Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-27-2003


Мерзімді басылымдар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі күндік ресми сапармен Швеция Корольдігіне келгендігін хабарлапты. Сондай-ақ сәрсенбі күні жарық көрген баспасөз бетінде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелері және Алматы қаласын ірі қаржы орталығына айналдыру туралы мәселенің қозғалып жатқандығы сөз болыпты.

“Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” басылымдары 25 қазанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі күндік ресми сапармен Швеция Корольдігіне келгендігін хабарлап отыр. Осыған орай аты аталған екі басылымның бірінші бетінде Мемлекет басшысының Швецияға іссапары туралы көлемді мақала беріліпті.

“Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Мейрамбек Төлепбергеннің Стокольм қаласынан жасаған арнайы репортажында Қазақстан мен Щвеция арасындағы қарым-қатынас тарихының 1992 жылғы 16 қаңтарда, Қазақстан тәуелсіздік алған тұстан басталғандығы тілге тиек етіліпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 12 миллион долларды құрайды. Нұрсұлтан Назарбаев Швецияның премьер-министрі Иоран Персонмен кездескен кезінде, “Біздің ел ерекше ел. Жерасты табиғат байлығы орасан зор. Таяу он жылдықта Қазақстан Еуропа елдері үшін ірі жабдықтаушы ел болады” дегенді айтқан. Мақала авторының айтуынша, Қазақстанда швед капиталының қатысуымен екі бірлескен кәсіпорын және жеті швед фирмасы жұмыс істейді екен. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Швецияда болған іссапарында қазақ диаспорасы өкілдерімен де кездескен.

“Казахстанская правда” газетінің тілшісі Алевтина Донскихтың арнайы репортажында Швецияның премьер-министрі Иоран Персонның Мемлекет басшысымен кездескен кезінде, демократия мәселесіне айрықша тоқталып, оның жақсы экономика мен тұрғындардың өмірін жақсартудың негізгі кепілі болып табылатындығын атап өткендігі хабарланыпты. Мақала авторының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев журналистермен кездескен кезінде, “станмен” аяқталатын елдердің ішінде Қазақстанның экономикасы мен саяси үрдісінің ерекше дамып келе жатқандығын атап өткен.

“Заң” және “Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелеріне айрықша назар аударыпты. “Заң” газетінің хабарлауынша, өткен аптада Алматыда бас қосқан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесіне мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің негізгі талқылау нысанасында осы тақырыптың болғандығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, терроризмді дінге, ұлтқа телушілердің арқасында әлем екі лагерге бөліне жаздаған. Газет тілшісі басына сәлде орағандардың бәрі лаңкес дейтін пиғылдан арылмағандардың көзін ашу керек деп есептейді.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасы Алматыда өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесіне мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бас қосуында тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселеріне байланысты маңызды құжаттың қабылданғандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, бұл құжатта әскери-саяси тұрғыдағы әрекеттер, жаңа қауіп-қатерлермен күрес секілді шаралар қамытылған.

Сонымен қатар сәрсенбі күні жарық көрген бірқатар басылымдар Қазақстан Үкіметінің Алматы қаласын ірі қаржы орталығына айналдыруды көздеп отырғандығын хабарлапты. “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы ендігі уақытта Алматы қаласында өз бизнесін жасағысы келетін түрлі шет елдік компанияларға көптеген жеңілдіктер жасаудың көзделіп отырғандығын атап өтіпті. Мақала авторы келтірген деректерде, егер де бұл жоспар жүзеге асса, кейбір компаниялар Алматыға келмей –ақ, өз мекемесін тіркеліп жұмыс жасай алатындығы айтылыпты.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасының хабарлауынша, Алматы қаласы ірі қаржы орталығына айналса, онда Үкіметке бұл туралы арнайы заң қабылдау қажет болады.

“Литер” басылымы болса, “Алматы –қаржы орталығы” деген арнайы заң қабылданса, көптеген заң актілеріне өзгертулер енгізуге тура келетіндігіне баса назар аударыпты. Мақала авторының айтуынша, мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының “Банк және Банк жүйесі” туралы заңындағы шет ел капиталын тартуға шектеу қою туралы баптардың бәрі де өзгеріске түседі.

“Экспресс К” газетінің хабарлауынша, Алматы алғашқы кезде аймақтық мағынадығы қаржы орталығы болады. Алайда уақыт өте келе Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Орта Азия елдерінің қаржы орталығына айналады.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Айқын” газетінің сәрсенбілік санында “Алматыны ағылшындарға береміз бе?” атты көлемді мақала жарық көріпті. Мақала авторы Айхан Шәріптің айтуынша, осыған байланысты өткізілген баспасөз мәжілісінде Қазақстан Республикасының премьер-министрі Даниял Ахметов Алматыны қаржылық орталық деп жариялау арқылы егемендіктің белгілі бір бөлігін жоғалтып алуға тура келетіндігін атап өткен.

Даниял Ахметовтың айтуынша, келешекте Алматыда ағылшын тілі жетекші тілге айналады. Сондай-ақ Даниял Ахметов қаржылық орталыққа тіпті мемлекеттік басқарушы қадағалаушы институттарының да құзырының жүрмейтіндігін жеткізген. Мақала авторы осыған орай өз мақаласының соңында, әлемнің әр түкпірінен, Қазақстанға жаппай қоныстануға тиісті бай-ақсүйектер келеді, ал байырғы алматылықтар тоқалдан туғандай күн кешеді. Өйткені Алматы қаласын ендігі уақытта ағылшын тілі әлилейді. Алматыдағы тұрғын-жай бағасы да аспанмен бой теңестіріп баспананы тек шет елден келген байлар алып, жергілікті халық далада қалады” деген ой айтыпты.
XS
SM
MD
LG