Accessibility links

Журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына байланысты сот процесі басталды


Журналист Асхат Шәріпжановтың қазасы бойынша жұмыссыз Қанат Қалжановқа Қылмыстық Кодекстің 296-шы бабының 2-ші тармақшасы бойынша айып тағылды. Оның мәнісін мемлекеттік айыптаушы, прокуратура қызметкері Байдәулетов былай түсіндірді:

- Негізгі айып жүргізушісі Қалжанов Қазақстан Республикасы жол жүру ережесін бұзып, соның салдарынан адам мерт болған.

Айыпталушы Қалжанов 1975 жылы Қызылорда облысына туылған, қазір Алматы қаласында тұрғанымен, еш жерде тіркелмеген, тіс технигі мамандығы бойынша орта арнайы білімі бар. Бірақ оқу бітіргеннен кейін жүк тасушы болып істеген. Қазір жұмыссыз. Денсаулығына байланысты әскер қатарына шақырылмаған. Бұл сот процесі кезінде айыпталушының сот төрешесі Кейкібасованың сауалдарына жауап беру кезінде анықталды.

Әскер қатарына бармау себебін Қалжанов мектеп бітіргеннен кейін туберкулез ауруымен науқастанғандығымен түсіндірді.

Алайда, Шәріпжановтар отбасының қорғаушысы Мұстахим Төлеев бұл аурудың ешқандай құжатпен дәлелденбегенін, оның есесіне Қалжановтың өзі бұрынырақ жол апатына түскендігін, яғни, оның ауыр ми жарақатын алу мүмкіндігі жоққа шығарылмаса да, әзірге оның психикалық ахуалы тексерілмегендігін алға тартты.

Мұны, яғни, 2001-ші жылы Алматы қаласында машина астына түсіп, ауыр жарақат алып, миы шайқалғандығын Қалжановтың өзі де растады:

- Мен 1 жыл 8 ай төсек тартып жаттым, оның екі айын ауруханада өткіздім. Алдымен маған 8 ай арнайы аппарат кигізді, содан кейін 5 ай гипспен жүрдім.

Бұл деректердің барлығы ескеріле отырылып, сот төрешісі процеске психиатр сарапшының қатысуын жөн деп тапты. Мұндай шешім өзінің көңілінен шығатындығын айтты айыпталушының қорғаушысы Жұмағалиев:

- Шешімге қағаттандым. Бұл іске қажет.

Алайда, жапа шеккен жақтың қорғаушысы Төлеев болса, өзінің процесс кезінде -мемлекеттік айыптауға қанағаттанбағанын жеткізді:

-

Себебі, Қалжанов көлікпен жәбірленуші Асхат Шәріпжановқа қақтығысқанда ол арқасымен тұрған делінген. Ал сот-медицина сараптамасына көз жүгіртсек, дене жарақттары анықталмаған. Жоқ. Сонда қосымша сұрақ туады: Қандай жағдайда ол көз жұмды? Мынандай бір нұсқа бар: машина тоқтап, соқтығысқанның алдында басқа да анықталмаған тараптардың қолынан, қылмыстық әрекеттердің нәтижесінен Асхат Шәріпжановтың басына ауыр зақым келтіріп, сондай ауыр халде сотталушы Қалжановтың автокөлігінің астына түсті деген күдік бар. Қаралып жатқан істе ол мәселе талқыланбайтын сияқты.

Бұл орайда мемлекеттік айыптаушы Байдәуелетов қалай болғанда да соңғы сөз сот ықтиярында екендігін білдірді:

- Бұның айтқаны бір жағынан орынды да болар. Бірақ сот тергеуін бастайық. Содан кейін көреміз. Келітірлген дәлелдерді зерттеп, оларға нақты бір баға беріп, содан кейін ғана бір тұжырымға келеміз. Сот отырысына қатынасқан журналист Ермұрат Бапи келесі отырысқа психиатр сарапшылының шақырылғаны өте орынды деп есептейді:

- Асхат Шәріпжановтың өліміне мүдделі болған жақ машинаның роліне сондай адамды отырғызып: «Саған түк болмайды, есесіне саған сондай жағдайлар жасаймыз. Сен сотталмайсың. Себебі, сенің есің дұрыс емес», - деуі мүмкін. Сондықтан, жапа шеккен жақтың осындай талап қойып, анықтап алуы өте қажет. Бұл не үшін? Бұл осы қылмысты істі, ДТП-дан, яғни, жол апатынан саяси қылмыстық іске көтеру.

Келесі сот отырысы қазанның 11-не белгіленіп отыр. Оған дейін сот Қалжановтың әскерге бармау себебін айғақтайтын медициналық анықтаманы, дене жарақатымен жатқан ауруханадан медициналық қорытынды алдыртады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG