Accessibility links

«Нави» интернет-газеті құқық қорғау орындарына шағымданбақшы


Домендерді тіркеумен айналысатын ұйымының сайтына кіріп, кездейсоқ онда «Нави.kz» атауы Семей қаласында тұратын Колосов деген біреудің атына тіркелгенін көрдім, - дейді «Нави» интернет-газетінің бас редакторы Юрий Мизинов «Азаттық» радиосына жұма күні. Бұған дейін «нави.кz» атауы Мизиновтың атына тіркелген. - Сөйтіп, беймәлім «Колосов деген азамат электрондық құйтырқы жолдармен «Нави.кз» домен атауын өзінің атына тіркеп алыпты. Айтқандай-ақ, домендерді электронды жолмен тіркейтін «Казник» ұйымының сайтына «Нави.кz» доменінің семейлік Виктор Колосовтың атында екендігі айқын көрсетілген. Алайда, онда Колосовтың телефоны деп берілген нөмір бойынша қоңырау шалғанымызда, ешкім жауап берген жоқ.

Сондай-ақ сайтта Виктор Колосовтың «Нави.kz» атауын өзіне биылғы жылдың шілде айының 11-де аударғаны көрсетілген. - Бұл біздің шілденің 8-де жазғы демалысқа шыққан кезімізден кейін іле-шала болған оқиға. Яғни, олар осы мезетте жалған «Франгейт», жалған «Ассанди таймс» сияқты жалған «Нави» интернет-газетін шығармақшы болған», - деп топшылайды Юрий Мизинов.

Алайда, дәл осы уақыт аралығында осы газет тілшісі Асхат Шәріпжанов кенеттен қайтыс болады. - Сол себептен, жағдайды ушықтырып, бір ақпарат құралына екі бірдей соққы жасамау үшін мұны жоспарлағандар өз ойларын жүзеге асыруды кейінге қалдырған дейді «Нави» интернет-газетінің бас редакторы.

Жалпы «Нави» интернет-газетіне қатысты қысымның бұған дейін де бірнеше мәрте болғанын тілге тиек етеді халықаралық «Әділ сөз» ұйымының қызметкері Ғалия Әженова: - Оны біз өз мониторингімізде көрсеткенбіз. Олардың материалдарын оқу үшін былай да кедергені жасалғаны мәлім... Ол «Нави» интернет-газетінің доменін белгісіз азматтың өз атына тіркеп алуының себебін былай көресетеді: - Демократия, сөз бостандығы үшін күресетін адамдар, бұқаралық ақпарат құралдары өздері жаңа технологияларға жүгінетін болса, сол арқылы өздерінің жаңалықтары, ақпараттарын таратса, олармен күресетіндер де өздерінің технологияларын жоғарлатып, биіктетіп жібермей ме? Сол себепті, осылармен күресу үшін жасалып отырған әрекет шығар...

Юрий Мизинов түсініксіз жағдайдың пайда болуының себебі домендерді тіркейтін ұйымның сайты өте нашар қорғалғандығынан деп есептейді. - Домендерді тіркеу, оны жойып жіберу сияқты әрекеттер жасау үшін бар-жоғы белгілі-бір нақты электронды мекен-жайдан хат жазу керек. Ал жалған мекен-жайды ортаң қол хакерлер жасай алады.

Ал «Нави.кз» тіркелген Семей қаласындағы «Казник» ұйымына хабарласқанымызда, клиенттермен жұмыс істеу менеджері Рита Джанризида әзірге бұл мәселе шешіліп жатыр, тек содан кейін ғана оның мәнісі анық болады дегенді айтты. Әзірге «Нави» интернет-газеті кез-келген уақытта жұмысын тоқтатуы мүмкін, сол себептен біз барлық құқық орғау орындарына, сотқа шағым-арыз әзірлеп жатырмыз дейді басылымның бас редакторы Юрий Мизинов.
XS
SM
MD
LG