Accessibility links

Қарашаның 1-інде таңғы сағат 9 шамасында «Интергаз Орталық Азия» кәсіпорнына қарасты құбырдың 52 шақырымында жарылыс болды


Қарашаның 1-інде таңғы сағат 9 шамасында «Интергаз Орталық Азия» кәсіпорнына қарасты құбырдың 52 шақырымында жарылыс болды. Оқиға Батыс Қазақстан облысының Жанғалы ауданында Орал қаласынан 300 шақырым жерде болған. Апат нәтижесінде 3 адам қаза болды және 3 адам әр түрлі жарақат алған. Қазір осы оқиғаны зерттеу үшін, Қазақстанның төтенше жағдайлар міністрлігі өкілінің басшылығымен арнайы комиссия құрылған. Қазақстанның төтенше жағдайлар агенттігінің баспа сөз хатшысы Қайрат Кәрбаевтің мәліметіне сүйенсек, газ құбырының жарылысына байланысты әзірге үш болжам бар:

- Бірнеше өздерінің болжамдары бар. Біріншісі, құбырдың тозғандығы. Екіншісі, жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде мердігер кәсіпорын жұмыскерлері құбыр үстімен ауыр техникамен жүріп, жарылысқа себепкер болған. Үшіншісі, құбырды пайдалану кезінде жіберілген технологиялық қателіктер болуы мүмкін.

Ауыл шаруашылығы міністрлігінің су жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Нұрлан Атшабаровтың мәліметінше, қазіргі құбырлардың сапасы өте төмен. Кезінде ескі құбырларды кейбір нысандарда пайдаланып, оны шет елден әкелген, шет ел болғанда да Қытай, Өзбекстан сияқты елдерден сертификатсыз құбырларды алып келген жағдайлар болған, - дейді ол. Ал, академик Нәдір Нәдіровтың пікірінше, газ құбырында басқа да себептерден жарылыс болуы мүмкін, мысалы, ауа райын болжау және мұхитты зерттеу ғылымдарындағы мінездемелердің орташа көрсеткіштерінен ауытқитын кездері болады, бұд аномалия деп аталады, - дейді Нәдір Нәдіров:

- Аномалияны ешкім есепке алмайды. Мен күтіп отырмын, ресми түрде не айтады екен деп. Бірақ, менің өз ойым бар. Аномалиялық аумақтардағы қуаттарды жоймаса, жарыла береді.

Еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы, табиғи аномалиялар, тозған құбырлар - осыған ұқсас апаттардың себепкері болған жайттары аз емес. Бірақ, Қазақстанның статистикалық агенттігінің мамандары мұндай апаттардың санын есептемейміз деген жауап қайтарды. Құбырлармен жұмыс істейтін мамандардың біразы жарылыстарға құбырдың сапасы себепкер болады, - дейді. Кеңес одағы кезінен қалған құбырларды айтпағанда, Қазақстанға жуырда әкелінген құбырлардың да сапасы сын көтермейді, -дейді мамандар. Мердігерлер арзандығына қызығып, сапасы төмен құбырларды сатып алады. Сөйтіп, құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзады, - дейді олар. Ал, экологтар бұл апаттар табиғатқа үлкен кеселін тигізеді, - дейді. Батыс Қазақстан облысының қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Роберт Сүйірбаевтің мәліметіне сүйенсек, соңғы бес жылда облыста мұндай апат болған емес. Қазір жарылыстың табиғатқа келтірген кеселі зерттеліп жатыр дейді ол:

- Әсерін есептеп жатырмыз, кейін есептеп айтамыз.

Әдетте, экологтар апатқа айыпты болған мердігерге айыппұл төлету үшін, оның кінасын дәлелдеуге тиіс болады. Бірақ, ақша төленген күннің өзінде оның экологиялық мақсаттарға жұмсалуы екі талай, - дейді Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау міністрі Айткүл Самақова. Батыс Қазақстан облысының қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Роберт Сүйірбаевтің мәліметіне сүйенсек, әдетте мұндай жарылыстардан кейін апатқа жауапты кәсіпорын айып пұл төлеуге тиіс болады. Ол қаражат қайда кетеді деген сауалға эколог Роберт Сүйірбаев былайша жауап берді:

- Қаражат түссе, облыстық бюджетке түседі, сосын олар қайдан шығаратынын өздері беледі ғой.

Жарылыс болған құбырлардың иелері «Қазтрансгаз» кәсіпорнының өкілдері жарылыс болған аймақтағы құбырлар «Интергаз орталық Азия» компаниясына берілген, - деді. Ал, Орал қаласындағы «Интергаз орталық Азия» компаниясы бөлімінің бастығы Владимир Лехман жарылыс туралы ақпарат беруден бас тартты. Әзірге, жарылыс себебін зерттеп жатқан комиссия мамандары апаттан кейінгі жанған құбырларды зерттеп жатыр. Нақты сараптама қорытындысы шамамен бір аптадан кейін жасалуға тиіс. Өткен жылы құбырларды ауыстыру және жөндеу жұмыстарына республика бюжетінен 8 миллиард теңге бөлінген. Бірақ, бұл қаражат сала-салаға бөлініп кеткен кезде тым аздық етеді. Ал, мұндай жағдайда, әсіресе, газ құбырларындағы қауіпсіздікті сақтау қиынға түседі, - дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG