Accessibility links

Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың қорытындысын жариялады


Орталық сайлау комиссиясы қыркүйектің 19-күні өткен Қазақстан Парламенті Мәжілісіне сайлаудың нақты қорытындысын шығарды. Биыл Қазақстанда сайлауда алғаш рет қағаз бюллетенмен қоса электронды дауыс беру жүйесі қатар өтті. Екі жүйемен қатар дауыс берудің қорытынды нәтижесі бойынша, партиялық тізіммен жеке округтерді қоса есептегенде президенттік «Отан» партиясының 33 адамы Парламент орындығына жайғаспақшы.

Ал Президенттің қызы Дариға Назарбаева жетекшілік ететін «Асар» партиясына жалпы есеппен үш орын тиіп отыр. Аграрлық Қазақстан мен Азаматтық партиясының бірлескен АИСТ блогының он адамы Парламентке депутат болып барады. Ал демократиялық «Ақ жол» партиясына әзірге бір-ақ орын тиіп отыр. Қалған жеті партияға партиялық тізіммен де жеке мандат бойынша да орын жоқ. Әлі алда Парламент Мәжілісіне сайлаудың екінші кезеңі бар. Жеке мандат бойынша, жиырма екі округтен екінші кезеңге өткен үміткерлер сайысқа түседі.



Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваның мәлімдеуінше, Парламент Мәжілісіне сайлаудың қорытындысы бойынша, президенттік «Отан» партиясы алпыстан жоғары пайыз иеленіп, партиялық тізіммен оның жеті адамы Парламентке депутат болып барады. Екінші орын алған «Ақ жол» партиясы 12 пайызбен Парламенттің бір орнын иеленіп отыр. Үшінші орында он бір жарым пайызбен «Асар» партиясы да бір орын алса, қалған соңғы бір орынды АИСТ блогы жеті пайызбен иемденіп отыр.



Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева жеке мандат бойынша, республиканың алпыс жеті округінің 45 -і-нен депутаттар сайланғандығын айтады. Қалған жиырма екі округте сайлау қайтадан өтетін болыпты.



Жеке мандат бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланғандардың ішінде жиырма үші қазіргі депутаттар. Олардың ішінде «Отан» партиясының мүшелері Серік Әбдірахманов, Зәуре Қадырова, Владимир Котович, Сергей Дьяченко, Уалихан Қалижан, Еркін Рахметов тағы басқа депутаттар бар. Депутат болғандардың ішінде партиялық тізіммен «Отан» партиясынан қазіргі Парламент Мәжілісінің спикері Жармахан Тұяқбай да бар. Қазіргі депутаттардың ішінен АИСТ блогынан тоғыз депутат қайта депутат болып сайланды. Партиялық тізіммен оныншы болып, қазіргі депутат Ромин Мадинов те қайта депутаттық орнын сақтайтын болады.



«Асар» партиясынан қазіргі депутат Ұзақбай Елубаев қайта сайланды. Енді оған Шығыс Қазақстан облысынан сайланған Сухорукова мен партиялық тізіммен «Асар» партиясының жетекшісі Дариға Назарбаева қосылуы мүмкін.



Ал «Ақ жол» партиясынан партиялық тізіммен бірінші тұрған Әлихан Бәйменов Парламентке депутат болып барады.



Сайлаудың екінші кезеңіне қазіргі Мәжілістің жеті депутаты қайта сайлауға түскелі тұр. Олардың дені «Отан» партиясының мүшелері.



Парламент Мәжілісінің спикері, президент партиясының төраға орынбасарын атқарып отырған Жармахан Тұяқбай «Отан» партиясының сайлаудан жеңіп шығуының себебі, біз алдағы бес жылда халыққа шынайы бағдарлама ұсына білдік. Бұл – біздің партияның сайлау алдындағы басты тұғырнамасы болатын, – дейді Жармахан Тұяқбай.



Ал он екі пайызбен бір мандатты алып отырған «Ақ жол» партиясынан, Астана филиалының жетекішісі Қалиахмет Бимаханов Орталық сайлау комиссиясы өрескел бұрмалаушылыққа барып отырғандығын айтады. Оның ойынша, Алтынбек Сәрсенбаевты Парламентке жібермеу үшін әдейі істеп отыр.



«Асар» партиясының Орталық сайлау комиссиясындағы өкілі Құрбанәлі Яхяев микрафон алдында жауап беруден бас тартты. Бірақ ол «Отан» партиясының алпыс пайыз алды дегенімен келіспейтіндігін білдіреді.



«Аграрлық Қазақстан» мен Азаматтық партиясының бірлескен АИСТ блогының жетекшісі Ромин Мадинов «Сайлау әділ, таза өтті. Біздің ешқандай өкпеміз жоқ», – деген пікірін жеткізеді.



Ал саяси партиялардың ішінде бір мандатты ала алмай қалған Коммунистер мен Демократиялық таңдауы оппозициялық блогының жетекішісі Серікболсын Әбділдин сайлаудың осылай өтетініне біз дайын болғанбыз дейді. Оның айтуынша, олар билікті бұлай жәй қалдырмайды. «Әбділдин мен Тоқтасыновты келесі Парламентке жіберме деген үкімді Назарбаев сайлау басталмай тұрып-ақ айтқан. Сол себептен мандат тимей қалды дегенге біз өкініп отырғамыз жоқ. Бұрыннан белгілі мәселе. Жалпы сайлау дұрыс өткен жоқ. Сайлаудың қорытындысын дауға түсіреміз. Біз жалғыз емеспіз», – дейді Серікболсын Әбділдин.



Серікболсын Әбділдин Қазақстан халқы мен демократиясы дамыған батыс мемлекеттердің өздеріне қолдау білдіретіндігіне сенімді.



Ал Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева сайлаудың екінші кезеңі қазан айының үшінде болатындығын жариялады.
XS
SM
MD
LG