Accessibility links

Қазанның 10-ы – жастардың халықаралық күні


Қазанның 10-ы – жастардың халықаралық күні. Осыған орай «жастардың бүгінгі жағдайы, оларға көрсетіліп отырған қолдау бар ма?» деген сұрақтар төңірегінде жастар өкілдерін сөзге тартқан едік. Бүгінгі таңда оқу бітіретін студент жастарды жұмысқа орналасу мәселесі алаңдатып отырса, ауыл жастары үшін бос уақыттарын өткізетін мәдени орындардың жабылып қалуы, кітапханалардың жұмыс істемеуі қиындық тудырып отыр екен.

Ауыл жастарының айтуынша, бүгінде ауылды жерлерде жағдай болмағандықтан жастардың көбі кәсіп іздеп қалаға кеткен. Есімін Құралай деп атаған Ақмола облысы, Майшұқыр ауылының тұрғыны «мектеп кезінде оқып жүрген кезімізде ауылда жастар көп болатын, қызықты болатын. 1990 жылдан бері ауылдың жағдайы қиындай бастады, қазір ауылда жастар да қалған жоқ. Ал мен оқу бітіріп келген соң өз мамандығым бойынша ауылда мұғалім болып қалдым. Мұнда бұрынғыдай қызық деп айта алмаймын, анда-санда әріптес құрбылардың туған күндеріне барамыз, «Мәдениет үйі» деген атымен жоқ, оның бәрі кезінде жабылып қалған. Жастардың барлығы кешкілік уақыттарын шылым шегіп, арақ ішумен өткізеді. Қазір тіпті көшеге шығудың өзі қорқынышты», - дейді.

Ал Астанаға қонаққа келген Әйгерім атты мектеп оқушысы «Маған ауылда тұрған ұнайды, бірақ кей кездері ішім пысады. Біз әрине, сабақтан кейін қолымыз босағанда сыныптас оқушылармен бірге түрлі үйірмелерге барып тұрғымыз келеді. Мысалы, тоқу, тігу, спорттық үйірмелер. Бірақ, өкінішке қарай олардың барлығы жабылып қалыпты. Үлкендердің айтуларына қарағанда, бұрындары солардың барлығы жұмыс істеп тұрған екен, қазір олар да жоқ», - дейді.

Ал Астанадағы заң университетінің аты-жөнін атамауымызды сұраған студенті Ақмола облысына қарасты Аршалы ауылынан келген екен. Ол: «Ауылда жүрген кезде мектеп жанындағы клубтарға, кітапханаға барып, уақытымыздың көбін үйде теледидар қараумен өткізетінбіз. Қазір енді Астанаға келіп, оқуға түстім. Жалпы, білім қуып қалаға келген ауыл жастары мен қала жастары арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мысалы, Астаналық балалардың көбі сабақ оқымайды деп айтуға болады. Ал ауылдан келгендер тырысып, сабақтарын оқып жатады», - дейді. Ол Астанада дос қыздарымен бірігіп, бір бөлмені 20 мыңға жалдап тұрады екен. Оның айтуынша, қалаға жақын ауылдарда тұратын жастар үшін қиындық жоқ, ал алыс ауылдардан келгендер үшін қиындықтар болуы мүмкін.

«Бүгінде жастарға деген көзқарас өзгерген, жақсы көңіл бөлініп келеді. Қазіргі кезде жастардың шығармашылық деңгейін көтеру, оларды ынталандыру мақсатында түрлі шаралар өткізіліп жатыр, жаман емес» - дейді Зуһрат есімді жігіт.

Ал Астанадағы гуманитарлық колледжінің студенті Гауһар «жастардың білім мен ғылымға деген құштарлықтары артып келеді, дей тұрғанмен де тиісті жағдай қарастырылмай отыр», - дейді. Оның айтуынша, жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасу жағы да алаңдаушылық тудырып отыр. «Қазіргі заман талабына сай бүгінде ақша басты рольде ойнап тұр. Түрлі мамандық иелері болып жатқан жастардың өз мамандығы бойынша қызмет атқарып немесе жұмысқа орналасып кетуіне кім кепілдік бере алады», - дей келе, бүгінде жастардың алған білімінің негізінде жұмыс істеуіне еш мүмкіндік қарастырылмай отырғандығын айтады. Және ол осы жағына көбірек көңіл бөлінсе деген ойын айтты.
XS
SM
MD
LG