Accessibility links

Еуропалық Одақ Қазақстанда өткен сайлауды сынға алып отыр


Еуропалық Одақ Қазақстанда өткен сайлаудың қорытындысына байланысты арнайы декларация қабылдады. Нидерланды Королдігінің Алматыдағы Елшілігі таратқан мәлімдемесінде: «Еуропалық Одақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымының Қазақстандағы сайлауға қатысты айтқан мәлімдемесімен толық келіседі»,– деп жазылған.

Олар сонымен қатар жаңадан қабылданған сайлау заңында бірнеше оң өзгерістер бар екендігін атап өткен. Алайда Еуропалық Одақ Қазақстанда тұңғыш рет өткізілген электронды сайлау жүйесінің ашық еместігіне ерекше мән беріпті. Сонымен бірге жергілікті сайлау учаскелерінің қарарларына бақылаушылардың қолы жетпегенін де есепке алған. Еуропалық Одақ Қазақстанның билігін оппозициялық саяси партиялардың сайлау әділетсіз өтті деген мәлімдемесіне қатысты жан-жақты тексерулер жүргізуге шақырып отыр.



Еуропалық Одақтың Қазақстанда өткен Парламент сайлауына қатысты қабылдаған декларациясына Болгария, Румыния, Хорватия, Түркия, Албания, Босния сонымен қатар Еуропалық Одаққа кіруге талпыныс білдіріп жатқан бірқатар мемлекеттер қосылған. Олар «Қазақстанда өткен соңғы сайлауда сайлаушылардың сеніміне кері әсерін тигізген көптеген олқылықтар байқалды», – деп атап көрсеткен.

Олар мұның себептерін Орталық сайлау комиссиясы атқару функциясының күрделілігімен байланыстырып отыр. Еуропалық Одақтың қабылдаған декларциясында Қазақстандағы көптеген сайлаушылардың сайлау тізіміне енгізілмей, сайлау құқығынан айырылып қалғаны да жазылған.



Еуропалық Одақтың қабылдаған декларациясын нөмірі 58 – округтік сайлау комиссиясының хатшысы Лариса Ладина да қуаттап отыр. Ол өзінің округі бойынша өткен сайлаудың нәтижесін заңсыз деп санап, арыз-шағымын Орталық сайлау комиссиясына тапсырмақ болып, Шымкент қаласынан арнайы Астанаға келген. Бірақ Орталық сайлау комиссиясының мүшелері біз қазір демалыстамыз,– деп оның өтінішін қабылдамай тастаған. Нөмірі 58 – округтік сайлау комиссиясының хатшысы Лариса Ладинаның айтуынша, сайлауда орын алған бұрмалаушылықтар жайындағы өтінішін, жергілікті құқық қорғау органдарына да тапсырған. Алайда олар бұл Орталық сайлау комиссиясының жұмысы деп Астанаға сілтеме жасаған. Лариса Ладина атқарушы биліктің дайындаған сайлаушылардың тізімінде жергілікті жерде мүлдем тұрмайтын немесе өлген адамдардың аты-жөндері жазылған да, керісінше сайлауға дауыс беруге келген көптеген азаматтар тізімнен өздерінің аты-жөндерін таба алмады дейді.



Осыдан кейін біз Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне хабарласқанымызда, ешқайсысы телефон тұтқасын көтермеді. Ал жоғарыдағы Еуропалық Одақтың мәлімдемесіне байланысты, Мәжіліс депутаты Қайрат Шалабaев түрлі бұрмалаушылықтардың өзім куәсі болдым дейді.



Ал Оңтүсік Қазақстан облысының нөмірі 67- округінен сайлауға түскен Төлебек Қосмамабетов мұндай әділетті сайлау бұрын соңды Қазақстанда болған жоқ дегенді айтады.



Орталық сайлау комиссиясы өткен аптада үшінші шақырылымдағы депутаттардың тізімін жариялап, енді ешқандай округтерде қайтадан сайлау өтпейтінін мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG