Accessibility links

АҚШ-тағы президенттік сайлау нәтижесіне қазақстандық саясаттанушылар алаңдап отыр


Филадельфиядағы сыртқы саясат институтының басқарма мүшесі Дэвид Лактерхендтің АҚШ-тың Қазақстанға әсеріне арналған еңбегінде АҚШ Қазақстанды Таяу Шығыстағы мұнайға балама ретінде қарастырып отыр делінген. АҚШ-тың Орта Азия аймағындағы қызығушылықтары бірінші кезекте, Каспийдің мұнай ресурстарымен байланыстырылып отыр. Вашингтон бұл орайда Астанаға қолдау көрсетуге тырысып келеді дейді кейбір сарапшылар. Мысалы, Құрама Штаттары Бакудан Түркиядағы Джейхан портына дейін апаратын мұнай құбырының құрылысын қолдаған. Мақсат - Ресей және Иран территорияларын айналып өту. Осындай экономикалық салалары ұштасып жатқан елдер АҚШ-тағы сайлауға алаңдаушылықпен көз тігіп отырғандығы белгілі.

Ал, қазақстандық саясаттанушылардың бірі Әзімбай Ғалидің жорамалына сәйкес, АҚШ-та кім президент болса да, Қазақстанға қатысты сыртқы саясат өзгерістерге ұшырамайды:

- Сайлау қандай болса да демократтар келсе де республикалықтар келсе де АҚШ-тың саясаты көп өзгермейді. Әсіресе, геостратегиялық мүдделері алдыңғы қатарда болады.

АҚШ Кавказ және Орта Азия мемлекеттерін Мәскеуден мейлінше, тәуелсіз ету бағытындағы саясатын жасырмайды, - дейді көптеген саясаттанушылар. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін, Вашингтонға Астананың қолдауы қажет. Сондықтан, Құрама Штаттары Қазақстан экономикасына инвестицияларын аямай отыр, - дейді сарапшылар. Бірақ, бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. 2000-ыншы жылы Құрама Штаттарда президенттік сайлау науқаны басталған кезде, АҚШ-тың 5 штатында болған, өзін оппозицияға жатқызатын журналист Жұмабай Доспановтың пікірінше, кезінде, демократ Билл Клинтон Қазақстанға көп пайда тигізген жоқ. Ал, Буштың сыртқы саясаты Қазақстан үшін, тіпті өзгеше болды дейді Жұмабай Доспанов:

- Америка Құрама Штаттарының соңғы президенті оның әкімшілігі Қазақстанға екі түрлі қарап келді. Бір қарағанда, өздеріне керекті мұнайды алып жатыр да, ал, демократия жөнінде бәлендей пайда әкелді деп айта алмаймын.

Сыртқы саясат демекші, АҚШ-тағы президент қызметінен үміткер Джон Керри демократтар партиясының съезінде АҚШ территориясында кәсіпорын ашатындарға жеңілідктері бар экономикалық режим жасайтындығын айтқан. Қазақстандық саясаткерлердің бірі Дос Көшімнің пікірінше, Қазақстан үшін, демократ Джон Керридің жеңіске жеткені тиімді:

- Керридің келгені Америка беделін көтере ме деген ойым бар. Бұл Қазақстанға да пайдалы, себебі біз өтпелі кезеңде тұрмыз.

Таяқтың екі ұшы бар демекші, сыртқы саясаттың тағы бір қырынан қарап көрейік. 11 қыркүейектен кейін, АҚШ-тың сыртқы саясаты көп жағдайда лаңкестікпен күрес шараларына бағыталғандығы белгілі. Қалай болған күннің өзінде, үміткерлердің қайсысы да президент болса, АҚШ-тың Ирақтан тез арада шыға қоятыны екі талай, дейді сарапшылардың біразы. Екі үміткердің осындай ұқсастықтары көп болғанымен аздаған айырмашылықтары да бар, - дейді сарапшылар. Қазақстандық саясаттанушылардың бірі Әзімбай Ғалидің болжамына сай, Қазақстан үшін, екі үміткердің де тиімді жақтары бар:

- НАТО-ға тезірек кіру немесе мемлекетті нығайту, геостратегиялық мақсатты алға қоятын республикандықтар. Ал, демократтар демократиялық құндылықтарды алға қояды. Мысалы, олар легитимді сайлау және адам құқытарына көп көңіл бөледі.

Ал, қазақстандық саясаткерлердің бірі Дос Көшімнің пайымдауынша, Құрама Штаттарының қазіргі президентінің саясаты Қазақстан үшін тиімсіз:

- Буш әкімшілігінің осы уақытқа дейін істеген жұмысының бәрі Американы негізгі демократиялық ел дегеннен гөрі, агрессиялық бағыттағы әкімшілік есебінде көрсетті деп ойлаймын.

Қазақстандық саясаттанушылардың бірі Берік Әбдіғалиевтің мәліметіне сүйенсек, Буш билік басында қалса, Құрама Штаттарының Орта Азияға қатысты саясаты өзгерістерге ұшырамайды:

- Буш жеңсе, жүргізілген саясат өзгермейді. Экономикалық, прагматикалық саясат жалғаса береді.

Бірақ, АҚШ-тың Орта Азиядағы геосаси қызығушылықтары «Ақ үйді» шалғай жерде жатқан даласы мол Қазақстандағы адам құқықтарының сақталмауына көз жумғызды, - дейді кейбір саясаттанушылар. Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі талқыланғанымен Америка жағы демократиялық дәстүрлері жоқ мемлекетте адам құқықтары мәселесі дамыған Еуропалық елдердегідей дереу өзгеруі мүмкін емес, - деген пікірін әлдеқашан білдірткен дейді олар.
XS
SM
MD
LG