Accessibility links

Қазақстанда құлдыққа түсетіндердің 70-80 пайызы әйелдер


Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс және Сайрам жетімдер үйінің түлектері, жастары кәмелетке толмаған 8 қыз баланы қылмыстық топ Шымкенттегі бір пәтерде жыныстық қызмет үшін пайдалану мақсатында ұстап отырғандығы Шымкенттегі №3-ші полиция бөлімшесінің басшысы Еркін Іңкәровтің сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына берген түсіндірмесінен мәлім болды.

Қыздардың үлкенінің жасы – 17-де. Барлығы Шымкент экономика және құқық колледжінің студенттері. Әлі толығымен қолға түспеген делдал-әйелдер оларды алыс және жақын шетелге барып, жұмыс істеп қайтуға шақырады.

- Колледждің қыздарына айтқан ғой: «Егер шетелде жұмыс істегілерің келсе, біздің сендерді орналастыруға мүмкіндіктеріміз бар».

Алайда, қыздардың жастары кәмелетке толмағандықтан, олар өз беттерінше елден шыға алмаған. Сол себептен, қылмыскерлер оларға құжаттар мен виза даярлай бастаған қылмыстың беті ашылады.

- Содан бері бізде тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге 8 қыздың жетеуі табылып, соңғы біреуін анықтау бойынша тергеу іс-шаралары қолға алынуда. Сондай-ақ қылмыскерлер жарым-жартылай қолға түсті.

Жалпы мұндай оқиғалар оңтүстік өңірде алғаш кездесіп тұрған жоқ. Бұған дейін де, мәселен, қазан-қараша айларында әйелдерді құлдыққа пайдалану мақсатында бірнеше оқиғалар тіркелген дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқарамасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Ордабек Омарбаев:

- Мысалы, қазанның 11-де бір әйел Өзбекстаннан әйелдерді алып келіп, осы жерде басқа мақсатта пайдаланып жатыр деп арыз берген. Қазанның 26-да Юлдашева Диана деген азаматша да осы орайда арызданды. Оның айтуынша, оларды сатушы қылып орналастырамыз деп алдап әкеліп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткен.

Халықарылық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің мәліметтеріне қарағанда, Орталық Азияда аптасына адамды құлдыққа сату мәселесі бойынша кемінде 10-шақты шағым түседі. Ал Қазақстан бойынша шілде айынан бергі үш ай аралығында біз 18 адамға жәрдем көрсеттік дейді осы ұйымның үйлестірушісі Кәрима Жанболатова: - 18 адамның 13-і әйелдер екенін ескерсек, кімдердің көбірек жапа шегетіндігі жайлы қорытынды жасауға болады. Құлдыққа түсетіндердің шамамен 70-80 пайызы - әйелдер.

Алайда, бұл шағымдар арқылы құлдыққа түсушілердің жалпы санын анықтауға болмайды дейді саяси ғылымдардың кандидаты, Қазақстандағы адам сату мәселесі бойынша ғылыми еңбектің авторы Айнұр Садықова.

- Себебі, Қазақстанда бұл мәселе бойынша статистикалық мәліметтердің өте аз екенін білесіздер. Халықаралық көші-қон ұйымының деректеріне қарағанда, Қазақстаннан шетелге кететін әйелдер саны 5-7 мың. Ал елдің өзі ішінде құлдыққа түсіп жатқандар саны бүгінгі күнге дейін белгісіз. Себебі, бұл мәселені зерттеу енді басталып жатыр.

Оның айтуынша, әйелдерді құлдыққа сатудың басым бөлігі жезөкшелікпен байланысты.

- Көп елдердің мәліметтерін қарап шықтым, сонда кейбір елдерде құлдыққа түсетін әйелдердің 40-60 пайызы жезөкшелікке салынған. Ал секс-туризм деген сала дамып отырған елдерде құлдыққа түскендердің 90 пайызға дейінгі бөлігі жезөкшелікпен айналасуға мәжбүр.

Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда адам саудасы Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында және Талдықорған, Алматы, Астана қалаларында айрықша белең алған.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG