Accessibility links

«Хизб-ут-тахрир» ұйымының үнпарақтарын таратқан бір азамат 2 жылға бас бостандығынан айырылды


31 жасар Асхат Ниязов Оңтүстік Қазақстан облысында «Хизбу-ут-тахрир» ұйымының үнпарақтарын таратқаны үшін биылғы жылдың сәуірдің 7-де ұсталған болатын. Бұл іс бойынша тергеу жұмыс жүргізген Сарыағаш ауданы Абай ауылының полиция қызметкері Марат Оразаев «Азаттық» радиосына былай баян еткен:

- Ниязов Абай автостансасына үнпарақтар әкеліп таратқан. Учаскелік полиция қызметкерлері 4-ін алған, қалғанын ол белгісіз адамдарға беріп кете берген. Үйінен 1 үнпарақ пен діни кітаптар табылған.

Осыдан кейін тәркіленген әдебиеттер сараптама жасауға жіберіледі:

- Теологиялық сараптау қорытындысы оларды зиянды, мемлекет үшін қауіпті дегеннен кейін қылмыстық іс қозғадық. Сонан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беріп жібердік.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Ұлттық қауіпсіздік басқармасының баспасөз-хатшысы Нұрлан Тасқынбаевтың айтуынша, Асхат Ниязов «Хизб-ут-тахрир» ұйымының қызметімен байланысты жауапқа тартылған алғашқы да, соңғы да адам емес:

- Сегізінші адам. Бұған дейін біздің өңірден 7 адам жауапқа тартылған. Қазір тағы екі адамның ісі жылдың соңына дейін қаралып, үкім шығып қалуы керек.

Тамыз айында істі қабылдап алған Сарыағаш аудандық №2-ші сотының төрағасы Аманжол Рахметов болса, Асхат Ниязовтың айыпты деп табылып, сейсенбі күні сот үкімін шығарғанын жеткізді: - Қылмыстық кодекстің 164-ші бабының 2-ші бөлігі, 337-ші бабының 3-ші бөлігімен айыпты деп табылды.

Яғни, «Хизб-ут-тахрир» ұйымының үнпарақтарын таратқан Асхат Ниязовқа әлеуметтік, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздырушы, заңсыз бірлестіктер құрды немесе оның жұмысына араласты деген айып тағылып отыр.

Алайда, халықаралық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Андрей Гришин мынандай мәліметтерді алға тартты:

- Шамамен жарты ғасырдан артық жұмыс істеп келе жатқан «Хизб-ут тахрир» ұйымы ешқашан билікпен ашық текетіреске барған емес. Бұл ұйымының қызметін реттейтін қағаиданың бірі - зорлық-зомбылық акцияларына өз мүшелерінің қатысуына тиым салады.

Сонымен, «Хизб-ут-тахрир» ұйымының қызметіне қатысып, орта деңгейдегі ауыр қылмыспен сотталған азаматтың кім екендігін білу үшін Ошақты ауылына хабарласқанымызда жұмыссыз Асхат Ниязовтың 11 балалы отбасына туып-өскендігі, шешесі ұзақ жыл мектепте мұғалім болып істегендігі, өзінің бұрын-соңды тәртіпсіздігімен көзге түспегендігі мәлім болды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG