Accessibility links

Ақтауда ашық аспан астындағы тарихи-археологиялық мұражай ашылады


Ақтау қаласында Алты құлаш әулие мазары маңынан ашық аспан астындағы тарихи-археологиялық ескерткiштердiң мұражайы ашылмақ.

Қазақстандағы «Мәдени мұра» бағдарламасына орай осы мақсатқа 280 миллион теңге көзделiп отыр. Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Серiк Еңсегеновтың айтуынша, бұған дейiн аталмыш облыста тарихи-мәдени ескерткiштердi қорғайтын инспекция да болмаған көрiнедi. Ресми құжаттарда сегiз мыңға жуық ескерткiштер бар делiнедi. Қазақстанның ұлттық мұражайының директоры Марат Сенбиннiң айтуынша, мұның барлығын жүйелеп, жинастыру қыруар еңбектi ғана емес, мол қаржыны қажет етедi. Бұған шетелдiк компанияларды да тарту көзделiп отыр. “Мұнай көп жерде талас көп. Оны тарихтан көрiп отырмыз. Сондай талас тартыстардан құтқарып қалатын нәрсе - ортақ мәдениет. Каспий бойын мекендеген халықтардың ортақ мәдениетi, мұралары бiр-бiрiмен қарым-қатысы мықты болғандығын “Каспий: мұнай-мәдениет “ экспедициясы көрсеттi.,-” дейдi Қазақстанның Ұлттық мұражайы директорының орынбасары Марат Сенбин.

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Серiк Еңсегеновтың айтуынша, осы өңiрде шамамен он мыңға тарта тарихи-археологиялық ескерткiштер бар көрiнедi. Оларды жинастырып, қайта тiркеп, қорғайтын инспекция бұған дейiн болмаған. Оның өзiн 2005 жылдың қаңтарынан бастап ашу көзделуде.

“Қазақстандағы тарихи-археологиялық ескерткiштердiң жартысынан көбi Маңғыстау түбегiнде деп есептеледi. Оларды жүйелеу, зерттеу жұмыстарына баса назар аудару қажет. Сондықтан, осы аймақтың Атырау, Маңғыстау, Астрахан облыстарына “Қазмұнайгаз” Ұлттық компаниясы ұйымдастырған экспедиция да сол жұмыстарға бастамашы болды,-“ дейдi тарих ғылымдарының докторы Өмiрзақ Озғанбай.

“Облыс өңiрiндегi ескерткiштер мен әулиелi орындар шашыраңқы орналасқан. Оның басына баруға жұртшылықтың мүмкiндiгi жоқ. Сондықтан, Ақтаудағы Алты құлаш әулие ата мазары жанынан 4 гектар жер алып, аспан астындағы мұражай ашпақпыз. Оған республикалық бюджеттен 280 миллион теңге бөлiндi”,- дейдi Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Серiк Еңсегенов.

Ақтаудың археологиялық қорығының директоры Андрей Астафьевтiң айтуынша, мұражай жанынан ұлутас пен түрлi асылтастардың шеберханасы, ескерткiштердi қалпына келтiру цехтары ашылатын болады.
XS
SM
MD
LG