Accessibility links

Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауының жеңімпазы анықталды


Астанада Қазақстан халықтарының тілдері фестивалі аясында өткен Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы аяқталды. Екі күнге созылған /28-29 қыркүйек/ байқауға республиканың әр аймағынан келген 19 үміткер бақ сынады.

Оралхан Бөкей атындағы республикалық байқаудың алғашқы күні үміткерлер проза жанры бойынша сынға түсті. Көрермендердің көпшілігіне Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Баяндиева Дидардың орындаған Оралхан Бөкейдің «Жетім ботасынан» Ботаның монологы ұнаған екен. Майгүл Қариғазы «Жалпы байқау жақсы өтті. Қатысушылар таңдаған шығармаларындағы кейіпкерлердің образына кіріп, тартымды әсер қалдырды. Кейбірін тыңдағанда күлкің келсе, кейбірін тыңдағанда жылағың келді», - десе, Бектұрсын Мырзабаев «Осындай байқаулар жыл сайын бола берсе, ол бізге, әсіресе, келешек өсіп келе жатқан жастарға жақсы деп түсінемін. Тіпті арамызда Оралхан ағамызға еліктеген жастар да кездеседі», - дейді.

Баяндиева Дидар бұл шығарманы таңдауының себебін өзінің табиғатына жақындығымен түсіндіреді. «Ата-анаң алыста болғандықтан, бір жағынан соларға деген сағыныш. Табиғатыңа жақын шығарманы сахнада алып шығу да оңай, сол себептен таңдадым», - деді.

«Байқауға қатысқан жастар шеберліктерін шыңдай білді, тіл құдыретін түсінетіндіктерін байқатты. Біз ең алдымен таңдап алған өлеңін, көркем шығармасын қалай түсініп оқиды екен, оқу мәнеріне, дауыс екпініне, сахнада өз-өзін ұстауына соның бәріне мән беріп отырдық. Балалардың деңгейі әрқалай болғанмен де, ынта жақсы. Байқаудың мақсатының өзі жастардың тілге деген құрметін арттыру болатын, байқау өз мақсатына жеткендей», - дейді әділқазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары Талаптан Ахметжан. Сөйтіп, қазылар алқасының ұзақ кеңесуінен кейін екі күнге созылған байқаудың қорытындысы бойынша Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер Академиясының 3-ші курс студенті Жұлдызбек Жұманбай бас жүлдені жеңіп алды. Ол «Бәйге болғаннан кейін біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Қазақстанның әр облысынан қатысушылардың арасында жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Жалпы байқаудан алған әсерім өте күшті», - дейді. Ал бірінші орынды Семей қаласынан келген Сымбат Ахметова жеңіп алса, екінші орын Астаналық Әйгерім Хамитоваға бұйырды, ал Атыраулық Бауыржан Сапаров 3-ші орынды иеленді. Бауқауға қатысқан қалған үміткерлердің барлығы сый-сыяпатқа ие болды.
XS
SM
MD
LG