Accessibility links

Апта соңында жарық көрген мерзімді басылымдардың бетінде сайлау тақырыбы сөз болыпты. Сонымен қатар “Байқоңыр” ғарыш айлағын жалға бергендігіне байланысты дау-дамай да тәуелсіз басылымдардың бетінде жалғасын тауыпты. Сондай-ақ кейбір басылымдар Қазақстан авиациясының дағдарысты ахуалды басынан кешіп отырғандығына айрықша назар аударыпты.


“Жас алаш” басылымының сенбілік санында “Ақ жол” демократиялық саяси партиясының саяси атқару комитетінің мәлімдемесі жарық көріпті. “Ақ жолдықтар”, сайлау қорытындысын мойындамайтындықтарын және оның еркін және әділ болмағанын мәлімдепті. Аталмыш мәлімдемеде сондай-ақ, 2004 жылдың 3 қазанында өткен сайлаудың екінші айналымының - әкімшілік күштердің қысымы, сайлаушыларды жаппай қорқыту және сатып алу, азаматтардың таңдау еркінің шынайы нәтижесін бұрмалау, айла-шарғы жасау жағынан 19 қыркүйектегі сайлаудан да бірнеше есе асып түскендігі баяндалыпты. “Ақ жол” демократиялық партиясының мәлімдемесінде сонымен қатар 3 қазан күні Алматы қаласындағы 7 сайлау учаскесінде “карусель” атты сайлау технологиясының қолданылғандығы айтылыпты. Бұл технология - әр түрлі аймақтарда арнайы ұйымдастырылып алып келген мыңдаған сайлаушылар бірнеше автобустар мен “маршруткаларға” тиеліп алып бір учаскеден бір учаскеге көшіп жүріп дауыс берген. Мәлімдемеде келтірілген деректерге жүгінсек, жоғары оқу орындары басшылары мен оқытушылары студенттерге шектен тыс қысым көрсеткен. Олар сайлау учаскелеріне студенттерді топ-тобымен әкеліп, кімге дауыс бергенін жіті қадағалаумен болған. “Ақ жол Қазақстан” басылымына берген сұхбатында “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы мұндай әділетсіз сайлаудың Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмағанын тілге тиек етіпті. Сондай-ақ Алтынбек Сәрсенбайұлы ат төбеліндей биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін талап етуге болатын өкілдерінің бірі ретінде Қазақстан Президенті Әкмішлігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың есімін атапты. Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, Иманғали Тасмағамбетов үкімет тізгінін қолға алғаннан бері, Қазақстанда саяси нәубаттың науқаны басталған. Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әблязов, Сергей Дуванов секілді саяси тұлғалар түрмеге қамалған. Газеттер жабылған, типографиялар өртене бастаған. Сондай-ақ Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстандағы сайлаудың сорақы жағдайда өтуіне де Иманғали Тасмағамбетовтың зор ықпалы болды деп пайымдайды. Алтынбек Сәрсенбайұлы газет тілшісіне берген сұхбатында осы сайлаудың қорытындысынан Иманғали Тасмағамбетовтың АИСТ саяси блогымен жақындасқандығын көрдік деген пікірін білдіре отырып, Қазақстан Президенті Әкімшілігі жетекшісін ірі олигархтар қолдап отыр деген болжам жасапты. Сонымен бірге Алтынбек Сәрсенбайұлы кезінде Иманғали Тасмағамбетов қол қойған Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алғаны үшін Ресейдің төлемдері жөніндегі қаулысына қатысты да өз ойын білдіріп өтіпті. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы “бюджетке ақша түсті. Сондықтан ештеңе бүлінген жоқ” деген биліктің көзқарасымен келіспейтіндігін айтыпты. “Бюджетке ақшаны “Қазақстан темір жол” компаниясы түсірді. Бірақ “Қазақстан темір жолы” қырық алты миллионға ұтылды. Қырық алты миллион доллар екі миллион теңге емес. Екі миллион теңге үшін Ғалымжан Жақиянов алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын” дейді “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы газет тілшісіне берген сұхбатында. Осы тақырыпқа айрықша назар аударған “Республика” газетінің хабарлауынша, опозициялық басылымдар бұл мәселені көтергеннен кейін, біраз уақыт өткеннен соң ресми басылымдар “Байқоңыр” ғарыш айлағын жалға беруге қатысты оқиғада коррупциялық істердің жоқ екендігі туралы мақалалар жариялай бастаған. Мақала авторының айтуынша, сондай материалдарың бірі “Казахстанская правда” басылымында жарық көрген. Дегенмен мақала авторы Мұхаметжан Әділов “Казахстанская правда” газетінің тілшісі биліктің парақорлығын ақтап алу үшін, бірнеше фактілерге қатысты ештеңе айтқан жоқ деп санайды. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Қазақстан темір жолы” компаниясы мемлекеттік сатып алуда жаппай заң бұзушылыққа орын берген. Мақала авторының айтуынша, президентке жақын бұқаралық ақпарат құралдары “”Хромтау Алтынсарин” құрылысына бөлінген ақшаның не себептен талан-таражға ұшырағандығы туралы бір ауыз ақпарат айтпаған. Сондай-ақ апта соңында жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан авиациясының дағдарысты ахуалды басынан кешіп отырғандығы да кеңінен сөз болыпты. “Караван” апталығының тілшісі Андрей Воротынскийдің айтуынша, өткен аптада Ресей мемлекеті бірінші қазаннан бастап Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ұшақтарына қызмет көрсететіндіктерін тоқтататындықтарын мәлімдепті. “Караван” газетінің хабарлауынша, Қазақстан мемлекеті Ресейге бес миллион доллар қарыз. Мақала авторының айтуынша, “Қазақстан әуе жол” компаниясы банкротқа ұшырағаннан кейін, осындай көлемді қарыз пайда болған. “Айқын” басылымының сенбі күнгі санында жарық көрген Айгүл Аханбайқызының мақаласында Алматы авиациялық “Аэропакт К 3 “ жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы уақытқа дейін өз құрылымында авиациялық қауіпсіздік қызметін жасақтамағандығы айтылыпты. . Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстан Республикасының прокуратурасы Қазақстан ұшақтарына байланысты апатты оқиғалардың жиілеп кеткендігін тіркеген. “Азаттық” радиосының тыңдармандары. Апта соңында жарық көрген мерзімді басылымдардың баса назар аударған тақырыбы осы. Келесі баспасөзге шолуымызды сіздер сейсенбі, яғни он екінші қазан күні тыңдай аласыздар. Көңіл бөліп тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет.
XS
SM
MD
LG