Accessibility links

Ташкенттегі лаңкестік әрекеттерге байланысты Қазақстан аумағында ұсталған 8 азаматтың ісі бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр


Ташкентегі террорлық актілерге байланысты қозғалған қылмыстық істерге қатысты Қазақстан аумағында 8 азаматтың тұтқындалғанын республикалық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаев ТМД елдерінің қауіпсіздік және барлау қызмет басшыларының тұрақты кеңесінің 5-ші отырысында мәлімдеген болатын. Бұл жайында «Азаттық» радиосына осы комитеттің баспасөз қызметі бастығы Кежеболат Бекназаров жеткізді: - Дутбаев мырза тергеу жұмыстары жүріп жатыр деген екі-ақ ауыз сөз айтты. - Ұсталған азаматтардың қай елдің азматтары екендігі айтылды ма? - Ондай сұрақ қойылған жоқ.

Ал баспасөз қызметі басшысының орынбасары Ислам Бекішев тергеу жұмыстарының барысы жариялауға жатпайды деп есептейді: - Тергеу құпиясы болып табылады. Қажетті мәліметтерді комитет төрағасы айтты.

Тергеу жұмыстарының жүріп жатқандығын Өзбекстанмен шекаралас орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы ұлттық қауіпсіздік басқармасының баспасөз хатшысы Нұрлан Тасқынбев та растады: - Құпия мәліметтер шығар. Жігіттер мына жақта жұмыс істеп, тиісті шаралар қолданып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстанның тергеу орындары Ташкенттегі жарылыстарға діни сипатағы «Хизб-ут-тахрир» ұйымының қатысы бар деп келген. Бүгінгі күнге дейін осы ұйымның Оңтүстік Қазақстан облысында 7 мүшесі қылмыстық жауапқа тартылып, бір азаматтың ісі қаралып жатыр. Алайда,олардың ешқайсысының да террорлық актілерге қатысы бар екендігі анықталған жоқ дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкері: - Мінеки, барлық үкімдерді қарадық. Барлығы 164 пен 327-ші баптарға сәйкес. Ал басқа жағдайға қатысы бар дегенді өз басым көрген жоқпын.

Бұған дейін Өзбекстанның Қазақстанда террористердің жаттығу алаңдары бар, жарылыстарға Қазақстан азаматтарының қатысы бар деген сыңайдағы айыптар таққанын еске түсіре отырып саясаттанушы Досым Сәтпаев осы негізде екі елдің өзара арнайы жұмысшы комиссиясын құрғанын еске алады. - Ал жақында 8 адамның ұсталуы осы комиссия жұмысы аясында кейбір Қазақстан азаматтарының немесе Қазақстанда тығылып жүргендердің террорлық актілерге қатысы бар екендігін айғақтайтын тың деректердің табылғанын көрсетеді.

Оның айтуынша, Қазақстан аумағында басқа елдердегі террористік ұйым өкілдері бұрын да ұсталған. Мысал ретінде ол бірнеше жыл көлемінде Қазақстаннан шешен, ұйғыр, тәжік заңсыз қарулы топтары өкілдерінің ұсталуын тілге тиек етеді. - Қазақстанды кейбір экстремистік ұйымдар транзитті аймақ ретінде белсенді түрде пайдалануын жақында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Пашко мырза да мойындаған, мұның барлығы Қазақстанда қандай да бір экстермистік топтар мен лаңкестік әрекет жасаушылардың болуы шынайы жағдай екендігін айғақтайды. Оның пікірінше, әзірге Қазақстандағы эстермистік топтар мен оларға қатысты тұлғалардың қызметін қадағалау өте әлсіз күйінде қалып отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG