Accessibility links

Амангелді Ермегияев "Отан" партиясы сайлауда әділ жеңіске жетті дейді

Қазанның 19-ы күні Алматыда "Отан" партиясы өкілдері дүйсенбі күнгі Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбайдың "қыркүйек айында өткен мәжіліс сайлауы бастан-аяқ заң бұзушылықтарға толы болды. Келесі шақырылымдағы "Отан" партиясының партиялық тізімімен өткен мүмкіндігімді пайдаланбаймын" деген мәлімдемесіне қарсы мәлімдеме тартты.

Амангелді Ермегияев "өткен сайлауда отандықтардың елеулі жеңісіне партияның 5 жылдан бергі қоғамдағы саяси үрдістерге белсене араласуы басты себеп болды. Сайлау сияқты саяси мәселелерге пікір білдіруге, партия қатарынан шығуға кез-келген азаматтың құқығы бар" деді.

- "Отан" партиясының атынан мәлімдеме жасап отырған Жармахан Тұяқбайдың қандай пікір айтам десе өз еркі. Суын ішкен құдығыңа түкірме деген жақсы сөз бар. Жармахан Тұяқбаймен парламент шектеліп қалған жоқ, - деді Ермегияев.

Амангелді Ермегияев жаңа парламентте кім мәжіліс төрағасы болатынын депутаттар шешеді дейді.

– Бірақ бұл мәселеден "Отан" партиясы да тыс қалмайды. Құдайға шүкір, қазір "Отан" партиясында мәжіліс төрағасы болуға қабілетті 5-6 депутат бар, – деді Ермегияев.

Оның сөзінше, "мәжіліс төрағасы болу Жармахан Тұяқбайға тіреліп қалған жоқ".

"Отан" партиясы сайлауда өкілетті билікке жету үшін күресті. Сайлауды заңсыз деп тануға еш негіз жоқ. Себебі, 44 мемлекеттен келген 1000-нан астам бақылаушы сайлауға әділ деп өз бағасын берді. Олардың ешқайсысы да сайлауды "заңсыз" деп тану жөнінде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, деді ол.

Бұл пікірге депутат Амалбек Тшанов өз уәжін айтты.

– Жармахан Тұяқбай жеңілтектікпен пікір білдіретін саясаткер емес. Ол әділетсіздікке төзе алмай, азаматтық қадамға барды, – дейді Тшанов. -Бұрмалаушылықтар өмір бойы жалғасып келеді. Демократиялық қоғам құрамыз деп отырып, бұрмалаушылықтармен келген депутаттар кімнің мүддесін ойлайды деген cауал Тұяқбайды қатты толғандырған болу керек. Сондықтан партиядан шығып, ондай партияның мүшесі бола алмаймын деуінің негізі бар. Президент енді ойлануы керек. ЖармаханТұяқбай сияқты азаматтардың пікіріне құлақ аспаса онда президент кімді тыңдайды? – деді Тшанов.

Ал депутат Рамазан Сәрпеков "Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесіне пікір айтудан аулақпын. Өзім сайлауға түскен округте сайлау әділетті өтті деп айта аламын" дейді:

– Мен де сайлауға түстім. "Отан" партиясының мүшесі болсам да, жеңіліп қалдым. Қазақстан бойынша сайлауға баға бере алмаймын, - деді Сәрпеков.

"Ақжол" партиясының тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы сайлаудың әділетсіз өткенін оппозиция ғана емес, президенттің жақтастары да мойындап отыр дейді.

– Есіңізде болса, президенттің сол кездегі көмекшісі Григорий Марченко сайлау әділетсіз өтті деді. Енді Жармахан Тұяқбайдың аузынан естіп отырмыз. Егер де мемлекет басшысы осы мәлімдемелерді ескеріп, қайта сайлау өткізуді белгілемесе, әділетсіз сайлау өткізуге бірден-бір себепші адам – президент деп түсінеміз. Назарбаевтың бірінші конституциялық міндеті – сайлаудың әділетсіз өткендігіне тексеру жүргізіп, қорытындысын кері шегеру. Оған қатысты адамдарды жауапқа тартып, елімізде жаңа сайлау тағайындау, – деді Сәрсенбайұлы.

Ал Азаматтық партияның жетекші Азат Перуашевтің пікірінше, әр партия ішкі пікірталасқа, нақты диалогқа дайын болу керек. "Жармахан Тұяқбайдың партия қатарынан шығуы "Отан" партиясына да, Жармахан Тұяқбайға да сәтті қадам емес" дейді ол.

ҚДТ халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова: "Бұл елімізде билікте береке-татулық жоғын дәлелдеп отыр. Ермегияевтің сайлауға беріп отырған бағасын объективті баға деп қабылдауға болмайды. Өйткені Ермегияевта одан басқа жол жоқ. Ал Жармахан Тұяқбайдың бұл мәлімдемесі биліктегілерге бір ой салады деп айтудың өзі қиын" деді.

XS
SM
MD
LG