Accessibility links

Сенатор Уалихан Қайсар Үкімет халықтан 1 млрд. доллар тығып отыр дейді


Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «2005 жылға арналған Республикалық бюджет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Келер жылға арналған бюджеттің кірісі 1 триллион 123 млрд. 390 млн. теңгені құрап отыр. Ал шығысы – 1 триллион 75 млрд. 525 млн. теңге. Дегенмен Парламент депутаттары бұл қаржыға қанағаттанбай отыр. Мәжіліс депутаттары бюджетке қосымша 150 млрд. теңге сұраса, Сенат депутаттары елдің әлеуметтік саласына қосымша 95 млрд. теңге қаражат керек дейді.



Келер жылдың республикалық бюджеті биылғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен. Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсімі – 8 процентті құрайды. Қазақстан Үкіметі келер жылы әлемдік мұнай бағасы бір баррель үшін 28,33 доллар көлемінде болады деп отыр. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, келер жылы Қазақстан Президентінің жолдауында көрсетілгендей, әлеуметтік салаға, денсаулық сақтау саласына және білім беруге көбірек мән беріліп, негізгі қаражаттар да осы салаларға бөлінген. Мысалы Экономика министрінің келтірген дәйегіне сүйенсек, білім беруге жұмсалатын шығындар биылғы жылмен салыстырғанда 53 пайызға көбейген.



Үкімет сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен арнаулы жәрдемақылар үстіміздегі жылмен салыстырғанда 30 млрд. теңгеге ұлғайғанын айтып отыр. Келесі жылдан бастап, ең төменгі зейнетақы 6200 теңге болады екен. Бұл ағымдағы жылмен салыстрғанда 400 теңгеге көтерілген.



Дегенмен Парламент депутаттары республиканың әлеуметтік саласына, оның ішінде ауылға әлі де болса Үкіметтің көңіл бөлмей отырғанын айтады. Мысалы Қарағанды, Семей, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаттар сайлаушыларының ауыз-суға жарымай отырғанын тілге тиек етіп, келер жылдың бюджетінде де ауыз-су проблемасын шешу қарастырылмағанын көтеріп отыр. Мысалы Қызылорда облысынан сайланған депутат Бақберген Досмамбетовтің айтуынша, ауыл тұрғындарын былай қойғанда, қала тұрғындарының өздері ауыз-суға жарымай отыр.



Сол сияқты Қарағанды облысының Абай ауданының тұрғындарының ішіп отырған суларынан мерез, сары ауру және гриптің вирустары табылған. Бүгінде осы өңірде 500 ден астам жас балалар сары аурумен ауырып жатқанға ұсқайды. Депутаттардың осылайша көтерген мәселелеріне Үкімет басшысы Даниял Ахметов бір сөзбен – ауыз-су мәселесі шешімін табады деп жауап берді. Оның айтуынша, ауыл бюджетін 10 млрд. теңгеге көбейтіп отыр.



2005 жылдың республикалық бюджетіне қатысты Мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин бюджеттің кірісіне Үкімет қосымша қаржы бөлуі керек деп есептейді. Оның ойынша, Үкіметте қаржы көзі жеткілікті. «Кіріс жағы көбею керек. Кем дегенде Үкімет 70-80 млрд. теңге қосу керек. Бұл қаржыны әлеуметтік жағдайға бөлу керек», – дейді Серікболсын Әбділдин.



Ал сентатор Уалихан Қайсар болса, Үкімет халықтан 1 млрд. доллар тығып отыр дейді. Ол мұны өзінің зерттеуі барысында, көз жеткізгенге ұсқайды. «Кейбір мұнайдың көлемі бір тоннаға 6,3 барелльден келеді. Жеңіл мұнайдікі тоннаға 7,8 барелльден келеді. Ал бюджетке енгізген кезде тек 6,1 барелль деп отыр. Сонда кейбір компаниялардың мұнайы қайда кеткені белгісіз. Егер тыққан мұнайды шығаратын болсақ, кіріс жағын 1 млрд. долларға көбейту керек», – дейді сенатор Уалихан Қайсар.



Уалихан Қайсардың айтуынша, Үкімет мұның алдынғы жылдардағы бюджетті қараған кезде, депутаттардың сұраған қаражатына байланысты млрд.таған қаржы қосып отырды. Ол қаржы осы – тыққан ақшалар дейді, – сенатор Уалихан Қайсар.



2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасының екінші оқылымы алдында қос палатаның депутаттары бірлескен комиссия құрды. Олар онда Үкімет мүшелерімен бірлесіп, келер жылдың бюджетін тағы бір нақтылайтын болады.
XS
SM
MD
LG