Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-13-2004


Мерзімді басылымдардың бетінде “Ақ жол” демократиялық партиясының “Демократияландыру және азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмысына қатыспау туралы шешім қабылдап мәлімдеме жасағандығы айтылыпты. Сонымен қатар Астанада білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ сьезінің өткендігі және Григорий Марченконың өз өтінішімен мемлекеттік қызметтен кеткендігіне де мерзімді басылымдар айрықша назар аударыпты.

“Литер” басылымының сәрсенбілік санында Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кейбір жасалып жатқан іс-әрекеттердің бәрін де осы мекемеден көру секілді үрдістердің шындыққа үйлеспейтндігі туралы ақпарат таратқандығын хабарланыпты. Әсіресе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген “Ақ жол” партиясы басшыларының соңынан осы мекеменің қызметкерлері бақылады” деген деректердің жалған екендігі туралы мәлімдеме таратыпты. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаев газет тілшісіне берген түсініктемесінде “аталмыш мекеменің мұндай ұсақ-түйек мәселелермен айналысуға мүмкіндігінің жоқ екендігін тілге тиек етіпті.

“Экспресс К” газеті “Ақ жол” демократиялық партиясының саяси кеңесінің “Қазақстан азаматтарына арнап” үндеу жариялағандығына айрықша назар аударыпты. Мақала авторының айтуынша, “Ақ жол” демократиялық партиясы “Демократияландыру және азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмысына қатыспау туралы шешім қабылдапты. “Ақ жол” партиясының мұндай шешім қабылдауына Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісіне қатысты өткен сайлаудың қорытындысы себеп болған.

“Ақжолдықтар” өткен сайлаудың қорытындысы қазақстандықтардың шынайы еркін білдірмейді, әділетсіздік жолымен жаңадан сайланған Парламент ірі олигархтар мен коррупционерлерді жасыруға тырысады” деп есептейді. Сондай-ақ “Ақ жол” партиясы сайлаудың қорытындысын мойындамайтындықтарын және оның нәтижесінің қайта қаралуы үшін барлық жолдарды пайдалана отырып күресетіндіктерін мәлімдепті.

“Егемен Қазақстан” газетінің хабарлауынша, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ сьезінде сайлауда жеңіліс тапқандардың сындарлы идеяларының ескерілетіндігін мәлімдепті. “Біз азшылықты тыңдауға үйреніп, оппозицияның барлық сындарлы ұсыныстарын қолданысқа алуға тиіспіз. Мен ешқашан адамдарды оңшылдар мен солшылдарға бөлмегенім белгілі, қазір де барлық азаматтардың пікірін құрметтей отырып, сол ұстанымда қаламын” деп мәлімдепті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

“Айқын” басылымы сәрсенбілік санында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ сьезінде қазақ тілінің мәселесіне қатысты айтқан сөздерін мысалға келтіріпті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде “сан түрлі сөзуарлар мен ұлтшыл-патриоттардың “қазақ тілінің жағдайы нашар, оны құрметтемейді” деген сөздерін қабылдамайтындығын, оны демагогия деп санайтындығын білдіріпті. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі Қазақстанда жүйелі түрде дамып келеді, оның қоғамдық өмірге енгізілуін қолдап шапшаңдатудың қажеті жоқ” деп есептейді. Сондай-ақ мерзімді басылымдар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің кеңесшісі Григорий Марченконы, өз өтініші бойынша, қызметінен босатқандығына да айрықша назар аударыпты. “Известия Казахстан” басылымы Григорий Марченконың “Қаржылық жүйеге қайтып оралуға бел буғандығы ірі қаржы институтын құрмақ ойы бар” екендігін мәлімдегендігін жариялапты. Григорий Марченко өз мәлімдемесінде саяси қызметпен айналыспақ ойының жоқ екендігін, газет ашу немесе қайрымдылық қорын құру туралы мақсатының жоқ екендігін де тілге тиек етіпті.

“Аргументы и факты” газеті болса, Григорий Марченконың Қазақстанда таза еңбекпен ақша табуға болмайды” деген көзқарасты бұзуға уәде бергендігін айрықша атап өтіпті. Газет тілшісінің айтуынша, Григорий Марченконың өзі де әзірше ірі қаржы институтының қандай болатындығын білмейді. Оның айтуынша, Қазақстанда коррупция, пара алу жүйесі шенеуніктердің үш-төрт пайызын байытып отыр. Григорий Марченко өзі құратын жүйеде ұрлауды білмейтін таза адамдар ғана жұмыс істей алады деп санайды.

“Казахстанская правда” газетінің хабарлауынша Григорий Марченко мемлекеттік қызметтен кеткенімен, Мемлекет басшысының штаттан тыс кеңесшісі қызметінде қалыпты. Григорий Марченко таяу уақытта инвесторлармен және әріптестермен кеңес өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Григорий Марченко журналистерге мемлекеттік қызметте жүріп байып кетпегендігіне аса қуанышты екендігін де жеткізіпті.

“Айқын” газетінің тілшісі Бақытжан Қосбармақовтың пікірінше Қазақстан президентінің кеңесшісі Григорий Марченконың мемлекеттік қызметтен кетуі елдің арасында әр түрлі алып-қашпа әңгіме туғызып отыр. “Оның бір парасы Г. Марченко саясатпен айналысады екен деген сыбыс. Бірі- “Г. Марченко мен Даниял Ахметовтың арасы жаман екен, оны үкіметке сидырмапты деген сөз” дейді мақала авторы. Мақала авторының айтуынша, Г. Марченко мырзаны саясатпен байланыстырудың бір ұшы Ораз Жандосовқа қатысты болып отыр. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, үш ай премьер –министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарып, көкек айында отставкаға кеткен кезде Даниял Ахметовпен араздығы жайында неше түрлі сөздер айтылған. Тұрғын үй бағдарламасы жөнінде екеуара келіспеушіліктер болған.
XS
SM
MD
LG