Accessibility links

Оппозиция өкілдері әкімшілік жауапқа тартылуда


Қыркүйек айының 23-і күні Алматы қаласындағы Әуезов аудандық әкімшілік сотында “КП-ҚДТ” оппозициялық одағыннан ҚР парламенті депутаттығына кандидат болған үміткерлер - Асылбек Қожахметов, Маржан Аспандиярова, Бақтылы Түменовалардың үстінен әкімшілік іс қозғалды. Оған 12 қыркүйек күні Алматы қаласында Республика алаңынан 500 метр төмен Байсейітова көшесі бойында сайлаушылармен кездесу өткізгендіктері себеп болған.

Кездесудің негізгі ұйымдастырушыларының бірі ретінде танылған Асылбек Қожахметовтің ісіне Әуезов аудандық әкімшілік сотының төрешісі Арғынбаева ханым төрелік етті. Ол істі сот залында емес жұмыс кабинетінде қарады. Іс ашық деп жарияланғанымен төреші Арғынбаева ханым бөтен адамдардың қатысуына қатаң тиым салды. Асылбек Қожахметов өз тарапынан 12 қыркүйек күнгі кездесуде бірге болған Аспандиярова, Қожахметов, Түменовалардың ісін біріктіріп, бір судьяның төрелік етуін, сондай-ақ төреші Арғынбаева ханымнан істі жұмыс кабинетінде емес, заңға сәйкес сот залында қарауды талап етті. Алайда Асылбек Қожахметовтің талабы қанағаттандырылған жоқ. Асылбек Қожахметовқа қатысты істің жұма қыркүйектің 24-і күні жалғасатыны белгілі болды.

ҚР Конституциясының 373 бабының 1 тармақшасына сәйкес “заңсыз шеру ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзды” деп айыпталған Маржан Аспандиярованың ісін төреші Толқын Рузиев қарады. Өз кезегінде сөз алған Маржан Аспандиярова 12 қыркүйек күнгі болған жиынның шеру емес сайлаушылармен кездесу екендігін айтты. Ол өзіне қатысты қоғамдық тәртіп сақшыларының толтырған хаттамасымен келіспейтіндігін, онда келтірілген деректердің негізсіз екендігін айтып, сол хаттама толтырған полиция қызметкерлерінен ашық түрде түсінік алуды талап етті. Түсінік беруге келген Д.Әмзиев, В.Мукемелов, Н.Вашин сынды полиция қызметкерлері М.Аспандиярова тарапынан қойылған сауалдарға жауап беруден бас тартты. Осыдан кейін төреші Толқын Рузиев қолдарында 12 қыркүйек күнгі кездесуден түсірілген таспа бар екендігін айтып, істі қарауды келесі дүйсенбіге қалдырды.

Сот залынына шыққан Маржан Аспандиярова былай деді:

-Дәл бүгінгі күні Әуезов аудандық әкімшілік сотында үш бірдей оппозиция өкілдеріне сот ісі қозғалып жатқандығы Алматы қалалық әкімшілігіне де, Орталық сайлау комиссиясына да мәлім. Бұл біздің мемлекеттігімізге сын. Билік өзінің әлсіздігін әр қырынан көрсетіп келеді.

Төреші Толқын Рузиев мырза: “Артық ешнәрсе айтпаймын. Менің қолымда Маржан Аспандиярованы әкімшілік жауапқа тарту жөнінде Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваның арнайы қаулысы бар Біз сол қаулыға сәйкес жұмыс істеп жатырмыз”, деді.

Прокурор Ержан Өмірзақовтың да жауабы осыған ұқсас болды.

“Сайлау және демократия” халықаралық ұйымының өкілі Ян Лепетон “Азаттық” радиосының тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық оппозиция өкілдеріне тағылып отырған айыптар негізсіз деп есептейді. Ян Лепетонның айтуына қарағанда, азаматтардың саяси әлеуметтік құқытарының бірі - еркін жиылыс өткізу. Бүгінде қазақстандық азаматтардың сол еркіндігіне қауіп төніп тұр.
XS
SM
MD
LG