Accessibility links

Каспидің Қазақстан аумағына басқа елдің балықшылары да көз сала бастады


Каспий жағалауы мемлекеттері бекіре тұқымдас балықтар азайып бара жатқандықтан қара уылдырықты экспорттау көлемін шектеуге келісіп отыр. Каспийден өндірілетін қара уылдырықтың 51 пайызын Иран жағы экспортқа шығаратын болса екінші орында Ресей тұр. Қазақстанның қоймаларында экспортқа шығаруға 8,5 тонна қара уылдырық сақтаулы тұр.Ал, Қазақстанда қара уылдырықты заңды түрде экспорттаудан гөрі контрабандалық жолмен өндіру белең алып тұрғандығын Бас прокуратураның мәліметтері растайды. Қазақстаның Бас прокуротурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Каспидің қазақстандық аумағында бекіре тұқымдастарға шет елдік азаматтар да қол сала бастаған Мысалы биылғы сәуір айынан бері Азербайжан мемлекетінің балықшылары Каспидің Қазақстан аумағында бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулап жүрген кезінде үш рет қолға түскен. «Бірақ, оларға тым жеңіл жаза қолданылған. Тонналап қызыл балық аулағандарға шартты түрде екі жыл бас бостандығынан айыру үкімі шығарылған»,-дейді Бас прокуратураның баспасөз қызметкері Асқар Құмарбай.

Аталған үш оқиғаның өзінен Қазақстнға 53 миллион теңге шығын келтірілген болып шықты. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Мұрат Мұсатаев бекіре тұқымдас балықтарды саудалауды қадағалай алмай отырғандықтарын айтады. Өйткені, барлық балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар жеке адамдардың иелігінде. Оған мемлекет билігін жүргізе алмайды»,-дейді. Осы мәселені көптен бері көтеріп жүрген атыраулық журналист Жұмабай Доспановтың айтуынша, қазір мемлекеттік сатып алушылар балықшылардан сатып алынатын өнім түрлерін өз дәрежесінде бағаламай отыр. Ол шетелді әр килә қара уылдырықтың 3-3,5 мың долларға бағаланатындығын айтады. «Атыраубалық» акционерлік қоғамының бастығының орынбасары Әбілқайыр Мұқсанов бекіре тұқымдас балықтарды контрабандалық жолмен сатудың белең алып отырғанын балықшыларға салынатын салықтың екі-үш есеге өсірілгендігінен деп есептейді. Ал Жұмабай Доспанов болса, «Атырау өңірінде балыққа браконерлік өте кең етек алған. Мұнымен құқық қорғау органдарының басшылары да айналысады. Олар қызмет бабын пайдаланып теңізге қысы-жазы балық аулаушыларды шығарып, сыртынан қадағалап отырады,-дейді.

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылғы комитетінің төрағасы Мұрат Мұсатаевтың айтуынша, бұл саладағы сыбайлас жемқорлықты жою үшін екі шара қарастырылып жатыр. Оның бірі балық инпекторларына мемлекеттік қызметкер мәртебесін беру арқылы олардың жауапкершілігін күшейту болса, екіншісі, 2005 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бекіре тұқымдас балықтарды сатуға ерекше талап қойылмақ.

«Атыраубалық» акционерлік қоғамы бастығының орынбасары Әбілқайыр Мұқсановтың айтуынша, бүгінгі күні осы кәсіпорында 8,5 тонна қара уылдырық қалбырланып дайын тұр. Оны Еуропа, Ақш және Араб елдеріне шығаруға келісім бар. Бірақ, әзірге квота белгіленбегендіктен тоқталып тұр.
XS
SM
MD
LG