Accessibility links

Қазақстан мұнайын Иран арқылы экспорттау көлемі арттырылатын болады


Қазақстан мұнайы мен астығын Иран арқылы сыртқа шығару көлемін арттыру мәселесі қазанның 4-і күні болған қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев пен Иран сауда министрі Мұхаммед шариатмадаридің кездесуінде талқыланды. Бұл жайында Мұхаммед Шариатмадари журналистерге берген сұхбатында хабарлады.

-Бүгінде тәулігіне жиырма мың баррель мұнай жібереліп жатыр. Болашақта оның көлемін бес жүз мың баррельге дейін өсіруге болады.

Иран Ислам Республикасы сауда министрінің айтуынша, егер келіссөздер нәтижелі аяқталса, үстіміздегі жылдың аяғынан-ақ Иран арқылы экспортталатын астық көлемін 1 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Қазақстан мұнайын Иран арқылы экспорттау көлемін арттыру мәселесіне байланысты “Қазмұнайгаз Барлау Өндіру” акционерлік қоғамы бас директорының кеңесшісі Өмірзақ Озғанбаевтың пікірін сұрағанымызда, ол иран арқылы мұнай бағытында құбырлар тарту қажет деді.

Қазір көптеген саясаткерлер Иран бағытында мұнай құбырын тарту мәселесін айтып жүр. Әрине мұнай құбыры қажет. Мұнай құбыры тұрақты, табиғаттың қолайсыз жағдайларынан тәуелсіз транспорттың бір түрі болып есептеледі.

Ал академик Нәдір Нәдіровтің пікірінше Қазақстан мұнайын теңіз жолымен Иран арқылы тасымалдау едәуір тиімді.

Жаңа құбыр тартудың қажеті жоқ. Қазақстан мұнайын Иран шекарасына жеткізсек, одан әрі кез-келген мемлекетке шығаруға болады. Қазіргі ең арзан және тиімді транспорт ол теңіз жолымен тасымалдау. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2002 жылы Иран Ислам Республикасы сегіз жүз мың тонна қазақстан астығын сатып алған болатын. Қазақстан мен Иранның екі жақты тауар айналымы 2003 жылы 420 млн долларды құраса, оның 408 миллионы негізінген Қазақстанның экспортына тиесілі. Қазақстан жеткізілетін тауарлар дені қара металл мен шикі мұнайдан тұрады.
XS
SM
MD
LG