Accessibility links

Қарағанды облысының Абай қаласында жұқпалы «А» гепатитімен 27 күннің ішінде 251 адам тіркелді


Қарағанды облысының Абай қаласында тамыздың 26-нан қыркүйектің 22-не дейінгі аралықта жұқпалы гепатитпен ауырғандар саны 251 адамға жетті. Қарағанды облыстық санитарлық –эпидемиологиялық басқармасының сәрсенбі күні таратқан мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда ауруханада 57 адам ем қабылдап жатыр. 20 мыңдай тұрғыны бар бұл Абай қаласының канализациялық желілерінде осыған дейін 91 апат тіркеліп, оның 38-і су құбырларында орын алған. Жұқпалы гепатит ауруы осы су құбырларында болған апатты жағдайлардан кейін өршіп кеткен болатын. Қазір бұл инфекцияның ошақтары тіркелген аймақтағы тұрғын үй, мектептер ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Және су құбырларын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма өкілдері.

Қарағанды облысының Абай қаласындағы бірнеше су құбырларындағы ауыз-судың санитарлық нормаға сай болмауынан жұқпалы «А» гепатитімен 27 күннің ішінде 251 адам тіркелді. Қарағанды облыстық санитарлық –эпидемиологиялық басқармасы бастығының орынбасары Баян Ахметованың айтуынша, осы дертпен емханаға күніне 7-8 адамнан түсіп жатыр, сәрсенбі күнгі санақ бойынша Абай қаласындағы ауруханада қазір 57 адам жатыр.

Баян Ахметованың сөзіне қарағанда, дәрігерлер күнде үй-үйді аралап, ауруларды анықтап жатыр. Гепатит ауруының белгісі бар деп күдіктелінген 125 адамның 77–сінің жұқпалы «А» гепатитімен ауыратыны нақтыланған.

Қарағанды облыстық санитарлық –эпидемиологиялық басқармасы бастығының орынбасары Баян Ахметованың мәлімдеуінше, бұл жұқпалы «А» гепатитінің тарауына су құбырында болған апаттар себеп болған. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармадағы дайындау орталығының бөлім бастығы Жетпісбай Рахматуллин қазіргі таңда су құбырларын жөндеу жедел қолға алынып жатыр дейді.

Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма өкілі Жетпісбай Рахматуллиннің айтуынша, ауыз су сапасын бақылау да үнемі қадағаланып отыр. Оның сөзіне қарағанда қаладағы 44 су құбырының суы сапасыз болып тіркелген.

Қарағанды облыстық санитарлық –эпидемиологиялық басқармасы бастығының орынбасары Баян Ахметованың хабарлауынша қазір осы аймақтағы мектеп үйлер арнайы әкелінген сумен қамтамсыз етілуде.

Ал, Абай қаласындағы орталық емхана бастығы Ақылбек Төлекинге хабарласқанымызда, онымен тілдесу мүмкін болмады, хатшы қыз бастығының рұхсатынсыз оның орынбасарлары сұхбат бере алмайтынын айтты.

Сонымен, мамандар су құбырлары реттелсе ауруды ауыздықтауға болады деп отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG