Accessibility links

15 қазан күні қасиетті Рамазан айы басталады


Қазан айының 15-і жұма күні дүние жүзіндегі 1,5 миллиард мұсылман қасиетті Рамазан айын қарсы алып, ораза тұтады. Осыған орай, қазанның 12-сі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Әбсәттар қажы Дербісәлі бастаған бір топ діни қызметкерлер Алматыда журналистермен жүздесіп, Рамазан айының шарттарын түсіндірді.

Бас муфти Әбсәттар қажы Дербісәлі: “Рамазан айында ораза ұстау мұсылмандар үшін парыз. Ораза тұтуға ниет білдірген әрбір мұсылман баласы, қарашаның 14-і күні мерекеленетін ораза айтқа дейін, күндізгі уақытта тамақ пен сусын ішуден, шылым шегуден бас тартады. Ораза кезінде кісіге ғайбат сөз айтудан, сондай-ақ кісінің сыртынан сөз айтудан аулақ болған жөн. Ораза тұту уақыты бейсенбі, яғни қазанның 14-і күні кешкісін жамағатпен оқылатын Тарауық намазы біте салысымен басталады,» деді.

Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтуынша, биылғы жылы жетім-жесірлер мен мүгедектер үшін берілетін пітір садақасы әр облыстағы 2 кг бидай құнына тең. Сондай–ақ ол қарашаның 9-ынан 10-ына қараған түн Ләйләтул-Қадр, яғни қасиетті Қадір түні аталып өтілетіндігін, ал қарашаның 14-і жексенбі күні Ораза мейрамы басталатындығын айтты.

Осы орайда біздер қатардағы азаматтардың рамазан айына дайындықтары жөнінде сұраған едік.

Бірінші азамат:

-Он жылдан бері ораза тұтамын. Ораза тұту мұсылман баласының парызы. Оразаға дайындықты әрбір адам өзінің ләпсісін тиюдан бастау керек.

Екінші азамат:

-Мен 1994 жылдан бері ораза тұтамын. Оразадан оразаға аман жеткеніне әр мұсылман қунады деп айтады ғой. Алладан қуат сұрап жатырмын оразаны жақсылап ұстауға.

Үшінші азамат:

-Мен студентпін ораза ұстаймын. Әрбір мұсылман баласы бар жоққа қарамай ораза ұстауға тырысу керек деп ойлаймын. Дайындығымыз жаман емес.
XS
SM
MD
LG