Accessibility links

Лаңкестік әрекеттерге қарсы күресте алдын-алу шараларын қолданатындығын Ресей жариялап отыр


: Лаңкестік әрекеттерге қарсы күресте алдын-алу шараларын қолданатындығын Ресей жариялап отыр. Ресейдің Бас штабы басшысы жариялаған мәлімдемеде әлемнің кез-келген нүктесінде орналасқан лаңкестер базасына шабуыл жасайтындығы айтылған. Бұл мәлімдеме Бeсландағы 300 адамның өмірін қиған жағдайдан кейін жасалды.

Ресей бас штабының басшысы, генерал Юри Балиевский алдын орау шабуылдары жөнінде былай деген болатын: “Кез-келген аймақта болуы мүмкі лаңкестердің базаларын ең ілкі сәтінен-ақ жою үшін біз барлық шараларды қолданатын боламыз. Бұл айтып отырғаным, біз ядролық шабуыл жасаймыз деген сөз емес. Әрекеттер түрі жағдайға қарай таңдалып алынатын болады”-, деді генерал. Бұл мәлімдемені Балиевский мырза НАТО-ның әскери қолбасшысы Жеймс Жонспен кездесуден кейін жасаған болатын. НАТО ресми өкілдері бұған орай түсініктеме жасаудан бас тартты. Генералдың аталған сөзі Ресей Әскери ресми доктринасына сүйеніп айтылып отыр. Ол доктрина бойынша елдің қауіпсіздігі қатер астында қалған жағдайда алдын орау шабуылдарына рұқсат беріледі. Ол сондай-ақ, елдің одан әрі өмір сүруі сұрақ астында қалған жағдайда ядролық қаруларды қолдануға да рұқсат береді. Сарапшылардың пікірінше, Ресей әскери тактикасында айтарлықтай өзгерістер бола қоймас. Себебі, Ресей әскери өкілдері мұндай мәлімдемені бірінші рет жасап отырған жоқ. Ресей әскери сарапшысы Александр Гольцтың айтуынша, 2002-ші жылы елбасы Путин алдын орау шабуылына дайындыққа бұйрық берген болатын. Содан бергі аралықта бұл саясат бірнеше мәрте қайталанумен келеді. Шешенстандағы соғыс барысында орыс әскерінің әлсіздігі көрініп қалды, дейді сарапшы Гольц: “Сыртқы елдердің қай бұрышында террорлық базалардың орналасқандығын ешкім білмейді. Алайда, Шешенстан жерінде терроршылар базасының бар екендігі әркімге-ақ белгілі. Бірақ алдын орау шараларын жүзеге асыруға бірнәрсе кедергі болуда,-“ дейді ол. Солтүстік Осетияда орын алған жағдайға байланысты Ресей әскерилері қандайда бір жауап қайтаруы тиіс. Алайда, Балиевскийдің мәлімдемелері сияқты қадамдар Ресейдің әлсіздігін көрсетеді, дейді сарапшылар. Дей тұрғанмен, Ресей генералының бұл мәлімдемесіне кейбір Батыс елдері оң қабақ танытып, “мұндай шешімге бару себептерін түсінуге болады”, “лаңкестік әрекеттерге қарсы күрес әлемдік қауымдастық үшін маңызды” деген пікірлер білдіруде. АҚШ елбасы Буш лаңкестік әрекеттерге қарсы соғысты жариялаған кезде алдын орау шабуылдарына байланысты осыған ұқсас саясатты ресми Уашингтон да ұстанған болатын. Дәл осындай қадамдар Израйльге де тиесілі болуда. Халықаралық дәрежедегі мұндай жаңа саяси бағдарлар кейбір елдер үшін қолайсыздық туындатуда-, дейді мақала ауторы, Азаттық радиосының тілшісі Валентинас Мите. Мысалы, Түркия өкімет басшысы Режеп Тайіп Ердоған сәрсенбі күні сөйлеген сөзінде “қаншалықты дәрежеде күштілігіне қарамастан ешқандай елге террорлық әрекеттерге қарсы күресте бір жақты шешім қабылдауға хұқық берілмейді”-, деді. Лондонда орналасқан Ресей және Еуразия бағдарламасы басшысы Рой Алисонның айтуынша алдын орау шабуылдарына байланысты саясат халықаралық заңдарға қайшы келеді. Сондай-ақ БҰҰ үшін үлкен проблемалар туындатуда. Оның пікірінше, өткен тарихта орын алған алдын орау шабуылдары ешқашан тиімді болған емес.
XS
SM
MD
LG