресуші мемлекеттер Әл-қаида сияқты ұйымдарға қарсы күрес жүргізуі қажет деп есептейді.

-Атқарылуға тиісті шаралар тек террормен күресіп қана қоймай, орташалар үшін ағартушылық бағыттағы жағымды істерді де жүргізу қажет,-деген ол Батыс мұсылман әлемін алдыңғы қатарлы күн тәртібімен жігерлендіруі тиіс деп атап көрсетеді:

-Сіздер Таяу шығыс пен үшінші әлем елдеріндегі өз елі мен қоғамының Батысқа ұқсас болғанын қалайтындарды ояту үшін, көп жақсылықтарға кепілдік беретін қадамдарға баруларыңыз, сондай күн тәртібін қалыптастыруларыңыз керек,-дейді саяси шолушы.

Биылғы жылы террорға қарсы соғыстың мұндай күш-жігерлерді қамти алғандығының да белгілері байқалып қалды. Маусым айында Үлкен сегіздік елдерінің саммиті Таяу шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің саяси, экономикалық және алеуметтік реформаларына қолдау көрсететін "Алға басу және ортақ болашақ серіктестігін" құрды.

Террор талдаушысы Магнус Ранстроп террорға қарсы күрестегі жеңістің мәнісі- адамдардың қауіпсзідігінің қамтамасыз етіліп, сақталуы, олардың әлеуметтік құндылықтарының бағалануы дейді. Кез келген тұрақсыздық болашақта алдымызға жаңа проблемаларды көлденең тартатын болады деп атап көрсетеді сарапшы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG