Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-01-2004


Экс-министр Мұхтар Әблязовтың, кейбір тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өзіне қастандық әрекеттері ұйымдастырылып жатқандығы туралы ақпар алғандығы жөнінде мәлімдеме жасағанына, тәуелсіз басылымдар ерекша назар аударыпты. Оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдар мұндай тапсырысты Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов беруі мүмкін деген болжам жасапты.

“Республика” басылымының жұма күнгі саны, бостандыққа шыққаннан кейін өз бизнесін Ресейде жалғастырып жатқан, Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құрушылардың, бірі Мұхтар Әблязовтың, кейбір тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, өзіне қастандық әрекеттері ұйымдастырылып жатқандығы жөнінде саясатта беделі бар саясаткерлер мен лауазымды адамдардан ақпар алғандығы туралы жасаған ресми мәлімдемесіне айрықша назар аударыпты. “Республика” газетінің бірінші бетінде Мұхтар Әблязовтың адвокаты Гулан Мазанов арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған ресми мәлімдеменің мәтіні жарық көріпті. Сондай-ақ газеттің бірінші бетінде лауазымы жоғары шенеунік Иманғали Тасмағамбетовтың суреті беріліп, бұл тапсырысты Қазақстан президенті әкімшілігі беруі мүмкін екендігі туралы болжам жасалыныпты. Екі беттен тұратын көлемді мақаласында Мұхаметжан Әділов бір жарым жыл бойы үнсіз жүрген экс-министр Мұхтар Әблязовтың кенеттен мұндай мәлімдеме жасауының сыры нелікте деген сауалға жауап іздейді. Мақала авторының айтуынша, экс-министр Мұхтар Әблязовтың құқық қорғау орындарына өтініш жасамай, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мұндай мәлімдеме жасауы, оны өлтіруге тапсырыс бергендердің Қазақстан Президентінің маңайында жүрген адамдар екендігін аңғартады. Мақала авторы келтірген деректерге жүгінсек, Қазақстан Президентінің маңайында Мұхтар Әблязовты өлтіруге тапысырыс бере алатын адамдар саусақпен санарлықтай-ақ. “Атап айтқанда олар президенттің екі күйеу баласы Рахат Әлиев пен Тимур Құлыбаев, Александр Машкевич, Нұртай Әбіқаев, Нартай Дүтбаев және Иманғали Тасмағамбетов” дейді мақала авторы. . Осы аты аталған адамдардың әрқайсысына жеке-жеке тоқтала келе мақала авторы Мұхаметжан Әділов “Мұхтар Әблязовты өлтіруге тапсырысты, тек Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов қана беруі ықтимал” деген болжам жасайды.

“Республика” газетіне телефон арқылы берген сұхбатында “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” басшысы Ғалымжан Жақиянов бұл тапсырысты Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі беруі мүмкін деген ойын білдіріпті. Саясаткер Төлен Тоқтасынов пен Петр Своик та “Республика” газетіне Мұхтар Әблязовты өлтіруге тапсырысты Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов беруі мүмкін екендігін туралы пікірге қосылатындықтарын білдіріпті. Ал, “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевтың айтуынша, Мәскеудің қақ төрінде қазақстандық азамат Ибрагим Жұмалиев тапсырыспен өлтіріліп кеткеннен кейін, Мұхтар Әблязов алаңдаушылық танытып отыруы ықтимал.

“Сөз” газеті өзінің соңғы санында Мәскеудің қақ төрінде тапсырыспен өлтірілген Ибрагим Жұмалиевтың Қазақстанның Ресейдегі өкілетті өкілі қызметін атқарғандығына және оның Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың досы болып табылытандығына айрықша назар аударыпты. Мақала авторы Ибрагим Жұмалиевтың тоқсаныншы жылдардың аяғында бекіре балығын аулауға берілетін лимиттерді бөлетін Орал-Каспий бассейні басқармасы бастығы болып қызмет ақтарғандығын айта келіп, оның ісімен прокуратура айналыса бастаған соң қызметінен кетуге мәжбүр болғандығын атап өтіпті. “Сөз” газетінің хабарлауынша, содан кейін Ибрагим Жұмалиев “Мерей” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қожайыны болып шыға келеді. Оның қарауында мұнай астанасы саналатын Атырау қаласындағы бір мұнай базасы болған. “”Сөз” газеті келтірген деректерге жүгінсек, Иманғали Тасмағамбетов премьер-министр қызметін атқарып тұрған кезде, оны ылғи да Ибрагим Жұмалиев күтіп алып, жанында жүрген. Мәскеу сақшыларының болжамынша, Ибрагим Жұмалиевті Қазақстандағы мұнай мен қара уылдырық саласындағы бизнес-әріптестері өлтіруі мүмкін.

“Қазақстан” газетінің соңғы санында жарық көрген мәлімдемесінде Мұхтар Әблязов, өзінің Ресейде жауының да бәсекелесінің де жоқ екендігін айта келіп, оған қарсы қастандық әрекеттерінің Қазақстандағы күрделеніп бара жатқан саяси жағдаймен байланысты болуы мүмкін екендігіне айрықша тоқталыпты.

“Ақ жол Қазақстан” басылымы болса Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовты «Наурызбанк” пен “Қазақстан темір жолы” төңірегінде болып жатқан оқиғаларға қатысты сынға алыпты. Мақала авторы Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың “Наурызбанкке” қатысты он миллион долларға және “Қазақстан темір жолына” байланысты қырық алты миллион долларға қатысты ала жаздай журналистердің қойған сауалдарына жауап бере алмағандығына айрықша назар аударыпты.

“Ана тілі” басылымы болса, газеттің бірінші бетіне Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың Ресейден қоныс аударып келіп, жертөледе өмір сүріп жатқан Сахим Әбдірахмановтардың отбасына үй беруге көмектесуін сұрап Алматы қаласының әкімі Виктор Храпуновқа тапсырма бергендігін хабарлапты.

Ал, “Ана тілі” газетіне берген жазушы Дулат Исабековтың сұхбаты “Иманғалидай халқына қамқорлық жасаған қай шенеунігің бар?” деп аталады екен. Газет тілшісіне берген сұхбатында Дулат Исабеков “Президент әкімшілігіне және оның ішінде Иманғали Тасмағамбетовке айтылып жатқан сындардың қабырғасына қатты бататындығын тілге тиек етіпті.
XS
SM
MD
LG