Accessibility links

Америка дәстүріне сай Буш пен Керри үш рет жекпе-жек шығады


Америка Құрама Штаттарында 2-ші қарашада президент сайланатыны белгілі. Жоғары қызметке қазіргі президент Джордж Буш және сенатор Джонн Керри таласып отыр. Америка саяси дәстүріне сай сайлау алдында екі кандидаттың бетпе-бет пікірсайыстары өткізіледі. Бүкіл елге теледидар арқылы көрсетілетін үш пікірсайыс сайлау науқаны барысында шешуші кезеңге айналады, демократиялық елде президентікке кандидаттар сайлаушыларды өз жағына ашықта шынайы күресте тартады.

Теледебат сайыстары деген Қазақстан халқына бейтаныс емес, өтіп жатқан парламенттік сайлауда саяси партиялардың кандидаттары республикалық телекомпанияның тікелей толқын хабарына шығып, тұғырнамаларын ортаға салды. Қазақстан пікірсайыстарында әр партия кандидаттарына мәлімдеме жасауға 2 минуттан берілді. Кейбір оппозициялық сайттар бұл секундпен өлшенген, 120 секундпен өлшенген демократия деп айтып жатты. Біз ондай сараптаудан аулақпыз, әрине. Теледебаттер не дегенді білу үшін алдымен олардың тарихына көз жүгірткен жөн шығар.

Осыдан 44 жыл бұрын, 1960 жылы 26-шы қыркүйекте Америкада көгілдер экрандарға сенатор Джонн Кеннеди және вице-президент Ричард Никсон шығып, алғашқы телевизиялық жекпе-жекте күш сынасты. 1960 жыл – Совет Одағында телевизия қалыптасуының алғашқы кезеңдерінің бірі, дегенмен Совет Одағында ол кезде демократиялық сайлау атымен жоқ қой. Қазақстанда теледидар ол кезде болды. Тарихтан белгілі, Алматыда алғашқы телехабар 1958 жылы 8-шы наурызда әуеге шықты. Алғашқы санаулы көрермен онда хабарларды "КВН-49" деген телевизордан көретін, оның экраны кітаптың көлеміндей кішкентай ғана еді. Ал экранға түрлі-түсті бояуларға боялған рентген пленкасын жабыстырып қойса, ақ-қара түсті сүрет түрлі-түсті боп көрінген екен.

Сонымен, Ричард Никсон 1960-шы жылғы алғашқы телесайыста өзін байыпты, салмақты ұстап, қарсыласы Джонн Кеннедиге қарағанда әлде қайда тартымды көрінген. Никсонның президент болып сайлауына бұл қатты әсер етті. Ашық сахнада еркін бола алмаудың қырсығы қандай екенін 1976 жылғы теледебаттардан байқауға болады. Сол кездегі президент Джеральд Форд өз сөзінен өзі сүрініп, қарсыласы Джимми Картерді алға жіберіп алды. Бірақ 1980 жылы болған келесі сайлау кезіндегі пікірсайыста Картерді қарсыласы Рональд Рейган оңай ұтып кетті. Оның бір себебі – Рональд Рейган жас кезінде кино актеры болған, ол сахна өнерін жақсы білген азамат, мәселе тек нені айтуда емес, сөзді қалай саптауда, сөзді қандай бейнеде жеткізу керек екенін Рейган жатқа білетін.

Сарапшылардың көпшілігі Америкадағы қазіргі теледебаттар тар шеңберге қамалды, регламент тым қатаң дейді. Президентікке кандидаттар кеңесішелері құрған сценарийдің ноқтасынан шыға алмай, кейде тіпті қарсыласына суырып-салма сұрақ қоялмайды. Вашингтонда орналасқан Американ университетінің Америка саяси тарихының профессоры Алан Личман қазіргі теледебаттардың сайлаушыларға қолма-қол ықпалы аз дейді:

- Дебаттардан кейін бір жолдан екінші жолға өткен сайлаушылардың қатары әдетте көп емес. Дебаттардың алдында жасалған социологиялық зерттеулерді кейінгілермен салыстырсаңыз үлкен өзгеріс таппайсыз.

Теледебаттардың регламенті тым тар деген пікірді Вашингтонда орналасқан Джордж Вашингтон университетінің тарих профессоры Лео Рибуффо қолдап отыр. Дегенмен, өзекті мәселелер жайында кандидаттардың ұстанымын сайлаушылар тікелей біле алады, теледебаттардың артықшылығы сонда, - дейді Лео Рибуффо:

- Қағазға жазылған сөзді естігенен көрі не болмаса 30-секундтық телеклиптан көрі теледебаттарда алатын мәліметіңіз әлде қайда артық. Кандидаттардың қол алысу салты әлбетте ұлттық бірлікке қызмет етеді.

Джордж Буш пен Джонн Керри салт бойынша үш рет жекпе-жекке шығады. Бұдан бұрынғы теледебаттарда әр сайыс бір жарым сағатқа созылған. Сұрақтарды бір біріне тек кандидаттар қоймайды, залда отырған бақылаушыларда қояды, социологиялық компаниялар сайлаушылардың орташа бейнесіне лайық деген азаматтарды шақырады пікірсайыста сұрақ қоюға. Джордж Буш пен Джонн Керридің алғашқы сайсы осы жұма күні, Астана уақытымен таңғы сағат 8-де басталады. Екінші пікірсайыс 8-шы қазанда, үшініші пікірсайыс 13-шы қазанда өтеді. Мұның сыртында вице-президентікке таласқан қазіргі вице-президент Дик Чейни және сенатор Джонн Эдуардс 5-шы қазанда өз ара пікірсайысқа түседі.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG