Accessibility links

Қазақстан Ташкенттегі террорлық әрекетті дайындауға және атқаруға қатысы бар деген күдікті үш азаматты Өзбекстанға өткізді


Қазақстанның Бас прокуратурасы Ташкент пен Бұхара облысындағы террорлық актілерге қатысы болуы мүмкін деген оңтүстікқазақстандық үш азаматты Өзбекстанның құқық қорғаушыларына табыс етті. Өз кезегінде Өзбекстан жағы террорлық актілерді орындаған қылмысы үшін ұзақ жылдарға сотталған Өзбекстанның екі азаматын Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қолына өткізді. Олар аталған мекеме тарапынан жүргізіліп жатқан қылмыстық іске куә ретінде қатыстырылады.

Өзбекстанның Жоғарғы Соты көктемде Ташкент пен Бұхара облысында болған террорлық әрекеттерге қатысты қылмыстық істі қарады. Сот барысында қылмыстық істерге қатыстылығы жөнінен бірнеше рет есімдері аталған Оңтүстік Қазақстан облысының үш тұрғынын Қазақстанның Бас прокуратурасы Өзбекстанның арнайы қызметіне уақытша табыс еткен. Сонымен қатар Өзбекстан жағы да аталған қылмыстық істерді тергеу аясында Өзбекстанның екі азаматын Қазақстанға уақытша өткізді,- дейді Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Ботакөз Ыбыраева.

Осы мәселеге байланысты түсініктеме беруін өтініп, Қазақстанның Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне өтініш жасағанымызда, ұзақ күттіріп барып, прокуратура басшыларының, әзірге ешқандай ақпарат беруге рұхсат етпей отырғанын мәлімдеді.

Ал, Өзбекстанның құқық қорғау орындары Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ағайынды Әбдінәби және Азамат Қадырахуновтар мен Елмұрат Мамматқұловтың Ташкент пен Бұхара облысындағы террорлық әрекеттерді ұйымдастыру мен іске асыруға қатысқандығын анықтаған. Өзбекстан Жоғарғы Соты қылмыстық істі қарау кезінде, сотталушылардың жауабына сүйеніп, аталған азаматтардың лаңкестердің кездесу орындарын ұйымдастыруға, шетелге шығу жолдарын қарастыру және террорлық актілерді қолдау мен орындауға қатысқандығын әшкерелеген.

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, екі мемлекеттің арасындағы қылмыспен күресу кұрылымдары арасындағы қызметтік іс-тәжірибе алмасулар, террористерге қарсы бірлесіп күрескен жөн. «Террористерді қорғауға және олармен саяси ойын ойнауға болмайды»,-дейді Әзімбай Ғали.

Ендігі жерде ағайынды Қадырахуновтар мен Мамматқұловтар Өзбекстанның Бас прокуратурасы жүргізіп жатқан қылмыстық іс бойынша тергеуге алынатын болады.

Өз кезегінде Өзбекстан жағы Қазақстанға террорлық актілерді орындағандығы үшін ұзақ жылдарға сотталған екі Өзбекстан азаматын өткізіп отыр. Олар Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті қозғаған қылмыстық іске куәгерлер ретінде тартылады.
XS
SM
MD
LG