Accessibility links

Биылғы жылдың 9 айында Қазақстанның республикалық бюджетіндегі 43 миллиард теңге игерілмеген


Биылғы жылдың 9 айында, мемлекеттік бюджетке 1 триллион 30 миллион теңге түскен. Бірақ, республикалық бюджетте 43 миллиард теңге игерілмей қалған. Қаржы міністрінің орынбасары Азамат Ойнаровтың айтуынша, қаражаттың дер кезінде игерілмеуіне мемлекеттік сатып алу операцияларының тым кеш өткізіліп, тендерлердің кейінге қалдырылуы себепкер болған.

Қазақстан премьер - міністрі Даниял Ахметов қаражаттың игерілмей қалғандығына кінәлі адамдар жауапқа тартылатындығын жеткізді. Кезінде, Заманбек Нұрқаділовте төтенше жағдайлар агенттігіне қаражат сұрағанымен, ол игерілмей қалған, деді премьер. Нақтылай келгенде, еңбек міністрлігінің зейнетақы, және әлеуметтік жәрдемақы бағдарламаларына ескерілген қаражат та игерілмей қалғандығы хабарланды. Ал, Қазақстанның ауыл шаруашылық міністрі Серік Үмбетовтың айтуынша, бұл міністрлік өзіне тиесілі қаражатты биылғы жылдың аяғына дейін игеруге мүдделі:

- Несиеге көктемде шаруа қожалықтарына ақша бергенбіз. Ол желтоқсан айында игеріледі, бидайды сатып алғаннан кейін.

Ал, Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау міністрі Гүлжан Қарақұсованың мәліметінше, бар әлемде, бюджеттік қаражатты игеруде не дефицит не профицит жолдары таңдалады. Ал, біз мүгедектер мен қаза болатындар санының қаншаға өсетінін есептей алмайтындықтан, әдейі артық қаражат қалдырдық, деді Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау міністрі Гүлжан Қарақұсова:

- Бірінші жол, 2,5 пайыз бізде жетпейді. Екінші жол, біз кішкене толығырақ аламыз. Біз екінші жолды алып, әр жылда 2,5 пайыз көбірек аламыз.

Бұл міністрліктің жағымды жаңалықтарынан да бірқатар мәлімет жарияланды. Биыл, Қазақстанда кедейлер деңгейінен төмен тұратын адамдар саны өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға азайған. Сондай-ақ, жағымды жаңалықатр ішінде, екі жылда ауыл шаруашылық саласына 120 миллиард теңге жұмсалғандығы айтылды. Бірақ, ауыл шаруашылығындағы ішкі жалпы өнім 4 пайызға кеміген. Бұған астық өндірісінің азаюы негізгі себепкер болған, деді экономика міністрі Қайрат Келімбетов. Құрғақ жаздың нәтижесінде, астық өнімі 24 пайызға кеміген. Оның сыртында, астықтың негізгі тұтынушылраы Ресей, Украина және Беларуссияда биыл өткен жылмен салыстырғанда көп астық жиналған. Осылайша, Қазақстанның экспорттық мүмкіншіліктері де төмендеп сала берген деп хабарланып отыр. Қазақстанның ауыл шаруашылық міністрі Серік Үмбетовтың айтуынша, астықтың азаюның тағы бір себебі бар:

- Жақсы агротехника, тұқым, технология дайындаған жерден 20-25 центнер алынды. Ал, осыған мән бермеген шаруашылықтар 6-7 центнерден алды.

Келесі кезекте сөз алған Қазақстанның өндіріс және сауда міністрі Әділбек Жақсыбековтың мәліметінше, құрылыс материалдарының өндірісі елдегі тұтунышыларды қанағаттандырмай отыр. Қазақстан көптеген құрылыс материалдарын шет елден жеткізуге мәжбүр, деді ол. Осы мәселені шешу үшін, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар ашылады. Ол үшін, экономикалық мамандар қажет. Премьер - міністр Даниял Ахметов хабарлағандай, экономикалық блоктағы алдыңғы қатардағы барлық міністрлер әлемдегі ең таңдаулы мектептерде бір – екі айлық сабақ алуы ықтимал. Мысалы, Гарвард университетінде 60-70 мың долларға сабақ алуы мүмкін, деді ол сөзін нақтылай келе.

Осындай міністрлерге жататын экономика және бюджеттік жоспарлау міністрі Қайрат Келімбетовтың мәліметіне сүйенсек, аталған кемшіліктерге қарамастан, 2008-інші жылы ішкі жалпы өнімді Қазақстан екі есеге дейін көтере алады. Бірақ, ол биыл Қазақстандағы экономика өсімі мұнай мен түсті металдар бағаларының бұрын соңды болмаған жоғарлауымен қатар келе жатыр, деді. Нәтижесінде, көптеген кәсіпорындар мұнай компанияларынан түсетін тапсырыстарын ұлғатуға мүмкіншілік алған. Көптеген кәсіпорындарда еңбекақы өскен, ал, бұл өз кезегінде жиналатын салық мөлшерінің ұлғаюына сеп болған деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG