Accessibility links

Лондондағы халықаралық конференцияға Қазақстанның оппозициялық партиясының жетекшілері қатысты


Өткен жұма күні Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында басталған «Евразиядағы Демократия» атты халықаралық конференцияға қатысқан қазақстандық оппозицияның өкілдері дүйсенбі күні Қазақстанға қайтып оралды. Ұлыбританияның үкімет басшысы Тони Блэрдің демеуімен құрылған халықаралық проблемаларды зерттеу ісімен айналысатын европадағы жетекші аналитикалық орталық «The Foreign Policy Centre» және бұрынғы кеңес одағы кеңістігіндегі демократиялық өзгерістерді қолдау, азаматтардың саяси құқықтарын қорғау мақсатында жаңадан құрылған бейресми ұйым «International Freedom Network» екеуі бірлесіп осы халықаралық конференцияны ұйымдастырыпты.

Бұл халықаралық конференцияға Қазақстаннан «Ақ Жол демократиялық партиясы, Қазақстанның Коммунистік партиясы және Қазақстанның Демократиялық таңдауы халықтық партиясының жетекшілері қатысқан. Ал сондай ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан секілді елдерден де оппозиция өкілдері конференцияға қатысып, өз елдеріндегі саяси жағдай туралы ой бөліскен. Халықаралық жиын жұмысына қәзір қуғында жүрген Қазақстан үкіметінің бұрынғы басшысы Әкежан Қажыгелдин және Қазақстанның Ұлыбритания еліндегі төтенше әрі өкілетті елшісі Ерлан Идрисов қатысқан. Қазақстанның Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдиннің айтуынша конференцияда сөз алған баяндамашылардың көбі Евразия кеңістігіндегі мемлекеттерде тоталитарлық жүйенің күшейіп отырғандығын сөз еткен. Сондай ақ жуырда Қазақстанда өткен парламент сайлауының әділетсіз, дұрыс өтпегендігін Қазақстан жағынан конференцияға қатысушы баяндамашылар айтып берген. Қазақстанның «Ақ Жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов, Лондоннан, дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында конференция барысында Қазақстандық оппозициялық партия жетекшілері үшін болған бір үлкен оқиға ол қәзір қуғында жүрген оппозиция серкесі, Қазақстан үкіметінің бұрынғы басшысы Әкежан Қажыгелдинмен кездесудің өткендігі, кездесу барысында Қазақстандағы ішкі саяси жағдай жөнінде кең әңгіме болғандығын хабарлады. Лондон конференциясына қатысушылар конференция қортындысында, Евразия кеңістігінде тоталитарлық жүйенің күшейіп бара жатқандығына өз алаңдаушылықтарын білдірген ашық хатты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің жетекшілеріне жолдаған.
XS
SM
MD
LG