Аризона штатындағы Темпе қаласында АҚШ президенттігіне үміткерлер өзара өткізген телеайтысында ұлттық қауіпсіздік пен экономика мәселелерін талқылады. Демократтардың үміткері Джон Керри бақталасы – қазіргі президент Дж.Бушты Ираққа қарсы соғысы үшін ащы сынға алды. Ол, Керридің пікірінше, АҚШ-ты әлсіретті. Республикалық партиядан екінші президенттік мерзімге ұсынылған Дж.Буш: “терроризмге қарсы күрес аясындағы Ирақ пен Ауғанстанда жүзеге асырылған шаралар – демократияның әлемге кең қанат жаюына түрткі болды, -деп мәлімдеді.
ДЖ.БУШ: "Біздің терроризмді жеңетінімізге мен сеніммен қараймын. Әйтсе де, ол күрес қайсарлық пен нақты іс-әрекетті талап ететінін мен түсінемін. Біз идеологиясын ұстанған ондай жаудан ешқашан қаймықпауымыз керек. Өйткені біз ол жауды қыр соңынан қалмай қуамыз және әлемге демократия мен бостандықты жаямыз”.