Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-15-2004


Оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдарда экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің Қазақстандағы оппозициялық күштерді “Ақ жол” демократиялық партиясының аясына бірігуге шақырған үндеуі жарияланыпты. Сондай-ақ мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың сайлаудың әділетсіз өткендігіне орай жариялаған үндеуіне де мерзімді басылымдар айрықша назар аударыпты.

“Республика” басылымы жұма күнгі санында экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің Қазақстандағы оппозициялық күштердің бәрін де “Ақ жол” демократиялық партиясының астына бірігуге шақырған үндеуін жариялапты. Әкежан Қажыгелдиннің айтуынша, өткен сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев тіпті оппозиция өкілдерінің аз бөлігіне де депутат болып сайлануына жол берген жоқ. Өз үндеуінде Әкежан Қажыгелдин Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелді парламентке ие болғысы келгенін, нәтижесінде “брежневтік үлгідегі ешқандай маңызы жоқ” бірпартиялы парламенттің жасақталғанын тілге тиек етіпті. “Бұл парламентте “Отан” кешегі КПСС тің, “Асар” комсомолдардың, ал “АИСТ” блогы кәсіподақтардың қызметін атқарады” дейді Әкежан Қажыгелдин. Экс-премьердің үндеуінде Милошевич, Чаушеску, Саддам Хуссейндердің секілді диктаторлардың да бір палаталы парламенттері болғандығы мысалға келтіріліпті. Өз үндеуінде Әкежан Қажыгелдин егер ахуал бұлай шиеленісе берсе, Қазақстанда да Грузиядағы оқиғалардың қайталанып, қантөгіске әкеліп соқтыруы мүмкін екендігіне тоқталып өтіпті. Сондай-ақ Әкежан Қажыгелдин өз үндеуінде Қазақстандағы оппозициялық күштерді “Ақ жол” демократиялық партиясының астына бірігуге шақырыпты. Әкежан Қажыгелдиннің айтуынша, “Ақ жол” демократиялық партиясының бірігу арқылы Қазақстандағы диктатураның сағын сындыруға болады. Әкежан Қажыгелдин өзінің де “Ақ жол” партиясының мүшесі болып, олармен ынтымақтаса отырып жұмыс істеуге дайын екендігін айта келіп, “Қазақгейт” мәселесіне де тоқталып өтіпті. Экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің айтуынша, “Ақ жол” демократиялық партиясының басшылары Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Әлихан Бәйменов мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты елдің жағдайын ойлап, биліктен кетуге көндіруі тиіс. Әкежан Қажыгелдин “Ақ жол” демократиялық партиясы “Қазақгейт” мәселесіне байланысты тәуелсіз комиссия құрып, Америка Құрам Штаты мен Швейцария құқық қорғау орындарының адамдарымен кездесуі ләзім деп есептейді. “Егер 2005 жылғы қаңтарда “Қазақгейтке” қатысты Нью Иорктің Оңтүстік аймағындағы өтетін сотта оппозиция өкілдері болмаса, бұл Қазақстандағы оппозицияның үлкен кемшілігі болады” дейді экс-премьер Әкежан Қажыгелдин.

“Ақ жол Қазақстан” басылымы мәжілім спикері Жармахан Тұяқбайдың “Время” газеті арқылы сайлаудың әділ өтпегендігіне қатысты үндеуін аударып басыпты.

Бұл оқиғаға “Республика”, “Айқын”, “Литер”, “Новое поколение”. “Караван” газеттері де айрықша назар аударыпты.

“Айқын” газетінің тілшісі Бақытжан Қосбармақовтың айтуынша, мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесінен екі нәрсені аңғаруға болады., саяси элита арасындағы талас-тартыстың күшейе түскені және күннен-күнге ушығып бара жатқаны және қоғамның бірігіп тұтасып ұюынан гөрі күннен-күнге ара-жігінің алшайып бара жатқаны.

“Литер” басылымының жұма күнгі санында да осы оқиғаға байланысты саясаттанушылар өз ойларын ортаға салыпты. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, мұндай мәлімдеме биліктің ішіндегі бірнеше топтың келіспеушілгінен пайда болуы ықтимал. Сондай-ақ саясаттанушы Досым Сәтпаев Жармахан Тұяқбайдың парламент спикері қызметін алуға байланысты үлкен кедергілердің пайда болуы да мұндай мәлімдеме жасауға түрткі болы мүмкін деп санайды.

“Новое поколение” басылымы болса, Мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың өзі басшылық ететін “Отан” партиясы жеңіске жеткен тұста Парламент сайлауы жаппай заң бұзушылықтар негізінде жүзеге асырылды” деп мәлімдеуі партияның ішінде өзара келіспеушіліктің бар екендігін аңғартады” деген болжам жасапты.

“Караван” апталығының болжамына сүйенсек, мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың мұндай мәлімдеме жасауы келешекте жаңадан сайланған Парламенттің таратылуы мүмкін екендігін аңғартады. Мақала авторының айтуынша, сайлауды әділетсіз өтті деп жариялап, қайтадан сайлау өткізу президентшіл “Отан” партиясына да, сайлау өз деңгейінде өтті деп жар салған президентке де мүлде тиімді емес.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы “Республика” газетіне берген сұхбатында мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесін мемлекеттік қызметкердің батыл қадамы деп бағалапты. “Менің ойымша Жармахан Тұяқбай әңгіме сайлаудың нәтижесін бұрмалау ғана емес, мемлекеттің қандай бағытқа бет алғандығын, құндылық таңдау құқығының туғындығын айқын түсінген елдің жоғары басшылығындағы санаулы азаматтардың бірі. Оның мәлімдемесінен кейін ешкім де сайлаудың әділетсіздгі туралы тек жеңіліп қалған оппозиция ғана айтып жүр” дей алмайды дейді “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Саясаттанушы Нұрболат Масанов болса “Республика” басылымына берген шағын сұхбатында “Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесін оның партияластарының ішінде қолдайтындар табылмайды” деген көзқарасын білдіріпті.

Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттіктің экс-төрағасы Заманбек Нұрқаділов мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесі аяқ астынан жасалған жоқ. Ол өте ақылды саясаткер, ұзай уақыт бойы өзін-өзі ұстап келді. Алайда әділетсіз өткен сайлаудың нәтижесі оны осындай қадам жасауға итермеледі” дейді Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттіктің экс-төрағасы Заманбек Нұрқаділов.
XS
SM
MD
LG