Түркістан қаласында түркі тілдес елдердің туризмді дамыту жөніндегі құрылтайы өтуде. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұйымдастырған бұл құрылтай Қазақстанда бірінші рет өткізіліп отыр. Оған Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғыз Республикасының туризм саласының мамандары қатысуда. Құрылтайға қатысушылар «Жібек жолы« бойындағы ежелгі қалаларға халықаралық саяхат маршруттарын ашу, соған сәйкес инфрақұрылымдық жүйе жасау және инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті Құлбек Ергөбектің айтуынша, қазір туризм арқылы бюджетке мол қаржы түсіріп, халқының әлеуметтік жағдайын көтеріп отырған елдер бар. Бұл саланы өсіруге Қазақстанның да мүмкіндігі зор. «Тұңғыш құрылтайдың Түркістанда өткізіліп отырған себебі- көне Түркістан Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан»,-дейді Құлбек Ергөбек.
Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университеттің туризм кафедрасының меңгерушісі Әбдіманап Жолдасбековтың айтуынша, Жібек жолы бойындағы аймақты туризм саласына қажетті мамандармен жабдықтау ісі кемшін түсіп отыр. Оған шамамен екі мың маман қажет болса, бүгінге дейін 120 ғана кадр арнайы оқу орнын бітірген. «Соған орай халықаралық дәрежедегі мамандар дайындау үшін көршілес елдермен тәжірибе алмасуды дұрыс жолға қойған жөн,-дейді Әбдіманап Жолдаспаев.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің археология кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Байтанаев Қазақстанда туризмның кенже қалу себебінің бірі- жарнамалық материалдардың, үгіт-насихат жұмыстарының аздығынан деп есептейді.
Қазақстанның «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының вице-президенті Сұлтан Табынбаевтың айтуынша, кәсіпорын «Тұран-Азия» туристік фирмасымен бірігіп «Жібек жолы» бойындағы ежелгі қалалар маршрутымен шетелдік туристерді қыдыртуды бастаған көрінеді. Құрылтай қарсаңында туристік пойыз кезекті сапардан оралды.
Құрылтайға қатысқан Мұхтар Әуезов атындағы университеттің археология кафедрасының меңгерушісі Шымкент қаласының тарихы тым әріде екендігін, сондай-ақ Жібек жолы бойынан ежелгі қалалардың бір шоғыры табылғандығын хабарлады.
Құрылтайға қатысқан Құлбек Ергөбек бас қосуда туризмге қатысты ғана емес тарихқа, археологияға қатысты мәселелер де кеңінен қамтылғандығын айтады.
Қазанның 23-інде құрылтайға қатысушылардың Түркістан қаласы-Арыстанбаб кесенесі- ежелгі Отырар-Сайрам - Шымкент-Тараз- Бішкек- Ыстықкөл-Алматы бағыты бойынша саяхатқа шығуы жоспарланып отыр.
Қазақстанда ежелгі «Жібек жолы» бойымен сахат жасаудың мүмкіндіктері қарастырылуда
- Ескендір ЕРТАЙ