Accessibility links

О.Сүлейменов: «Семей өңіріндегі халықтың әлеуметтік ахуалын көтеруге шындап кірісетін кез келді»


Сейсенбі, қазанның 26-сы күні «Неведа-Семей» антиядролық қозғалысының өкілдері Алматы қаласында бас қосып, осы уақытқа дейін жасаған жұмыстары жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарлары турасында пікір алмасты. «Семей полигонының жабылғанына 15 жыл өтсе де, сол аймақ халқы тартқан радиациялық зардап толығымен жойылып бітті деп айтуға әлі ертерек» дейді «Неведа-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов. Осы қозғалыстың Қарағанды қаласындағы бөлімінің төрағасы Марғұлан Қамиұлы: «Қазақстанның радициялық кеселге шалдықпаған өңірі жоқ. Республиканың барлық облысы ядролық сынақты бастан кешірген. Бұл ретте Қазақстанда ядролық зардап қалдықтарын жою жөнінде тікелей президентке бағынатын орган құру қажет» дейді.

«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменовтың айтуынша, Қазақстанның 1989-шы жылы жасаған ядролық қарудан, жалпы алғанда жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту бастамасын көптеген ядролық қаруды ары қарай жетілдіруші мемлекеттер қостамаған. «Біз сол кезде Қазақстандық бастаманы өзге де мемлекеттердің парламенті үлгі тұтар деген үміт жетегінде болдық» дейді Олжас Сүлейменов:

- Сол кезде біз Қазақстандық үлгіні әлемнің барлық еліне де ашық сипатта жасадық. Сол мемлекеттердің парламенттері еліктейтін шығар деп ойладық.

Бүгінде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының өкілдері 2005-ші жылдың мамыр айында Алматы қаласында өтеді деп жоспарланып отырған «ядролық қарусыз 21-ші ғасыр» деп аталатын халықаралық конгреске дайындалуда. «Осы жиында әлем елдерін ядролық қаруды таратпау, оның қандай түрінен болсын бас тартуға тағы да шақырмақпыз. Бұл ретте бізде азды-көпті тәжірибе бар» дейді қозғалыс жетекшісі, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов:

- Біз әлем жұртшылығын көтермекпіз. Ондай тәжірибе жоқ та емес.

Сондай-ақ Олжас Сүлейменов Семей өңіріндегі бүгінде қалыптасып отырған радиациялық, экологиялық ахуалды өте нашар деп бағалап отыр. Бұл пікірді «Жасыл ғаламшар үшін экологиялық қозғалыс» атты республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұсағали Дуамбеков те толықтай қуаттайтынын жеткізді:

- Радиацияның адамның денсаулығына зиян екенін елдің барлығы біледі. Ол мынау жаңадан туылып жатқан мүгедек балалар, тірі жүрген адамдардың бойындағы өкпе ауруы сияқты нәрселерден-ақ көрініс беруде. Міне осылардың барлығы радиациялық жарылыс әсерінен болып жатыр. Сондықтан біз ең алдымен осы қалдықтарды қалпына келтіруге тиіспіз. Ол өте күрделі мәселесі. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанда «қалдық туралы» заң қабылдауымыз керек. Үкімет жол жабаға үлкен қаржы бөлуге тиіс. Халықаралық ұйымдарды соған тарту керек. Солардан қаржы алу қажет. Оның барлығы оңайлықпен істелінетін шаруа емес.

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының Қарағанды қаласындағы бөлімінің төрағасы Марғұлан Қамиұлының айтуынша, Қазақстанда экологиялық ахуалды қалпына келтіру ісі жүйелі түрде жүргізіліп отырған жоқ. «2002-ші жылы Қазақстан республикасының қоршаған ортаны қорғау министрлігінің табиғатқа залал келтірген заңды, заңсыз тұлғаларға айыппұл есебінде төлеткен сомасы 8 миллард теңгені құрайды. Ал табиғатты қалпына келтіру мақсатына осы қаржының мардымсыз бөлігі ғана жіберілген» дейді Марғұлан Қамиұлы:

- Әлгі қаржының тек 20 пайызы ғана табиғатқа кету керек деді. Менің ойымша бұл дұрыс емес. Анығында, сол қаржыны тұтастай табиғат игілігіне жұмсауымыз керек. Өйткені, Қазақстанның экологиялық жағдайы өте нашар. Бізде бір жерде сау аймақ жоқ. Бүгінде жер бетінде жиналған 21 млрд. тонна өндірістік қалдық бар екен. Оның 5,4-і нағыз зақым келтіретін болып табылады. Оның үстіне Байқоңырдан ғарышқа ұшып жатқан зымырандардан қалатын гиптил деген қалдық бар. Қазақстандағы сондай қалдықтың өзі 2 мың тоннаға жетіпті. Оның мың да бір бүтіні адамды сеспей қатырады.

40 жылға жуық ядролық сынақ жүргізілген Семей өңіріндегі радиациялық ахуал, жалпы халықтың денсаулығына қатысты түсінік алу мақсатымен біз Семей қаласындағы радиология институтына хабарласқан едік. Осы институт директорының орынбасары Борис Гусьевтің айтуынша бүгінде Семей даласында нағыз сынақ жүргізілген тұста тікелей радиация зардабын тартқан буын өкілдері о дүниелік болып кеткен. «Қазір біз тұқым қуалап атадан-балаға берілген сол буынның балаларының, немерелерінің өмірі, солардың болашағы үшін жан салып жұмыс істеп жатырмыз» дейді радиология институты директорының орынбасары, профессор Борис Гусьев:

- Генетикалық жағынан әсер ету мәселесі қазір ең бір өзекті мәселе болып тұр. Біз осыны шешуге күш салып жатырмыз.

Сейсенбі, қазанның 26-сы күні Алматы қаласында бас қосқан «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының өкілдері арнайы қарар қабылдады. Ол құжат алдағы уақытта Қазақстан республикасының үкіметіне, сондай-ақ бірқатар мемлекет басшыларының назарына ұсынылмақ. «Невада-Семей» қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов: «аталған құжаттың негізгі мазмұны – Қазақстан мен Жапонияда орын алған ядролық қасірет енді ешқандай жерде қайталанбасын дегенге саяды» деп отыр.
XS
SM
MD
LG