Accessibility links

«Қазақ тілі» қоғамының құрылтайын өткізу мерзімі кейінге қалдырылды


Қазақстан тәуелсізік алғаннан кейінгі жылдары құрылған «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайының өтетіндігі туралы әңгіме біраз уақыттан бері бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде айтылып келгені аян. Алайда құрылтай өткізудің мерзімі әр түрлі себептермен кейінге қалдырылып келді. Өткен аптада республикалық «Ана тілі» және тағы да басқа бірқатар ресми басылымдарда «Қазақ тілі» қоғамының кезекті құрылтайының 27 қазан күні өтетіндігі хабарланды. Біз осыған байланысты дүйсенбі, яғни қазанның 25 күні «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Өмірзақ Айтбайұлына хабарласқан кезімізде, ол құрылтайдың өтетін мерзімінің кейінге қалдырылғандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Астанадағы кейбір шенеуніктер, өтініш жасағаннан, кейін, құрылтай өткізуді кейінге қалдыру туралы ұйғарым жасалынған.

Біз осы мәселеге байланысты «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Өмірзақ Айтбайұлына тағы да біраз сауал қойғымыз келген. Алайда Өмірзақ Айтбайұлы дәл қазір уақытының жоқтығын, екі-үш күн өткеннен кейін хабарласуымызды өтінді.

Дегенмен, зиялы қауым өкілдерінің арасында «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайының өтетін мерзімінің кейінге қалдырылғандығына разы еместер де бар екен. «Мемлекеттік тілге –құрмет» атты қоғамдық ұйымның төрайымы Асылы Әли Османқызы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, құрылтай өткізудің мерзімін кейінге қалдыра бергенге, көңілі толмайтындығын білдірді. «Мамырда өткіземіз деді, сосын оны шілдеге, тағы тамызға қалдырды. Енді міне тағы да «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайын өткізу кейінге қалдырылды. Жалпы кез-кезген істің айтылған мерзімінде, хабарланған уақытында өткізгені абзал ғой» деді «Мемлекеттік тілге – құрмет» атты қоғамдық ұйымның төрайымы Асылы Әли Османқызы.

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, «Қазақ тілі» қоғамының «үкімет қаржы бермей жатыр» деген желеумен, өз құрылтайын өткізуді кейінге қалдыра беруі, оның қоғамдық ұйым болып табылмайтындығын аңғартады. Оның айтуынша, «Қазақ тілі» қоғамы тілдің дамуына өз үлесін қосып белсенділік таныта алмай келеді. Сол себептен де Дос Көшім мұндай ұйымның қоғамға, қажеті жоқ деп санайды.

Алайда бұл пікірмен келіспейтін Алматы облысы, Панфилов ауданы «Үшарал» ұжымшарының, тоқсаныншы жылдардың басында құрылып, кейіннен жабылып «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Талғат Ыбырайымұлы керісінше «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жандандыру қажет деп есептейді. Оның айтуынша, «Қазақ тілі» қоғамы осы ауылда жұмысын тоқтатқаннан бері, өз ауылында мемлекеттік тілге деген құрмет те төмендеп кеткен.

Ал, Қостанай облысы, Арқалық қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әуезхан Жүсіпұлы «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына әкімшілік тарапынан жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келетіндігін айтты.

Қалай болған күнде де «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайының өтетін мерзімі кейінге қалдырылды. Дегенмен келешекте, «Қазақ тілі» қоғамының қаншалықты жақсы жұмыс жасай алатындығын алдағы уақыт көрсетер.
XS
SM
MD
LG