Accessibility links

Ғалымдар Петропавл қаласына Қызылжар немесе Абылай атын беру мәселесін көтеруде


Петропавл қаласының қазіргі атауын өзгертіп, қаланың тарихи Қызылжар атауын қайтару мәселесі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бірнеше мәрте көтеріліп келеді. Кейінгі кезде ол басқа да қырынан қойыла бастады. Кейбір зерттеушілер қалаға Абылай ханның атын беру керек деген ұсыныс білдіруде. Алайда, Петропавл деген атауды өзгерту Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін деушілер де бар.

«1925 жылы Смағұл Сәдуақасов Халық ағарту министрі болып тұрған кездің өзінде құжаттар «Қызылжар қаласына»,«Қызылжар веттехникумына » деп келеді екен. Осылайша 6-7 ай бойы келіп тұрған. Ал басқа құжаттарда, мұрағаттарда Қазақстан Үкіметінің немесе Қазақстанның сол кездегі жоғарғы кеңесінің шығарған қаулысы жоқ. Бұның қалай екені түсініксіздеу. Ал енді Қызылжардың Қызылжар болатын жөні бар. Тіпті, Ресейдің архивтерін қарап отырсаңыз «әулие Петр», «Петр ағзам» бекінісі деп, одан кейін «Петр Павл» бекінісі деп орысша айтқан күннің өзінде жердің аты-Қызылжар деген сөздер бар», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Зарқын Тайшыбаев.

Кейбір тарихшылардың айтуынша, жас жігіт кезінен ел басқарып, сұлтан болып, хан болып тұрған шағы, Абылайдың Абылай болған кезі - Қызылжар өңірі, сондықтан Абылай атын берген де орынды деген пікірлер де айтылуда. Тарихшы Хангелді Әбжанов Петропавл қаласын тікелей Хан Абылайдың есімімен байланыстырады. «Сол қалада Абылайдың ақ үйі тұр. Ол Абылайдың үйі екені архив құжаттарымен де дәлелденді. Сондықтан бұл қалаға не тарихи атауын қайтаруымыз керек, не Абылайдың атын беруіміз керек», - дейді.

Ал доцент Зарқын Тайшыбаев Шағын ғана облыс орталығының атын Абылай атымен атау тым олқы көрінеді, сол себепті Абылайдың атын үлкен қалалардың біріне бергеніміз орынды деп есептейді. «Абылайдың атының мәртебесі менің ойымша, Қызылжардан да жоғары болуы керек. Сондықтан Петропавлға Қызылжар атын беріп, Абылайдың аруағының алдында Қызылжар деп айтқанымыз дұрыс болады. Қазақстанның астанасы неге Абылай болмасқа. Мәне, осы туралы мәселе көтеруіміз керек. Астана дегеніміз Астана – жалпы есім, ал оны жалқы есімге ауыстыратын болсақ «Абылай қаласы» деген Астанаға келіп тұр», - дейді Зарқын Тайшыбаев.

Петропавл қаласының тарихи атауын қайтару мәселесіне орай «Навигатор» интернет-газеті « Ресейдің Оңтүстік-Орал теміржол желісі Петропавлға келіп тұйықталады. Ендеше қаланың атын өзгертуге Ресей қалай қарайды екен?», - деп жазады. Осыған байланысты тарихшы Хангелді Әбжанов «Қала атауын қалай өзгертеміз десек те құқымыз бар, өйткені бұл мемлекеттің ішкі мәселесі. Егер біз Ресей олай қарайды екен, Қытай былай қарайды екен, Америка үйтеді екен, басқа мемлекет бүйтеді екен деп жүре берсек, онда біздің елімізде ұлттық негізіміз, ұлттық ұғым-түсінігіміз ешқашан да оңға баспайды. Тіпті әрі-беріден соң Петропавл қаласы әлемдік деңгейдегі басқа бір мемлекеттерді толғандыратындай үлкен қала емес, ол шағын облыс орталығы ғана. Одан Ресейге келіп кететін зиян, қорлау, мазақтау жоқ. Ресейдің өзінде де талай қалалар өзгеріп кетті. Олар ауыстырғанда біз ренжімейміз, ал біз ауыстырғанда олар ренжиді деп отыра береміз бе? Біреудің көңіліне қараған деген керек шығар, бірақ көңілшектікті қою керек», - дейді.

Ал Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыр Ыбыраев «Осы мәселеге орай шындығында да Ресей тарапынан келіспеушіліктер тууы мүмкін. Өйткені, Оңтүстік-Орал теміржол желісі осы Петропавл арқылы өтеді. Қиындау болатын шығар», - дейді.

«Біріншіден, кез-келген тәуелсіз мемлекет өз жеріндегі қаласының атын өшіремін десе де, өзгертемін десе де ешкімнің қатысы жоқ. Екіншіден, көршілес Ресей елімен мәңгілік достығымыз ондай ренішке жол бермейді», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Зарқын Тайшыбаев.
XS
SM
MD
LG