Accessibility links

Парламент депутаттарының жерді қосалқы жалға беру мерзімін ұзарту туралы ұсынысына ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі қарсылық көрсетіп отыр


Жер телімдерін қосалқы жалға беру мәселесі бойынша Қазақстан Парламенті мен Жер ресурстарын басқару агенттігі арасында дау туып отыр. Депутаттар «Жер Кодексі» бойынша 2005 жылдың қаңтарынан бастап күші жойылатын қосалқы жалға беру мерзімін әлі де екі жылға дейін ұзартуды талап етуд. Олардың ойынша субаренда мерзімі екі айдан кейін тоқтатылса, онда халықтың негізгі бөлігі күнкөріс көзі ретіндегі жер үлестерінен айрылады. Қазақстанның Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының орынбасары Каналбек Райымбековтың айтуынша, республиканың тоғыз облысында жерді жалға беру жөніндегі шарттардың күшін жою жөніндегі жұмыстар тәмәмдалған. Жыл басында 15,5 миллион гектарды қамтитын 402,2 мың шартты жер үлесінің-жалда, ал 10,6миллин гектар алқаптағы 8814 жер телімінің қосалқы жалгерлікте екендігі анықталды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан Қазақстан Президентіне арнап «Жер кодексіндегі» жерді қосалқы жалға беру жөніндегі 174-ші баптың күшін тоқтата тұру жөнінде Үндеу жариялады. Оның бастамасына бір топ депутаттар қосылды. Ол жердің қосалқы жалға берілуін тоқтатуға қарсы емес. Бірақ оны кейінге қалдыра тұру керек деген пікірде.

- Өйткені, жер иемденушілердің оған дайындығы жоқ. Бірер жыл мұрсат берілсе, ел моральдық, материалдық, психологиялық жағынан дайындалады. Жер агенттігі төрағасының орынбасары Каналбек Райымбеков шартты жер үлесі деген мәселе 1997 жылы тоқтатылды. «2001 жылы «Жер Кодексі» қабылданған кезде жер иелеріне қосалқы жалға беру мерзімі үш жылдан кейін тоқтатылатыны ескерілді»,-дейді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Бисетаев:» 2005 жылдың қаңтарында қосалқы жалға жер беру тоқтатылса көп шаруалар, зейнеткерлер жерсіз қалуы әбден мүмкін. Бұрын «Жер Кодексіне» өзгеріс енгізілгенде, бұл мерзімді депутаттар 2007 жылға дейін деп белгілегенбіз, оны Үкімет 2005 жылға дейін қысқартты. Бұған мүлдем келісуге болмайды,-дейді.

Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының орынбасары Каналбек Райымбеков көптеген жерлерде ауыл шаруашылығы алқаптарын тыңайту, агротехникалық шаралардың бетімен жіберілгендігін, жерді жалға алушылардың қожайындық етпек түгілі,салықтарды төлеуді де қатаң сақтамай отырғандығын айтады.

Мәжіліс депутаты Қайрат Шалабаев бұл мәселені саудаға сала бергенше, жергілкті халықтың жер телімдерін иемденуіне мемлекеттік тұрғыда материалдық көмек көрсетілуі керектігін айтады. Каналбек Райымбековтың айтуынша, жалға берілген жерді қайта ресімдеу Оңтүстік Қазақстан облысында қиындықпен жүзеге асырылып отыр. Өйткені, республикадағы жер иелерінің үштен бірі осы өңірде екен. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы «Қанағат ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Мүсірәлі Бисенов 1994 жылдан бері игеріп отырған жеріндегі су көзін аудан әкімі Нұрлан Жылқышиев басқа келісім шартпен Қызылорданың «Маркел Петролиум» фирмасына беріп жібергендігін айтады. Ол іске Парламент Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбайдың араласуымен істің беті бері қарапты. Қазақстанның жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының орынбасары Каналбек Райымбеков жергілікті басшылардың жер мәселесіне жиі араласатынын жоққа шығармайды. Ал «Қанағат ата» серіктестігі мен «Маркел Петролиум» фирмасының арасындағы дау «Жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңның» 247 бабына сәйкес шешілуге тиіс,- дейді.

Жер ресурстарын басқару агенттігінің мамандары алдағы екі ай мерзім ішінде жерді қосалқы жалға беру мәселесін қайта ресімдеуді толық аяқтауды жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG