Accessibility links

Батыс елдерінде мұсылмандар расында да қорлана ма?


2001 жылғы 11 қыркүйектің террорлық шабуылдарынан соң Батыс Еуропада және Америка Құрама Штаттарында жасайтын мұсылман қауымдастықтары салқындыққа тап болды. Осы аптада Брюсселде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қамқорлығымен өткен арнаулы конференцияда мәселе осылайша ортаға салынды. Батыс елдерінде тұратын мұсылман иммигранттарының арасында ридикалды ойлардың пайда болғанына батыс қауымдастығының өзі де септігін тигізді деген пікір айтылды.

Діни төзімділігі мәселесіне арналған конференцияда мұсылман қауымдастықтарының өмірін бақылап жүрген мамандар сөйлеп, батыс елдерінің ішіндегі кейбір қоғамдық көріністердің шеңберін белгіледі. Ең маңызды түйіннің бірі – батыс мемлекеттері өз елдеріндегі мұсылман қауымдастықтарымен қарым-қатынастарын басқару жайында өміршең стратегияны таппаған деп айтылды. Мысалы, Стамбулда орналасқан Білгі университетінің профессоры Айхан Қая "9/11 шабуылдары", яғни тоғызыншы ай он бірінші күні орын алған террорлық шабуылдар Батыс Еуропа елдерінің көпшілігіндегі иммигрант мұсылмандардың төңірегіндегі мәселелерді одан сайын шатастырды дейді. Германияда тұратын түрік иммигранттары тұрмысының зерттеулері исламның радикалдануы жүйелі мәселелерден пайда болғанын көрсетті делінді. Мәселенің тамырында кедейшілік, саяси және азаматтық құқықтардың тапталуы және ксенофобия жатыр, дейді Айхан Қая:

- Парламент сияқты заңды саяси институттарда мұсылмандар өз өкілеттіктерін атқара алмайтын елдерде исламшыл өрлеу күрделенеді деген тұжырымға келдік.

Еуропа елдерінде 15-20 миллион арасында мұсылман жасайды. Осы тұрғыдан қарағанда, Италияда орналасқан Триесте университетінің профессоры Халед Фауам Аллам Еуропа өз мұсылман отандастарымен қатынасын қалай құрмақ деген негізгі сауалға әлі жауап тапқан жоқ дейді. Ислам әлемімен қатынас қай жолға қойылады, Түркия Еуропа Одағына қабыладана ма, жоқ па деген сауалдар жауаптарының нәтижесі терең болмақ, дейді Халед Фауам Аллам. Сарапшылар Франция мен Германияның қызметін сынап, Америка Құрама Штаттары және Британия сияқты елдердің айырмашылығын алға тартты, "ағылшын-саксон" жүйесін ұстанған бұл елдерде мұсылмандардың қоғамдық құқықтары іске асырылады, мұқият бақылау алынып тасталған.

Америка Құрама Штаттарының азаматтығына өткен бұрынғы ирақтық маман, Мичиган университетінің медицина профессоры Маха Хұсейн дүниежүзінің мұсылмандары екі ұдайы қысым көріп келеді деді. Мұсылмандар өз елдерінде саяси құқықтарынан айырылып, экономикалық мүмкіндіктерінен шеттетіліп, АҚШ-қа не болмаса Батыс Еуропаға қашып келсе мында тағы қорлыққа тап болады, дейді Маха Хұсейн:

- Араб азаматтары, мұсылман азаматтар Батыс Еуропаға келсе – "сендер қоғам қалдықтарысыңдар" дегенге тап болады, бұл олардың бар үмітін үзеді. Бізде адам баласымыз, бізде кеудеге намысты мол ұялатып өскенбіз. Ал әлгіндей жағдай орын алып жатса бұл өте жантүршігерлік нәрсе.

Еуропаның қатаң дәстүрлері мұсылман эмигранттарын шеттетіп отыр дейді Маха Хұсейн. Мысал ретінде Франция мектептерінде діни белгілерді тағуға тиым салынғаны айтылды, кейбір елдердің үкіметтері мешіттердің басқаруына қол сұғады деп айтылды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG