Accessibility links

ЕуроКомиссияның қатаң ескертуіне қарамастан, дүйсенбі күні Түркия өзінің қылмыстық кодексін реформалауды жоспарламайтынын хабарлады


Анкараның қылмыстық кодексті реформалау ісін кешеуілдетуі, Түркияның баспасөз беттерінде атап көрсетілгендей, ЕуроОдақ пен Реджеп Тайып Эрдоган бастаған Түркия үкіметінің арасында “сенім дағдарысын” туғызды. Екі ортадағы дау-дамай зинақорлықты заңнан тыс жариялап, оған қарсы қылмыстық жаза қолдану туралы бапты енгізу жобасын жариялаған осы айдың басында шықты. Зинақорлыққа қарсы қылмыстық жаза қолдану бабын Конституциялық Сот осыдан 8 жыл бұрын қылмыстық кодекстен шығарып тастаған болатын. Билік басында болған исламдық партияның ұсынысымен жойылған осы бап Түркияның қылмыстық кодексін жетілдіру мақсатында дайындалған заң жобасына қайта енгізілді.

Бұл реформа, ЕуроОдақтың пікірінше, жеке азаматтың бас бостандығын кеңейтуге бағытталған. Бірақ зинақорлық туралы бапқа сырттан да, ел ішінен айтылған көп сынға байланысты өткен сенбі күні түрік үкіметі бүкіл реформаторлық заң жобасын парламенттен кейін қайтарып алды да, осы әрекеті үшін енді Брюссельдің наразылығына тап болды. Дүйсенбі күні ЕуроКомиссияның өкілі Жан-Кристофф Флори: “Егер Түркияның жаңа қылмыстық кодексі 6 қазанға қарай қабылданбаса, ЕуроКомиссия Анкарамен келіссөзін бастамайтынын тағы да ескертеді”, -деп мәлімдеді. Ол ЕуроОдақты кеңейту мәселесі бойынша арнаулы өкіл Гюнтер Верхойгеннің өткен аптаның соңында айтқанын сөзбе-сөз қайталады.

2 аптадан кейін ЕуроОдақ Комиссиясы Түркияның келіссөзге дайындығын талдау үшін бас қосады деп күтілуде. Түркияның дайындығы оң бағаланған жағдайда, ЕуроКомиссия ЕуроОдақ лидерлеріне Анкарамен желтоқсан айында кездескенінде келіссөздің мерзімін талқылауды ұсынбақшы. Алайда Түркияның өзі ЕуроОдақтың қысымына көнетіні жайында әзірше сыр білдірмей отыр.

Түркияның билік басындағы Әділет және Даму партиясының мүшелері сейсенбі күні қылмыстық кодекстің проблемаларын талдау үшін Анкарада бас қосты. Оның артынша, “Анадолы” агенттігінің хабарлауына қарағанда, Реджеп Тайып Эрдоган осы аптада Еуропарламент лидерлерімен және Гюнтер Верхойгенмен Брюссельде кездесуі кезінде партияның ұстанымын қолдайтынын мәлімдеген. Эрдоганның үкіметі партияның “зинақорлықты заңнан тыс жариялау – отбасыларын қорғап, әйелдердің құқын нығайтуға негіз болар еді” деген ұстанымын қолдап отыр. Қоғамдық сауалнаманың нәтижесі көрсетіп отырғандай, түрік әйелдерінің басым көпшілігі, әсіресе Стамбұл мен Анкарада, қылмыстық кодекске ұсынылған реформаға қарсы. Өткен жұмада жүздеген түрік әйелі Түркияның Ұлттық Жиналысы – парламенттің алдында Эрдоган үкіметінің исламдық кертартпа заңды зайырлы Түркияның заңнамасына қоспақ ниетіне қарсы наразылық шарасын өткізді. Осы проблема бойынша үкіметті түрік парламентіндегі оппозиция лидерлері мен Түркияның маңдайалды баспасөзі де сынап отыр.

Дүйсенбіде болған үкімет мәжілісінен соң шыққан бойда Түркияның әділет министрі Жемил Чичек журналистерге: қылмыстық кодексті реформалауға деген үкіметтің көзқарасы көптен мәлім, оған қосатын “жаңа ештеңе жоқ”, -деп мәлімдеді. Оның атап көрсетуінше, Түркияның ЕуроОдаққа қабылдануы мәселе бойынша Брюссельмен келіссөзді үкімет мейлінше ертерек бастауға ұмтылады. Бірақ үкімет ел іші мен ел сыртындағы проблемалардың тепе-теңдігін де сақтай білуге тиіс.
XS
SM
MD
LG