Accessibility links

«Азаттық радиосының» Астанадағы редакциясына өздерін заңсыз сотталғандар тобы деп атаған бір топ адам шағымдарын айтып келді.


Бұл адамдар Астанаға Қазақстанның жан-жағынан жиналған. Шағымданушылардың біразы бірнеше жыл бойы өз құқықтарын дәлелдеу үшін, бірнеше табалдырық тоздырғандар. Бірақ, әзірге ешбір нәтиже жоқ дейді, - олар. Өзін осы топтың үйлестірушісі деп таныстырған Валерий Карпусевичтің мәліметінше, олардың қолдарында барлық деңгейдегі прокуратура жұмыскерлерінің және көптеген басқа да мекеме шенеуніктерінің кәсіби төмендігін дәлелдейтін көптеген құжаттары бар. Құжаттардың сыртында, сөзімізді айғақтайтын дыбыс және бейне таспаларымыз бар, - дейді шағымданушылар. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бөлім меңгерушісі Талғат Берекетов орталыққа түсетін шағымдардың басым көпшілігі құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты екендігін мойындап отыр:

- Бірінші орында әлеуметтік мәселелер. Сот шешімімен келіспегендер.

Шағымданушылардың пікірінше, қылмысты істердің ішіндегі біреуінде, адам өлтірген адамның орнына кінасыз жігіт 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Адам өлтірілген суық қаруда оның саусақ таңбалары табылмаған. Көптеген куәлар да сотталған адамның кінасыз екендігін құптаған. Сотталған баланың анасы шарасыздықтан өзін өзі өртемекші болған. Тағы бір топ шағымданушылар Астанадағы құрылыс компаниясының салып жатқан ғимаратын жарып жібереміз деп бірнеше баллон газ дайындап қойыпты. Құрылыс компаниясына берілген аумақтың ортасында қалған 8 адамнан тұратын жанұя мүшелері біздің үйді қирататын болса, орнына Астанадан пәтер алуға жететін қаражат беріңдер деген талап қойған. Құрылыс компаниясының басшылығы ұсынған 32 мың доллар тіпті бір бөлмелі пәтерге жетпейді, - дейді шағымданушылар. Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Гүлбаршын Үсіпбекова, бірнеше айлық еңбекақысын және жер учаскелерінің пайларын қайтара алмай жүр:

- Өтірік қағаз беріп, менің жерімді тартып алды.

Арқалықтан келген Айман Тоқаева әкімнің бұйрығымен амбулаториядан қуылдым деп шағымданып отыр:

- Менің жанұялы амбулаториямды қазіргі әкім Жомарт Түбекпаев өзінің жерлесіне әпергісі келіп, менің ізіме түсті.

Басқа жағдайларда да осыған ұқсас жайттар. Шағымданушылар соттардың әділетсіздігіне, құжаттардың жасанды түрде өзгеруіне, құқық қорғау органдары жағынан көрсетілген қысымға наразы. Егер, президентпен кездестірмесе, біз оның резиденциясынан шығатын машиналардың жолын жауып тастаймыз, - дейді шағымданушылар. Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің мәліметінше, шағымданып жүрген топ үйлестірушісіне нақты жауап берілген:

- Бәрі қаралған. Сот үкімі заңды және негізді деген барлық органдар сондай шешім шығарған. Сондықтан оның әрі - бері жүгіріп жүргенін адам түсініп болмайды.

Шағымданушылар, - «Дереу түрмелдерде отырған туыстарымызды босатуды талап етіп отырған жоқпыз, біз олардың істері сотта заң жүзінде әділетті қаралуын сұрап етіп отырмыз», - дейді. Шағымданушылардың істерін зерттеген Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бөлім меңгерушісі Талғат Берекетов бұл туралы былай деді:

- Сот шешім шығарған соң, оның астында басқа органдарды біз қалай басқа мемлекеттік органдардың іс - әрекетін қарастырамыз. Біз тексеріп кемшілік тапқанда да, сот шешіміне кеп тіреледі.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің пікірі де осыған ұқсас:

- Қылмыстық істермен азаматтық істерді адам құқықтары жөніндегі комиссия болсын, басқа болсын, мемлекеттік органдардың қарауға құқысы жоқ. Конституция бойынша сот тәуелсіз.

Шағымданушылардың сөзіне сүйенсек, наразылық білдіре бастағалы олардың кейбіреуінің өмірінде өзгерістер бола бастады. Біреуіміздің үйімізге сот атқарушылары келіп, мүлкін жазып кеткен. Келесі біреуінің саяжайын су басып кеткен. Біреуінің сиырын улап тастаған. Енді біреуінің үйіне ұрылар түскен, тағы бір әйелдің қызын зорлап кеткен. Осы оқиғалардың барлығын шағымданушылар өздерінің наразылықтарымен байланыстырып отыр.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG