Accessibility links

Дж.Буш БҰҰ-ы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерін Ирақ пен Ауғанстандағы коалициялық күштерді қолдауға шақырды


АҚШ президенті Дж.Буш БҰҰ-ының мүшелерін АҚШ бастаған коалициялық күштердің Ирақ пен Ауғанстандағы іс-қимылын қолдауға үгіттеді. Оның мәлімдеуінше, осы екі ел бүкіл әлемдегі саяси тұрақтылық пен демократияның орнығуына тежеу болып тұр. Дж.Буш, сондай-ақ, АҚШ-тың Ираққа басып кіруін Қауіпсіздік Кеңесінің Қарары бойынша жүзеге асырылды деп ақтауға тырысты. Әйтсе де, АҚШ президенті өз сөзінде адам құқықтары мен адамзат қоғамының қауіпсіздігіне қатысты ауқымды мәселелерді қозғады. Оның алдында БҰҰ-ының Бас хатшысы Кофи Аннан Бас Ассамблеяның алдында сөйлеп, оның өз сөзімен айтқанда: “заңды ұятсыз аяққа таптау” кең етек алды”, -деп атап көрсеті. Ол, сонымен қатар, террористердің тым шектен, мемлекеттердің де терроризмге қарсы күресінде асыра сілтеп жатуына назар аударды.

АҚШ президенті Дж.Буш Ирақ пен Ауғанстанға кең халықаралық қолдау көрсетуге шақырды. Өйткені, оның айтуынша, сайлауға дайындалып жатқан осы екі елге қарсы шабуылдардың үдей түсуі мүмкін. БҰҰ-ының Бас Ассамблеясында сейсенбі күні сөйлеген сөзінде Дж.Буш АҚШ бастаған коалициялық күштердің саяси режимдерді биліктен құлатуы аталмыш екі елдің үмітін оятты деп қадап айтты. Оның пікірінше, Ирақ пен Ауғанстандағы тыныштық - дүние жүзінің қауіпсіздігі үшін өте маңызды:

- “Ирақ пен Ауғанстан бостандыққа қол жеткізді. Ендеше біз демократиялық елдер алдындағы өз міндеттерімізді одан әрі орындай беруіміз керек. Қымбатқа түскен бостандықты біз қорғауға тиіспіз. БҰҰ-ының мүшелері ретінде дүниедегі жаңа демократиялық елдерге қосқан барлығымыздың да үлесіміз бар”. Сонымен бірге, Ирақ диктаторы Саддам Хусеинді тақтан құлатқан АҚШ-тың іс-әрекетін Дж.Буш БҰҰ-ының 2002 жылы бірауыздан қабылдаған Қарары бойынша іске асырылды деп ақтауға тырысты.

– Соғысты тоқтатудың шарты ретінде 1991-інші жылы БҰҰ-ы Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған Қарарды диктатор, яғни саддам Хусеин, 10 жылдан аса уақыт елемей келді. Ақыр соңында Қауіпсіздік Кеңесі оның бұл әрекетін ескерусіз қалдырмауға уәде етті. Демек, біз жасаған ескертудің маңызы болу керек. Бейбітшілікті сақтау үшін ондай ескерту ескерусіз қалмауға тиіс. Демек халықаралық коалиция әлемнің әділ талабын іске асырды”.

БҰҰ-ының Бас хатшысы Кофи Аннан Ираққа басып кіруді “заңсыздық” деп атады. БҰҰ-ының басқа мүшелерінің АҚШ-тың іс-әрекетіне наразы болуы – Ирақты қалпына келтіру мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне тежеу болды. Сейсенбі күні мінберде Дж.Буштың алдында сөйлеген Кофи Аннан БҰҰ-ына мүше елдерді аталмыш Ұйымның Ережелері мен Қарарларын бұлжытпай орындауға шақырды. Ол Суданның Дарфур өлкесіндегі гуманитарлық дағдарысты, “Беслан трагедиясын” және Ирақтағы толастамай тұрған лаңкестік шабуылдарды тізіп келтірді. Бас хатшы БҰҰ-ының Қарарлары мен құжаттарының маңызын асырып, олардың іске асырылуын жеңілдету үшін заң талаптарын қатаңдату қажеттігін атап көрсетті.

“Өз еліндегі заңды құрметтеген әрбір ұлт – шетелдердегі заңдарды да солай сыйлауға тиіс. Және де, шетелдерде заңдардың орындалуын талап еткен әрбір ел - өз ішінде де заңдарды бұлжытпай орындауға міндетті. Ел ішінде заң жоғары тұрсын”.

Өз сөзінде АҚШ президенті Дж.Буш демократияны әсіресе Таяу Шығыс аймағында орнықтырудың проблемаларына ерекше назар аударды. Ол демократиялық құндылықтарды жетілдіру ісін қауіпсіздікпен тығыз байланыстырды.

- Жаңа ғасырда біздің қоғамға қауіпсіздіктің жаңа айқындамасы қажет. Біздің қауіпсіздігіміз - қарама-қарсы күштердің тепе-теңдігінде жатқан жоқ, Біздің қоғамның қауіпсіздігі - адамзат құқықтарын кеңейтуден шығады. Ол құқықтар бүкіл әлемге жайылып келеді, адам құқықтарының жаулары оған қантөгіспен есе қайтаруда”.

АҚШ президенті жас елдерге заңды да тәуелсіз жүйесін құрып, ерікті баспасөз бен саяси еркіндікті еркіндікті және тәуелсіз кәсіподақты қалыптастыру арқылы демократияның негізін қалауға көмек беретін Демократия Қорын ашуды ұсынды.
XS
SM
MD
LG