Палестина халқы бүгін өзінің азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресінің лидері Ясир Арафаттың дүние салуына байланысты қайғыруда. Ясир Арафат – бүгін таңертең Францияның әскери госпиталінде 75 жасында қайтыс болды. Оның неден қайтыс болғаны жайында әзірше ешқандай ресми мәлімет жоқ. Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Газа аймағындағы палестиндіктер Палестина автономиясының туын, марқұм лидерінің суреттерін қолдарына ұстап, көшеге шықты. Ясир Арафаттың бірінші көмекшісі Ясир Әбид Раббу ол бастап кеткен іс жалғасатынын атап көрсетті: "Палестина халқын азат ету, астанасы әулие Иерусалим қаласында орналасқан тәуелсіз Палестина мемлекетін құру, Палестина халқының ондаған жылдар бойы көріп келген қорлық-зорлығынан құтқару сынды Ясир Арафаттың алға қойған мақсатына жете алатынымызға біз сенімдіміз”.
Бүгін Рамаллаһта Палестинаны азат ету Ұйымының Атқарушы Комитеті Аббу Махмұдты өзінің төрағасы етіп сайлады. Министрлер кабинетінің мүшесі Ибраһим Әбу Наджа бұрынғы премьер-министрді қолдап бірауыздан дауыс берілгенін хабарлады. Бүгін, сондай-ақ, Палестина парламентінің спикері Раухи Фаттух 60 күнге президент міндетін атқаруға кірісуі алдында ант беруге тиіс.