Accessibility links

Сайлауды әділетсіз өтті деген “КП-ҚДТ” оппозициялық одағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен отставкаға кетуін талап етпекші


Қыркүйектің 21-і күні Алматыда “КП-ҚДТ” оппозициялық одағының өкілдері 19 қыркүйектегі сайлаудың халықаралық талаптар мен ҚР ішкі заңдарын дөрекі бұзушылықпен өткендігін мәлімдеді.

“КП-ҚДТ” оппозициялық одағы жетекшілерінің бірі - Серікболсын Әбділдин: “Барлық деңгейдегі бақылаушылардың сайлау компаниясының соңғы кезеңінде байқаған заңсыздықтары өткен сайлауды ашық әрі әділетті санауға болмайтындығын көрсетті. Сайлау уақытында оппозициялық кандидаттардың құқын бұзу мен бұрмалаушылықтар округтерде ұйымдасқан түрде жүргізілді”, деді. Ал Асылбек Қожахметов: “Оппозициялық одақ ҚР жоғарғы сотынан әділетсіз сайлау өткізуге қатысы бар барлық адамдарды, президент әкімшілігінің жетекшісін, Орталық сайлау комиссиясының төрайымынан бастап, барлық деңгейдегі әкімдерге дейін жауапқа тартуды талап етеміз. Барлық саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерін, әділтсіздікпен өткен сайлауға қоғамдық және заңды бағасын беру үшін азаматтық тыңдау өткізуге шақырамыз”, деді.

Серікболсын Әбділдин болса, ҚР Конституциясының 40 бабын ұдайы бұзып келе жатқан “сайлауды әділ өткіземіз” деген өз уәдесін өзі орындамаған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етеміз, деді. Сондай-ақ олар Қазақстан Республикасы президентіне сенімсіздік білдіру жөніндегі жалпыұлттық референдум өткізуге дайындық жұмыстарын бастайтындықтарын жеткізді. Ал “Руханият” партиясының өкілі Анатолий Волков: “Сайлау науқанына Түркия, Тайланд, Үндістан елдерінен келген бақылаушылар әділ бағасын берді. Сайлау ашық өтті”, деген пікірін білдірді. Осы пікірді қолдаған тәуелсіз “Ашық қоғам” қорының өкілі Игорь Кузнецов та сайлаудың өз деңгейінде сәтті өткенін жеткізді. Ол билікте, оппозицияда өздеріне берілген мүмкіндікті толық пайдаланды, деді.
XS
SM
MD
LG