Accessibility links

Алматы облысында героиннен уланған 5 адам көз жұмған, тағы 7 адам ауруханада жатыр


Алматы облысы Текелі қаласындағы орталық аудандық аурухананың реаниматолог-дәрігері Александр Епанченко қыркүйектің 20-сы күні 7 адам ауруханаға есірткінің күшті түрі героинмен уланған деген диагнозбен түсті, қазір олар психатриялық бөлімде емделіп жатыр деген мәлімет берді.

- 7 адамға да героиннен уланған деген диагноз қойылды. Қазір олар психатриялық бөлімде жатыр.

Текелі қаласының орталық аудандық ауруханасының дәрігері Александр Епанченконың айтуынша олардан бұрын осы қалада уланып өлген 5 адамның қазасы да героиннен болған. -

Олардың алдында өлген 5 адамның қанын тексергенде олардың да героиннен уланғанын анықтадық.

Героиннен уланып өлген 5 адамның бәрі қыркүйектің 19-ы күні өлген. Осы 5 адамның өліміне себепші болған героиннің қайдан шыққандығы туралы ақпараттың бар-жоқтығы туралы сұрағымызға, Текелі қалалық ішкі істер бөлімі бастығының оперативті жұмыстар жөніндегі орынбасары Олег Цой телефон арқылы еш мәлімет бермейтінін айтты.

- Мұндай мәліметтерді телефон арқылы бере алмаймын. Кешіріңіз менің телефонмен сөйлесуге уақытым жоқ.

Аталған мәселеге байланысты Текелі қалалық прокуратурасына хабарласқанымызда, өзін бізге Текелі қаласы прокурорының көмекшісі Азаматова деп таныстырған азаматша: прокурордың жоқ екендігін айтып, сондықтан бұл туралы еш мәлімет бере алмаймын деді.

-

Мен сізге басшылықтың рұқсатынсыз, ешқандай мәлімет бере алмаймын. Облысқа хабарласыңыз, облыс сізге мәлімет берсе..

Алматы облыстық Ішкі Істер Бас Басқармасының тергеу басқармасының бастығы Марат Болысбековке хабарласқанымызда, ол кісі, өз басқармасының бұл іспен айналысып жатпағанын жеткізді. -

Ол жерде ешқандай қылмыс жоқ. Сондықтан біздің басқарма ол спен айналыспайды.

Осыған ұқсас оқиға Алматы облысының келесі бір ауданы Ескелді ауданында да болған. Мұнда дүйсенбі күні, денелерінде жарақаттың белгілері жоқ екі адамның мәйіті табылған. Ескелді аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу басқармасының бастығы Тұрсынбек Дауытқұлов әзірге бұл екі адамның өлімінің себебін сот-медициналық сараптама қызметі анықтап жатыр деп мәлімет берді.

- Сот-медициналық сараптама жұмыс жүргізуде. Сондықтан әзірге біз ештеңе айта алмаймыз.

Ескелді аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу басқармасының бастығы Тұрсынбек Дауытқұлов қайтыс болған адамдардың нашақорлар болған деген күдік бар деп отыр.

- Екеуі де Ескелді ауданының тұрғындары. Оның бірі еш жерде жұмыс істемейді, ал екіншісі бұрын сотталған.

Алматы облысында бір топ адамдардың есірткі заттарынан жаппай улану оқиғасы бірінші рет кездесіп отыр дейді ішкі істер қызметкерлері. Егер сот медицина сараптау қызметі Ескелді ауданындағы екі адамның өлімі де героиннен болғанын растаса, онда бұл істердің бәрі, бір қылмыстық іс ретінде тексерілуі мүмкін.
XS
SM
MD
LG