Accessibility links

Ж. Тұяқбай: Ол мақаланы Президентке кіре алмай жұргендіктен жазған жоқпын


Қазақстан Парламенті Мәжілісінің қазанның 20-сы күнгі отырысында спикер Жармахан Тұяқбай «Время» газетінде жарияланған мақаласы туралы «Мен ол мақаланы Президентке кіре алмай жүргендіктен жазған жоқпын», -- деп мәлімдеді. Тұяқбай мырза сол мақалсынан кейін Алматыда болған баспасөз мәслихатында заңсыз сайланған Мәжілісті таратып, сайлауды қайта өткізу керек деп мәлімдеген болатын. Жармахан Тұяқбайдың мақаласы жарияланғаннан бері бір аптаға жуықтады. Алайда, мемлекет басшысы бұл туралы әлі тіс жарған жоқ. Мәжіліс отырысында депутат Серікбай Әлібаев Жармахан Тұяқбайдан осы уақыт ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен жолыққан-жолықпағанын сұрады. Әлібаев мырза: «Бұл өте көкейкесті сұрақ, өйткені сайлаудан кейін қоғамда қиын ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан, Президенттің сіздің мақалаңызға байланысты көзқарасын білу маңызды», -- деді. Ал, депутат Төлен Тоқтасынов өткен жолғы отырыстарда «сайлау ойдағыдай өтті, бұрмалаушылық болған жоқ» деп жар салған депутаттардың бұл жолы неліктен үнсіз қалғанына таңданыс білдірді. Бұдан кейін Жармахан Тұяқбайдың өзі бұл әңгімеге бір ауыз сөзбен нүкте қойды. «Мен ол мақаламды Президентке кіре алмай жүргендіктен жазған жоқпын, ал енді күн тәртібіндегі мәселеге көшеміз»,-деп келтесінен қайырды. Айта кетейік, Жармахан Тұяқбайдың сөз болып отырған мақаласынан кейін келесі Мәжіліске кім төраға болады деген сұрақ та, болжам да көбейді. Соңғы сайлауда бағы жанған депутаттардың бірі -- Ерасыл Әбілқасымов: «Бұдан кейінгі Мәжіліске кімнің төраға болатыны айдан анық. Өйткені, Сенат төрағасы Ұлы жүзден, Үкімет басшысы Орта жүзден, ендеше Мәжіліс төрағасы Кіші жүзден болуы керек. Бітті. Мұны ойлап тапқан мен емес, бұл Қонаев заманынан бері келе жатқан үрдіс. Сондықтан төраға Кіші жүзден болады. Кім десеңіздер, мен айтайын, ол-Равиль Шардабаев. Жармахан Тұяқбайдың енді спикер болу мүмкіндігі жоқ екендігін осыдан бірнеше ай бұрын өзіне айтқанмын», -- дейді. Ал Мәжіліс депутаты, Қазақстанның Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин Қазақстанның коммунистік партиясы, Қазақстанның Демократиялық таңдауы және «Ақжол» партияларының Үйлестіру кеңесі құрылғанын және бұл құрылымның алғашқы үндеуі Жармахан Тұяқбайды қолдау туралы болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Үйлестіру Кеңесінің алғашқы отырысында 2006 жылы болатын Президенттік сайлауға ортақ кандидат ұсыну жөнінде келісім жасалыпты. Әбділдин мырза: «Ортақ үміткердің кім екені бізге мәлім, бірақ таңдаудың кімге түскені әзірге құпия», -- деді.
XS
SM
MD
LG