Accessibility links

Б.Ұ.Ұ.-ның террорға қарсы күрес мәселелері бойынша жоғары лауазымды қызметкері әлем елдерін террорлық қауіпке көбірек назар аударуға үндеп отыр


Террорлық әрекеттердің алдын алу, террорды қолдаушылардың жолын кесу мәселесінде түрлі елдегі қауіпсіздік қызметтері мен полиция арасындағы ынтымақтастықтың тығыз болу қажеттілігіне Біріккен Ұлттар Ұйымы (Б.Ұ.Ұ.) мен Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) ерекше көңіл бөле бастады. Б.Ұ.Ұ.-ның террорға қарсы күрес мәселесі бойынша жоғары лауазымды ресми қызметкері Хавиер Руперез өткен аптада Австрия астанасы Венаға арнайы сапармен келіп, бұл мәселені осындағы ЕҚЫҰ жетекшілігімен талқылаған еді.

Хавиер Руперез Б.Ұ.Ұ.-ындағы террорға қарсы комитеттің жаңа Атқарушы Басқармасының жетекшісі боп табылады. Оңын өткен аптада Венаға жасаған сапары Б.Ұ.Ұ. Қауіпсіздік Кеңесінің террорға қарсы комитет жұмысын қайта жандандыру талабын жүзеге асыру аясында, Венада орналасқан ЕҚЫҰ жетекшілігімен және осындағы Б.Ұ.Ұ. өкілдігінің қызметкерлерімен кездесулерде өтті.

Б.Ұ.Ұ.-ындағы террорға қарсы комитеттің жаңа Атқарушы Басқармасы биыл ғана құрылды. Бұл басқарманың алдына қойылған негізгі мақсат - ұйымға мүше әр ел террорға қарсы шаралар ретінде бірыңғай заң қабылдауы керек деген Б.Ұ.Ұ. Қауіпсіздік Кеңесі 2001 жылы қабылдаған талаптың қай елде қаншалықты орындалғанын қадағалау, бұл талаптың орындалуына күш салу.

Венадағы ЕҚЫҰ-ның жиынында сөз алған Хавиер Руперез террорды ауыздықтаудың ең ұтымды жолы террористерді дайындау лагерлерін жою және есірткі саудасы, адам саудасы іспетті террорлық әрекеттерді қаржыландыру көздерін жою деп атап өтті.

Бұл тұрғыда Ұ.Ұ-ның аталмыш ресми қызметкері әлем елдері террорға қарсы күресте біртұтас шеп құра алмай отырғанын атап өтті. Руперез көп мәселенің әлі де тек сөз жүзінде қалып отырғанын, жекелеген мемлекеттердің өзіндегі заңдарды біртұтас талапқа сай келтіре алмай отырғанын ескертті.

Террорлық шабуылдың болуын күтіп отырудың қажеті жоқ, халықаралық деңгейде оның алдын алу қажет, - деп мәлімдеген ЕҚЫҰ-ның жиынында Б.Ұ.Ұ.-ындағы террорға қарсы комитеттің жаңа Атқарушы Басқармасының жетекшісі Хавиер Руперез. Хавиер Руперез террорға қарсы күресте өзара ақпарат алмасудың маңыздылығын атап өтті. Б.Ұ.Ұ.-ның мәліметтеріне қарағанда, әлемде 80-нен астам террорлық топтар мен ұйымдар бар, бұлар әлемнің әр түпкірінде әрекет етеді. Хавиер Руперездің айтуынша, терроршылардың пиғылын мерзімінен бұрын аңдап, оның алдын алу үшін түрлі елдердегі құпия қызметтер мен полиция өзара ақпарат алмасып үйренуі керек.

Б.Ұ.Ұ.-ның террорға қарсы күрес мәселелері бойынша жоғары лауазымды қызметкері ЕҚЫҰ-ның халықаралық террорға қарсы күресте алдыңғы шепте екенін айта келе, халықаралық деңгейдегі контейнерлік жүк тасымалын бақылаудың жаңа амалдарына байланысты ЕҚЫҰ-ның бастамасын қолдап өтті.

Б.Ұ.Ұ.-ның мәліметтеріне қарағанда, әлемдегі жүк тасымалының 90 процентке таяуы осы контейнерлік тасымалға келеді. Ал мұндай жүкті тексерудің өзіндік қиындықтары, кемшін тұстары да бар екені мәлім. Б.Ұ.Ұ.-ның террорға қарсы күрес мәселесі бойынша жоғары лауазымды ресми қызметкері Хавиер Руперездың сөзінше, бұл жағдайды есірткі тасымалы, адам саудасымен айналысатындар пайдалануы мүмкін. Ал бұл заңсыз әрекеттер терроризмді қаржыландырудың басты көздерінің бірі,- дейді ол.

Адам саудасы, есірткі тасымалы, арам ақшаны заңдастыру, жемқорлық, осы аталғанның қай-қайсысына қарсы күрес террорға да қарсы күрес болмақ,- дейді Б.Ұ.Ұ.-ындағы террорға қарсы комитеттің жаңа Атқарушы Басқармасының жетекшісі Хавиер Руперез.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG